Кез келген елдің әлеуетін халықаралық саясаттағы абыройымен өлшеу дағдысы бұрыннан бар. Оның ішінде дипломатия, жекелеген қарым-қатынас, әрісі экономика, логистика саласы болып жалғаса береді. Бұл бағыттардың қайсысын алып қарасаңыз да, Қазақстанның қарымы ерек. Тіпті алыс-жақын елдердің басылымдары да тамсана жазған жайттар жетерлік.
Халықаралық аренадағы арын: Қазақстан Орталық Азияда озық шықты
138
оқылды

Мәселен, бауырлас елдердің бірі санайтын Әзер­байжандағы беделді Trend басылымы Ор­та­лық Азия елдерінің биылғы алғашқы жарты­жыл­дықтағы экономикалық есептерін шолып, назар аударуға тұратын тұстарға зер салған екен. Оның ішінде, әрине Қазақстанның әлеуеті ерек­ше аталған.

Еуразиялық даму банкінің болжамына сәй­кес, 2026 жылы Орталық Азия экономикасының жиын­тық көлемі тарихта алғаш рет 600 млрд дол­лардан асып, жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсі­мі 6,5 пайыздан жоғары болмақ. Еуропалық қай­та құру және даму банкі өңірлік өсімді 5,6 пайыз деңгейінде бағаласа, Дүниежүзілік банк ши­кізат нарықтарындағы ахуал мен негізгі сауда серік­тестеріндегі экономикалық тежеулерге қара­мастан, жоғары өсім қарқыны сақта­ла­ты­нын атап өткен. Экономикалық өсімнің басты қоз­ғаушы күштері ретінде инфрақұрылым мен энергетикаға салынатын инвестициялар, құры­лыс, қызмет көрсету саласының дамуы, ішкі сұра­ныс, сондай-ақ өңірдегі бірқатар елдің экс­порттық кірістерін қолдап отырған алтын баға­сы­ның жоғары деңгейі аталады.

Осы тұста Қазақстан аймақтың негізгі тірегі бо­лып қала беретіні баяндалған. Биылғы бірінші тоқ­санда елдің ЖІӨ өсімі мұнай өндірудегі уа­қытша іркілістер мен экспорттық логистикадағы шек­теулердің әсерінен өткен жылмен салыс­тыр­ғанда сәл баяулап, 4,1 пайызды құрады. Со­ған қарамастан, қаржылық көрсеткіштер эко­номиканың орнықтылығын дәлелдеп отыр екен. Ал халықаралық ұйымдар жыл қоры­тын­ды­сы бойынша Қазақстан экономикасының өсі­мі 4,6-5,5 пайыз аралығында болады деген бол­жамын сақтап отыр.

Мемлекеттік қаржы саласындағы көр­сет­кіш­тер ерекше назар аудартады. 2026 жылдың бі­рі­нші жартысында Қазақстанның республи­ка­лық бюджетінің кірістері 24,6 пайызға өсіп, 8,5 триллион теңгеге (шамамен 18 млрд доллар) жет­­ті. Ал салық түсімдері 29 пайыздан астам ұл­ғай­­ды.

Қазақстанның Қаржы министрлігі оң дина­ми­каға экспорттық тауарлар бағасының қым­бат­тауы және сыртқы сауда белсенділігінің ар­туы ықпал еткенін мәлімдеген. Сонымен қатар элек­трондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйе­сінің мәліметіне сәйкес, тауарлар мен қыз­меттерді өткізу көлемі шамамен 12 пайызға не­месе 10,8 триллион теңгеге артқан.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қоса есеп­тегенде, кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2,9 миллионға жетіп, жыл басынан бері 499 мың­нан астам көбейіпті. Қосылған құн салығын тө­леушілер саны 22,3 мыңға артып, 158,2 мыңға жет­ті. Салық реформасы тек фискалдық құрал ре­тін­де емес, экономикалық белсенділікті кө­лең­келі сектордан шығаратын тиімді тетік болды.

Бұл деректің бәрі Қазақстан экономикасы бү­­гінде тек шикізат секторына сүйенбейтінін аң­­ғартады. Салық базасы кеңейіп, тіркелген кә­­сіпорындар артып, экономика тұрақтылыққа ойы­сып келеді. 

М.Жалғасұлы