Журналист Нұртөре Жүсіп кітаптың адам өміріндегі рөліне тоқталып, білім мен үздіксіз ізденістің табысқа жеткізетін басты факторлардың бірі екенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның пікірінше, кітап оқу арқылы адам тек білім алып қана қоймай, дүниетанымын кеңейтіп, өмірге деген көзқарасын қалыптастырады.
Ол «Кітап оқып жетістікке жеткен адамды көрсетіңізші?» деген сұраққа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты мысал ретінде келтірді.
Нұртөре Жүсіптің айтуынша, Мемлекет басшысы зиялы отбасында тәрбиеленіп, бала кезінен кітапқа жақын болып өсті. Әкесі – белгілі жазушы Кемел Тоқаевтың тәлімі мен кітапқа деген құрметі Президенттің тұлға болып қалыптасуына айрықша әсер еткен.
«Кітап оқып жетістікке жеткен адамды көрсетіңізші десеңіз, Президентті айтуға болады. Ол жазушының отбасында тәрбиеленіп өсті. Көп оқыды, білімге ерекше көңіл бөлді»,-деді ол.
Оның сөзінше, бүгінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық деңгейдегі беделі мен дипломатиялық тәжірибесінің негізінде де үздіксіз оқу мен білімге деген құштарлық жатыр.
«Қазір ол қытайлармен қытай тілінде, ағылшындармен ағылшын тілінде, француздармен француз тілінде, көрші мемлекеттердің басшыларымен орыс тілінде еркін сөйлесе алатын дипломат. Бұл – бір күнде келген нәтиже емес», – деді Нұртөре Жүсіп.
Қоғам қайраткері кітаптың адамды бірден өзгертпейтінін, бірақ тұрақты түрде кітап оқитын адамның ойлау жүйесі, сөздік қоры мен дүниетанымы уақыт өте келе мүлде басқа деңгейге көтерілетінін атап өтті.
«Кітап оқу адамды бір күнде өзгертпейді. Бірақ күн сайын оқылған кітап адамның ой-өрісін кеңейтеді, тіл байлығын арттырады. Ақырында сол білім мен ізденіс үлкен жетістіктерге бастайды», – деді ол.
Нұртөре Жүсіптің пікірінше, қазіргі қоғамда кітап оқу мәдениетін дамыту ерекше маңызды. Себебі білімге ұмтылған, үнемі ізденісте жүретін адам ғана заман талабына бейімделіп, өзінің де, елінің де дамуына үлес қоса алады. Оның айтуынша, кітап – адамды жаңа мүмкіндіктерге жетелейтін, тұлға ретінде қалыптастыратын ең сенімді рухани қазына.
