Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Шанхайға жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Президент Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияға қатысып, сөз сөйледі.
Жасанды интеллект – келешек келбеті
153
оқылды

Шанхайда өтіп жатқан дәстүрлі жиын биыл «Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы серіктестік» тақырыбына арналды.

Мемлекет басшысы бұл конференция Қытайдың жасанды интеллект саласындағы айтулы жетістіктерін айқын көрсететінін атап өтті.

– Бүгінде дүниежүзіндегі жа­сан­ды интеллектіні зерттеуші­лердің жартысынан астамы – Қытай елінің өкілдері. ЖИ са­ла­сын­дағы патенттердің басым бөлігі қытайлық жаңашыл ма­ман­дарға тиесілі. Ал елдің қар­қын­ды инновациялық экожүйесі озық технологиялардың көптеген бағытында соны серпіліс жасау­да, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Дүние­жүзілік жасанды интеллект кон­ференциясында жарияланған «Бар­ша адамзат игілігіне қызмет ететін ЖИ» тұ­жырымдамасына қолдау білдірді.

– Технологиялық прогресті баршаның игілігіне айналдыруға күш-жігер жұмылдырғанда осы ұсынылған қағидаттарды басшы­лыққа алған жөн деп санаймын. Келешектің келбетін өзара сенім мен ортақ мүддеге сай тығыз ын­ты­мақ­тастық орнатып, серіктесе әрекет ететіндер айқындайды. Мен бұған кәміл сенемін. Осы орайда Төраға Си Цзиньпин ұсын­ған «Адамзаттың ортақ тағ­дыры қоғамдастығын» құру тура­лы тұжырымдаманың маңызы зор. Қазақстан алысты болжаған бұл бастаманы жоғары бағалайды әрі жасанды интеллект дәуірінде оның өзектілігі артып келеді деп санайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазіргі Қытайдың даму стратегиясын айқындаған Си Цзиньпиннің көшбасшылық қасиеттеріне айрықша назар аударды.

– Біздің елде Си Төрағаны тарихи ауқымдағы біртуар көш­басшы деп есептейді. Оның пара­сатты әрі орнықты басшылығы­мен Қытай елі осынау дүрбелеңге толы, болжаусыз әрі қақты­ғыс­тардан көз ашпаған әлемде жаңа табыстарға батыл қадам басып келеді. 2029 жылы қазан айында елдеріңіз Қытай Халық Респуб­лика­сының құрылғанына 80 жыл толуын атап өтеді. Сексен жыл – бір адамның тұтас ғұмыры, ал Қытай оның жартысын саяси және экономикалық дүрбелең­дердің зиянды салдарымен күресуге сарп етті. Небәрі 40 жыл ішінде қарқынды дамыған Қытай зор табысқа жетіп, кедейлікті толық еңсерді және сан салалы экономикасы бар, әсіресе жоғары технологиялар бойынша көш бастаған әлемдік державаға ай­налды. Бұл – Қытай Коммунистік партиясы  мен оның білікті де бірегей жетекшісі, Төраға Си Цзиньпиннің еңбегі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, ЖИ экономика, сауда және жаһандық өзара байланыстың болашағын айқындайтын, толыққанды ин­фра­құрылымы бар салаға ай­налып келеді.

– БҰҰ дерегіне сәйкес, жа­санды интеллект инфра­құ­рылымына және онымен бай­ла­нысты технологияларға салынған инвестиция жылына орта есеп­пен 47 пайызға өскен.  2033 жыл­ға қарай жаһандық ЖИ нары­ғының көлемі шамамен 5 трил­лион долларға жетеді деп бол­жанып отыр. Демек, бір нәрсе анық: жасанды интеллектіні басқару жүйесі кешенді сипатқа ие болуға тиіс. Ол жартылай өткізгіштер мен деректерді өңдеу орта­лық­тарынан бастап этика, білім беру және адамның қадір-қасиетін қорғауға дейінгі бүкіл бағытты қамтуы қажет. Cонымен қатар трансформация үдерісі геосаяси шиеленіс ушығып, ірі әлемдік державалар арасындағы сенімге селкеу түскен, жік-жікке бөлін­ген кезеңде жүріп жатыр. Өкініш­ке қарай, мемлекеттердің көбі қақтығыстарға тосқауыл қоюға мән бермейді, есесіне оның сал­дарын жоюға күш-жі­герін сарқа жұмсайды. Жасанды интеллект алдын ала ескерту жүйесін, пре­вентивті дипло­матияны, гумани­тарлық көмек пен бітімгерлік әре­кеттерді кү­шейту арқылы бізге осы қисын­сыз түсінікті өз­гер­тетін тарихи мүмкіндік беріп отыр, – деді  Мемлекет басшысы.

Дамудың қозғаушы күші

Президенттің пайымдауын­ша, жасанды интеллект, ең бас­тысы,  әділ әрі инклюзивті даму­дың қозғаушы күші бола алады.

– Бірде-бір ел жасанды ин­тел­лектіні тұтынумен шектел­меуге тиіс. Адами капиталы мен цифрлық инфрақұрылымын да­мы­тып, институционалдық әле­уетін көтеруге кез келген мемле­кеттің мүмкіндігі болуы керек. Бұл жерде әңгіме тағы да әділдік пен адалдыққа барып тіреледі. Жасанды интеллектіні эко­номика мен қоғам игілігіне пайдалану, сөйте тұра оны адамның саналы әрі қабілетті бас­қаруында қалдыру – барша­мызға ортақ міндет. Сондықтан Қазақстан Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынты­мақтастық ұйымының құрылуын тарихи шешім деп санайды. Аталған ұйым ЖИ-ді басқаратын әмбебап құрылымның негізін қалайтынына сенімдіміз. Ол күллі адамзаттың өсіп-өркендеуі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өзара тиімді серіктестік тетігі болуы қажет, –  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұдан кейін Қазақстанның жасанды интеллектіні дамытудағы стра­тегия­лық артықшылық­тарына тоқталды. Президенттің пікірін­ше, еліміз технологиялық тоғы­су­дың, цифрлық сауда мен ха­лық­аралық ынтымақтастықтың қар­қынды орталығына айналу үшін мол әлеуетке ие.

– Энергетикалық ресурстар­дың мол қоры, аса маңызды минералдар кеніштері, заманауи көлік дәліздері мен жедел дамып келе жатқан цифрлық инфра­құрылым  нарықтарды, техно­логия және инновациялық эко­жүйелерді өзара ұштастыруға тың мүмкіндік береді. Цифрлық трансформация ұлттық даму стра­тегиямыздың басым бағыт­тарының бірі саналады. Қазақ­станның жаңа Конституциясында жасанды интеллектіге, оның елімізді орнықты дамытуға қосар үлесіне баса назар аударылған. Сонымен қатар Ата заңымыз әр азаматтың дербес дерегінің қор­ғалуына кепілдік береді. 2026 жыл­ды «Цифрландыру және жа­санды интеллект жылы» деп жа­рия­лап, Digital Kazakhstan-2029 ұлттық стратегиясын бекіттік. Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс қабыл­данды. Елордада Smart City тех­но­логиялық платформасы іске қо­сылды. Көп ұзамай аталған тә­жірибе Қазақстанның барлық ірі қаласында қолданылады. Бұдан бөлек, біз Алатау қаласы­ның дамуына стратегиялық тұр­ғыдан басымдық беріп отырмыз. Ол Орталық Азиядағы алғашқы толық интеграцияланған цифр­лық шаһар болмақ. Әлемнің түк­пір-түкпірінен, соның ішінде Қы­тайдан технологиялық компа­ния­ларды, инвесторлар мен но­ва­­торларды тарту үшін Кон­сти­туцияда Алатау қаласының ар­наулы құқықтық режимі ай­қын­далды, – деді Президент.

Әлеуеті мол сала

Мемлекет басшысы Алматыда БҰҰ ЭСКАТО жанынан орнықты даму мақсаттарына арналған Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығы ашы­латынын мәлімдеді. 

– Қазақстан Дүнижүзілік жа­с­­анды интеллект саласындағы ын­тымақтастық ұйымы құрыл­тай­шыларының бірі ретінде осы маңызды платформаны құрудағы Қытайдың жетекші рөлін жоғары бағалайды. Жақында ғана іргесі қаланған әрі мол әлеуетке ие ұйым жаһандағы ЖИ келешегін айқындайтын бірегей халық­ара­лық институтқа айналаты­нына сенімдіміз. Ұйымның ал­ғашқы оты­рысын Астанада өткізу біз үшін зор мәртебе болар еді. Со­ны­мен қатар бұл құрылымның Ор­талық Азиядағы өкілдігін елі­мізде орналастыруды ұсынамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы трансұлт­тық цифрлық инфрақұрылым жасақтауға және ЖИ саласын­дағы саясатты өзара үйлестіруге қатысты бірқатар ұсынысты ор­таға салды.

– Біз «Қазақстан-Қытай ци­фр­лық көпірін» іске қосуды ұсы­намыз. Басты мақсат – цифрлық сауданы жандандыру және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында цифрлық экономика­ларды ықпалдастырудың тиімді үлгісін қалыптастыру. Өңдеу секторы, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және су ресурстарын басқару секілді салаларда жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі кеңінен енгізу ісін жеделдеткен жөн. Жасанды ин­теллектіні реттейтін ұлттық саясат пен заңдық тетіктерді өзара үйлестіру айрықша мәнге ие. ЖИ жүйелерін тестілеу мен сертификаттаудың ортақ стан­дарттарын түзу де өте маңызды. Біз жасанды интеллектіні теріс мақсатқа пайдаланудың алдын алатын, соның ішінде кибер­шабуыл, дипфейк, цифрлық алаяқ­тық пен басқа да қатерлер­ден қорғайтын пәрменді шаралар әзірлеуіміз керек. Келесі жылды екі елде Жасанды интеллект сала­сындағы бірлескен бастама­лар жылы деп жариялауды ұсы­намыз. Қытай Үкіметі мұны қол­даса, зор ризашылықпен қабылдар едік, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жұртшылықтың ЖИ-ді түсініп, бағалау және реттеу бағытындағы ұжымдық қабілеті қалыптасып үлгергенше, оның мүмкіндіктері әлдеқайда озып кетуде деп санайды. Бұл орайда жасанды интеллектіні дамыту ісі өзара текетірес пен әскери бәсекеге емес, бейбітшілік пен тұрақты даму қағидаттарына негізделуі қажет.

– Сондықтан мен Ұйымға мүше мемлекеттер мен мүдделі тараптардың барлығын жасанды интеллект  стандарттары мен этикасын реттейтін тұрақты сарапшылық платформа құруға шақырамын. Сайып келгенде, ЖИ-дің болашағын адамдар айқындайды. Сондықтан алдағы уақытта аталған саланы жетік меңгерген мамандарға сұраныс күшейеді. Біз жастарды цифрлық машықтарды игеруге, сыни ойлауға, ізденімпаздыққа және жоғары этикалық жауапкер­шілікке баулуымыз керек. Осы­ған орай Қазақстан Дүниежүзілік Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымы аясында халықаралық мектептер желісін, озық тәжірибе орталықтарын және академиялық серіктестік құруды ұсынады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөзін қорыта келе, Мемлекет басшысы еліміздің бейбітшілікті сақтау, орнықты даму және жан-жақты өркендеу жолында жа­санды интеллектінің әлеуетін пай­далануға ниетті барша серік­тес­термен нәтижелі ықпалдастық орнатуға дайын екенін жеткізді.

Конференцияның ашылу салтанатында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Камбоджа Премьер-министрі Хун Манет, Таиланд Пре­мьер-министрі Анутин Чар­нвиракул және БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйледі.

М.Төлеу