Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ойын индустриясы жыл сайын миллиардтаған доллар табыс әкеліп, көптеген елдің экономикасын жақсартуға үлес қосып келеді. Сондықтан сала мамандарының айтуынша, Қазақстан үшін де бұл бағыт ұлттық экономиканың жаңа экспорттық секторына айнала алады.
GameDev Fest 2026: Қазақстандағы ойын индустриясының жаңа мүмкіндіктері қандай?
Фото: Aikyn.kz
171
оқылды

Astana Hub пен Қазақстанның креативті индустриялар альянсы (CIAQ) ұйымдастырған GameDev Fest 2026 фестивалі ойын индустриясы, цифрлық өнер және анимация саласын бір алаңға тоғыстырған маңызды іс-шара болды. Фестивальдің басты мақсаты – Қазақстандағы GameDev экожүйесін дамытуға серпін беріп, отандық цифрлық жобаларды көпшілікке таныстыру,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Фестивальдің ұйымдастырушыларының бірі, Show Studio геймификация студиясының негізін қалаушы әрі CIAQ үйлестірушісі Малика Игібаеваның айтуынша, бүгінде ойын индустриясын тек ойын-сауық саласы ретінде қарастыруға болмайды.

– GameDev – цифрлық экономиканың маңызды бағыттарының бірі. Бұл сала жаңа технологияларды дамытуға, инновациялық өнімдер шығаруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шығармашылық индустрияның әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Бүгін GameDev Fest аясында Қазақстанда әзірленген ойындар, басқа да цифрлық өнімдер және шығармашылық бастамалар көпшілік назарына ұсынылуда. Елде ойын әзірлеушілерді даярлайтын мектептер мен білім беру бағдарламалары қалыптасып келеді. Алайда қазақстандық цифрлық жобаларды көпшілікке насихаттау мәселесі әлі де өзекті.

Көпшілік Қазақстанда жасалған ойындар мен анимациялық жобаларды атай алмайды. Себебі қоғамда сапалы өнімдер тек шетелде жасалады деген жаңсақ түсінік қалыптасқан. Дегенмен  қазақстандық мамандардың халықаралық нарыққа шыққан және шетелде сұранысқа ие көптеген жобалары бар. Алайда олар өз елімізде жеткілікті деңгейде танымал емес. Сондықтан GameDev қауымдастығы Digital Bridge, Digital Kazakhstan және басқа да салалық іс-шаралар арқылы отандық жобаларды насихаттап, инвесторлар мен қоғам назарын осы салаға аударуға күш салып келеді, – дейді Малика Игібаева.

GameDev Center жетекшісі Элина Кимнің айтуынша, цифрлық индустрияның тұрақты дамуы үшін бизнес пен шығармашылық саласы тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуі керек.

– Мұндай фестивальдердің басты мақсаты – перспективалы жобаларды инвесторлар мен кәсіпкерлерге таныстыру. Инвестиция көлемі артқан сайын жобалардың халықаралық нарыққа шығуына мүмкіндік туады. Себебі ойын индустриясы Қазақстан экономикасындағы экспорттық әлеуеті жоғары салалардың бірі,  деп нақтылады ол.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ойын индустриясы жыл сайын миллиардтаған доллар табыс әкеліп, көптеген елдің экономикасын жақсартуға үлес қосып келеді. Сондықтан сала мамандарының айтуынша,  Қазақстан үшін де бұл бағыт ұлттық экономиканың жаңа экспорттық секторына айнала алады.

– GameDev қазірдің өзінде креативті индустрияның экспортқа бағытталған салаларының бірі саналады. Мәселен, Қазақстандағы ең табысты геймификация жобаларының бірі – Heroes Journey. Бұл жоба бүгінде халықаралық нарыққа еніп, АҚШ-та да танымалдыққа ие болды,  деді Элина Ким.

GameDev Center жетекшісі Элина Ким гейминг жасанды интеллектіні қолдануға қатысты пікірін де айтты. Ол ЖИ-ді жұмысты жеңілдететін тиімді технология деп қабылдайтынын жеткізді. 

– ЖИ құралдары қайталанатын процестерді автоматтандыруға, идеяларды дамытуға, гипотезаларды тексеруге және 3D модельдеу сияқты техникалық жұмыстарды жылдамдатуға мүмкіндік береді. Алайда жасанды интеллект адамның шығармашылығын толық алмастыра алмайды. Авторлық құқық пен этика мәселелерін ескере отырып, оны тек көмекші құрал ретінде қолданған жөн,  дейді ол.

Элина Ким Қазақстанда GameDev индустриясын дамыту үшін ұзақмерзімді мемлекеттік қолдау, гранттық бағдарламалар мен инвестиция көлемін арттыру қажет екеніне де тоқталып өтті. Оның сөзінше, бұл салада тәуекел жоғары болғанымен, ол елдің экспорттық әлеуетін күшейтіп, цифрлық экономиканың жаңа драйверіне айнала алады.

– Қазір түрлі мемлекеттік бағдарламалар негізінен жасанды интеллектіге (AI) қатысты жобалар мен қысқа мерзімде нәтижесін көруге болатын стартаптарды қолдауға бағытталған. Мұндай жобалар бірнеше апта ішінде іске қосылып, пайдаланушылардың қызығушылығын, жүктелу санын және нарықтағы сұранысын бағалауға мүмкіндік береді. Ал гейминг саласының өзіндік ерекшеліктері бар. Ойын жасау – ұзақ уақытты қажет ететін процесс. Көп жағдайда толыққанды өнімді әзірлеуге кемі алты айдан бірнеше жылға дейін уақыт кетуі мүмкін. Жобаның коммерциялық тұрғыдан қаншалықты табысты болатыны да тек осы кезең аяқталғаннан кейін ғана белгілі болады. Сондықтан ойын әзірлеушілерге ұзақмерзімді әрі тұрақты қаржылай қолдау қажет,  деп түсіндірді ол.

Фестивальг келушілері гейминг саласындағы қазақстандық суретшілердің шығармашылығымен танысып, цифрлық өнер көрмесін тамашалады. 

Осылайша, фестиваль ойын әзірлеу, анимация, цифрлық өнер және заманауи технологияларды бір кеңістікке біріктіріп, Қазақстандағы креативті экономиканың әлеуетін жан-жақты таныстыруға бағытталды.