Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Дохаға арнайы барып көңіл айтуы Қазақстан мен Қатар арасындағы қарым-қатынастың ерекше деңгейін тағы бір мәрте көрсетті. Бұл сапар екі ел арасындағы көпжылдық сенімге негізделген стратегиялық серіктестіктің сабақтастығын айқындады.
Тоқаевтың Дохаға сапары: дипломатиялық қадамның саяси мәні
184
оқылды

Бүгінде Астана мен Доха инвестиция, энергетика, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы және сауда салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтіп келеді. Сонымен қатар, алдағы жоғары деңгейдегі кездесулер екіжақты экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік бермек. Қазақстан-Қатар қатынастарының даму үрдісі, шейх Хамадтың тарихи мұрасы және жеке дипломатияның рөлі туралы саясаттанушы Шарип Ишмұхамедов айтып берді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту үшін Дохаға арнайы баруы Қазақстан мен Қатар арасындағы қарым-қатынастың деңгейі туралы нені аңғартады?

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Дохаға арнайы барып, көңіл айтуы Қазақстан мен Қатар арасындағы қарым-қатынастың ерекше әрі жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Бұл екі елдің саяси, дипломатиялық, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара ынтымақтастығының стратегиялық сипатқа ие болғанын аңғартады. Мемлекет басшысының Қатар басшылығына және халқына жеке өзі көңіл айтуы – екіжақты байланыстардың өзара сенімге, құрметке және берік серіктестікке негізделгенінің айқын дәлелі. Мұндай қадам мемлекетаралық қатынастардың жоғары деңгейін білдіріп қана қоймай, Қазақстанның Қатармен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін де көрсетеді.

Шейх Хамадтың тарихи мұрасы неде және онда Қазақстан мен Орталық Азия елдерімен қалыптасқан қарым-қатынастар қандай орын алады?

- Шейх Хамадтың тарихи мұрасы Қазақстан үшін ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңімен тығыз байланысты. Ол Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын қолдап, тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу кезеңінде сенімді серіктестердің бірі болды. Сонымен қатар оның Қазақстанға көрсеткен гуманитарлық қолдауының да маңызы зор. Елорданың қалыптасуының алғашқы жылдарында әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысына қаржылай қолдау көрсетуі екі ел арасындағы достық пен сенімнің нақты көрінісі болды. Бұл қолдау Қазақстан тәуелсіздігінің бастапқы кезеңінде ерекше маңызды рөл атқарып, бүгінде қазақ-қатар қатынастарының берік негіздерінің бірі ретінде бағаланады.

Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Хамадпен алғаш рет 1999 жылы кездескен болатын. Жеке дипломатия мен саяси сабақтастық ұзақмерзімді стратегиялық әріптестікті нығайтуға қалай ықпал етеді?

- Таяу Шығыс елдері үшін мемлекет басшылары арасындағы жеке байланыстардың маңызы ерекше. Әсіресе, монархиялық басқару жүйесі қалыптасқан Қатарда сенімге негізделген жеке қарым-қатынастар саяси диалогтың, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың дамуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Хамад арасындағы көпжылдық сыйластық пен сенім бүгінгі стратегиялық серіктестіктің нығаюына өз үлесін қосып отыр.

Оның нақты нәтижесін қазіргі ынтымақтастықтан көруге болады. 2026 жылы Қатар Қазақстандағы инфрақұрылымдық және энергетикалық жобаларға шамамен 20 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отыр. Оның ішінде Қашаған кен орнында үш газ өңдеу зауытын, су электр стансасын және ірі жылу электр стансасын салу жобалары бар. Бұл бастамалар QatarEnergy және Ural Oil & Gas компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Мұндай жобалар жеке дипломатия мен саяси сабақтастықтың ұзақмерзімді экономикалық серіктестікке ұласатынын айқын көрсетеді.

Кездесу барысында тараптар Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады. Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі туралы нені көрсетеді және Қатар Әмірінің алдағы Қазақстанға сапары екіжақты ынтымақтастыққа қандай жаңа мүмкіндіктер аша алады?

- Қазақстан Қатардан және жалпы Таяу Шығыс елдерінен инвестиция тартуға мүдделі. Қатар әлемдегі ең ірі халықаралық инвесторлардың бірі саналады. Дегенмен Қазақстанға тартылған қатарлық инвестициялардың көлемі оның жаһандық инвестициялық әлеуетімен салыстырғанда әлі де төмен деңгейде.

Сондықтан Қатар Әмірінің алдағы Астанаға сапарының негізгі күн тәртібінің бірі – инвестициялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру болмақ. Қазақстан өз кезегінде шетелдік инвесторларға қолайлы жағдайдың бар екенін, саяси тұрақтылықты, құқықтық кепілдіктерді және ұзақмерзімді даму перспективаларын көрсетуі қажет.

Сонымен қатар инвестиция салуға лайық жаңа бағыттарды ұсынудың маңызы зор. Олардың қатарында қысқы туризмді дамыту, газ өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені және инфрақұрылымдық жобалар бар. Бұдан бөлек, Қазақстан Қатар нарығына азық-түлік өнімдерінің экспортын ұлғайтуға да мүдделі. Бұл екі ел арасындағы экономикалық әріптестікті әртараптандырып, тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.