Бүгінгі бала – ертеңгі елдің тірегі, болашақ қоғам айнасы. Президент Жолдауда өскелең ұрпақтың шығар­ма­шы­лық әлеуетін, дарынын ұштауға баса назар аударуды жүктеді. «Құндылықтар құбылған, бала болашағына қа­тер төндірген бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда жас буын­­ның бойындағы жалын мен талпынысын, күш-жі­гер мен қызығушылығын ізгі арнаға бұру – басты парыз. Балалар мем­лекетіміздің болашағы» деп нықтады Қ.Тоқаев.
Ұлт ертеңі – рухы биік өркенде
117
оқылды

Ал өрен­дердің сана-сезімін ізгілікке баулып, таным-түсінігін дұрыс бағдарлаудың ең басты тәсілі – ақ­парат айдыны мен интернет кеңістігінде қазақтілді са­палы контентті есе­леу. Ұлт үшін стратегиялық маңыз­ды бұл мақсатқа қалай қол жеткіземіз.

Қуантарлығы, қазір жас ұрпақ ара­сында қазақ тіліндегі цифрлық кон­тентті тұтыну көлемінің қар­қын­ды өсуі байқалады. Бұл ба­ғыт­­та бағындырған белес те, та­тым­ды табыстар да жоқ емес. Де­сек те, ен­дігі меже – қол жеткен же­тіс­тік­ке тоқмейілсіп қалмай, бұл са­лада да ұлттық үлесті одан ары ұлғай­тып, жаңа биіктерге жету. 

Мәдениет және ақпарат ми­нистр­лігінің мәліметіне жүгінсек, БАҚ-тағы қазақ тіліндегі онлайн контенттің үлесі 78%-ға жетіпті. Мұ­ның сыртында, отандық те­ле­­­­визиялық өнімдердің 70%-дан астамы енді мемлекеттік тілде. Яғни «қазақшасы ең болмаса, «елу де елу» болсын» дейтін заман арт­та қалғандай.

Премьер-министрдің орын­­басары – Мәдениет жә­не ақпарат министрі Аида Балаеваның төра­ғалығымен өткен Үкімет жа­нын­дағы Мемлекеттік тіл саясатын іс­ке асыру жөніндегі комиссияның жуырдағы отырысында оқу-ағарту жүйесіндегі мемлекеттік тілді оқы­­ту әдістемесін жетілдіру, 2029 жылға дейінгі Тіл саясаты тұ­жы­рым­дамасы шеңберінде мем­ле­кеттік тілдің қолданылу аясын кеңей­ту және қазақ тіліндегі кон­тент үлесін арттыру мәселелері қа­­­­ралып, жауапты мемлекеттік ор­­гандарға түрлі, тиісті тапсырма беріл­ді. 

Өз кезегінде комиссия әр жас санатынан талап етілетін лек­си­калық-грамматикалық минимумдарды әзірлеп, бекітуді, оларды тиімді меңгеруді қамтамасыз ете­тін заманауи цифрлық құралдарды енгізуді, сондай-ақ бұқаралық ақ­парат құралдарында мем­ле­кеттік тіл саясаты талаптарының сақ­талуын тұрақты бақылауда ұс­тауға тиіс. Сондай-ақ қазақ ті­лін­­дегі контенттің сапасы мен бә­­секеге қабілеттілігін арттыруға ба­ғытталған бірқатар міндет жүк­телді. 

Атап айтқанда, отандық кино өнім­дерін прокатқа шығару ке­зін­де тілдік нормалардың сақталуы кү­шейтіледі. БАҚ-тағы тіл таза­лы­ғына, стиль мәдениетіне және тіл­дік әдеп талаптарына ерекше көңіл бөлінбек. Осыған байланысты Үкімет қазақ тіліндегі цифр­­лық контентті дамытуға ба­ғыттал­ған кешенді шараларды қабылдап жатыр. 

Сананы торлаған виртуалды әлем

Осыдан 15 жыл бұрын елде ба­лалардың тұңғыш телеарнасы ашыл­ды. Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігінің хабарлауынша, бү­гінде Balapan телеарнасы қазақ­ша анимациялық туындыларды, балалар телехикаяларын, ғылыми-ағартушылық және тәрбиелік ба­ғыттағы жобаларды жас көрермен назарына тұрақты түрде ұсынып келеді. 

– Сонымен қатар балалар ар­на­сында интернеттегі қауіп-қа­тер­лер мен буллингтің алдын алу­­ға арналған «Киберқауіпсіздік» мультхикаясы, ғылыми-ағар­ту­шы­лық бағыттағы «Ғылымға саяхат», «Негетай», «Кел, балалар оқы­­лық!», «Зерттеуші Зейін», «Әлем­­ді та­ны», «Қызық әлем» бағдар­ла­ма­лары ұсынылды. Тарихи тұл­ға­лар­ға арналған «Сұлтан Бейбарыс», «Шоқан. Қашқария сапары», «Әл-Фараби», «Алпамыс батыр», «Қо­быланды батыр», «Бала Бекзат» мультхикаялары көрсетілді,– деп мәлімет берді министрлік. 

Биыл өзіне қосымша мол қар­жы бөлінуіне байланысты Balapan телеарнасы жаңа жобаларға ар­нал­ған питчинг өткізуді жоспарлап отыр екен. Оның аясында ба­­лалар аудиториясына бағыттал­ған түрлі жанрдағы жобалар қа­был­данады. 

– Осы және басқа шаралар он­лайн кеңістікте балалардың құ­қықтарын, бостандықтары мен заң­ды мүдделерін жан-жақты қор­ғауды қамтамасыз етуге бағыт­тал­ған кешенді мемлекеттік саясат ая­сында жүзеге асырылады. Білім алу­шылардың, педагогтердің жә­не ата-аналардың цифрлық сауат­тылығын арттыру, балалардың цифр­­лық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс Мемлекет бас­шысы жариялаған цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жалғасатын болады. Бұл бағыттағы жұмыс жалға­са­ды және Үкіметтің бақылауында, – деді вице-премьер А.Балаева. 

Заңгер, қоғам қайраткері Данабек Исабектің пікірінше, қазіргі заманда қазақ тіліндегі сапалы, ең бастысы бәсекеге қабілетті кон­тент­тің тапшылығы Қазақстан үшін ең өзекті проблеманың бірі бол­мақ. Бұл енді тек мәдениеттің тар шеңберіндегі өткінші тақырып емес. Бұл – ұлттық қауіпсіз­дігі­міз­дің қорғанын, мемлекеттік идео­ло­гиямыздың тұғырын және келешек ұрпақтың рухани болмысы мен дүниетанымын айқындайтын тағдыршешті мәселе. 

Бүгінгі күннің ащы ақиқаты сол – балалардың сана-сезімін ал­­тын ұя отбасы мен мектептен бұ­рын виртуалды әлемнің TikTok се­кілді арбаулы алаңдары тәр­бие­леп жатыр. Әсіресе ұзақ жазғы ка­­­­­никулда жасөспірімдердің ин­тер­нетті пайдалану уақыты бір­не­ше есе артты. Олар шектеусіз онлайн ойындар мен қысқа бей­не­ро­ликтердің жетегінде кетіп, ба­қы­лаусыз контентті тоқтаусыз та­­­­машалауға ынталандыратын түр­лі алгоритм қыспағында қа­ла­ды.

Сарапшының пайымдауынша, бұл – қадағалау болмаса, қо­ғам­ды іштен кеміретін, пси­хо­ло­гия­лық жарақаты терең, әсері жан-жақты, аса күрделі әлеуметтік дерт. Себебі дәл осы балалық шақ­та жас ұрпақтың ойлау жүйесі мен пайым-парасаты, мінез-құлқы мен адами болмысы, тілдік ортасы мен қазақы ділі, сондай-ақ өмірлік құн­дылықтары мен бағдары қа­лыптасады. Бұған мән бермесе, ұлт жойылып, орнында құлқын­ның қамын ғана ойлайтын тобыр қалады.

«Өкінішке қарай, қазақ тілін­дегі балалар контенті, танымдық плат­­формалар, анимация, ғы­лыми-ағартушылық бағдарлама­лар мен тәрбиелік медиажобалар жаһандық цифрлық платфор­ма­лар­дағы агрессивті ақпарат ағы­ны­мен бәсекелесе алмай отыр. Сал­­дарынан қазақ балаларында да клип­тік ойлау жүйесі күшейді. Ұлт­тық мәдени код әлсіреп, ше­т­ел­­дік мәдени ықпал басым бола бас­тады. Қазақ тіліндегі сапалы цифрлық орта қалыптаспай жатыр. Қазіргі ақпараттық заманда мем­ле­кеттің шекарасы тек жермен емес, ақпаратпен де қорғалатынын тү­сінуіміз керек, – дейді Д.Исабек.

Сандық кеңістік – саясат пен рух майданы

Дүниежүзілік тәжірибе көр­сет­кендей, бүгінде өркениетті озық елдер виртуалды әлемді жай ғана ақпарат құралы емес, ұлт­тық идеологияның кең өрісі, страте­гиялық бекінісі ретінде қарастыра­ды. Дүние дидарындағы әр мемле­кет өз құндылықтарын сақтау мен таратуда өзіндік соқпақ салып, бір-бірін басып озатын өз­геше әдіс-тәсілдерге жүгініп жа­тыр.

Оңтүстік Корея бұл алаңды «жұм­сақ күшін» таратуға пайдаланады. «Таң самал елі» өзінің біре­гей мәдени өнімдері мен заманауи контенті арқылы жаһан жұрт­шы­лы­ғының санасын баурап, әлемдік деңгейдегі ықпал аясын кеңейтіп жатыр. Қытай миллиард жарым жұрт­шылығын жаһандық интернеттен толық оқшаулағанымен, өзі ғаламторды төл идеологиясын адам­затқа дарытып, өз мәдениетін алыс-жақын елге дәріптеу, ішкі-сырт­қы саясатын ілгерілету мақ­са­тына тиімді жаратып жатыр. Шың елі өскелең өз ұрпағының са­­на­сын қорғау мақсатында ба­ла­лар­ға арналған цифрлық плат­фор­малардың жұмысын заң жүзінде қатаң бақылап, виртуалды сүзгіні мықты ұстайды.

Ұжымдық Еуропаның да ұлт­­тық қалқаны дайын: Еуроодақ­тың ли­дерлері Франция мен Гер­ма­ния бастап, ана тілдегі ме­­­­­диаконтенттің тазалығы мен төл­ту­ма күйде сақ­талуын мем­ле­кеттік дең­гейде қам­­­­қорлыққа алып, ұлт­тық бол­мыс­тың бәсеңдеуіне жол бермейді.

Түркияның тағылымы да бізге тә­лім бергендей: бауырлас түрік елі айбынды тарихын арқау еткен көр­кем сериалдары, тіпті Еуропада, Ресейде, Латын Америкасын­да түр­лі тілде паш етілетін танымал му­льтфильмдері арқылы өз мә­де­ние­ті мен ұлттық рухын әлем­дік аре­нада асқақтатып, мә­дени ық­па­лын күннен-күнге кү­шейтіп жа­тыр. Бұл мысалдар біз­ге де ой салу­ға тиіс. Өзгенің қаң­сығына таң­­сық болмай, өз құн­дылықтары­мыз­ды цифрлық дәуірдің тілімен сөй­лете білу бү­гін­гі күннің ең бас­ты талабы.

Айта кету керек, қазір «Ұлан», «Дру­ж­ные ребята» газеттері мен «Ақ желкен», «Балдырған» жур­нал­­­дары жарық көреді. Бұл басы­лым­­дар заман ағымы мен уа­қыт­­тың талабына сай балалар мен жа­сөс­пірімдерге мамандық таң­­дау­ға, кәсіппен айналысуға, дары­ны мен шы­ғармашылығын шың­­дауға, ақпараттық технология­лар мен ин­новация әлемімен таны­суы­на кө­­мектесіп, осы салада қыз­мет етіп жүрген озық ойлы жас өс­кін­дер­ді насихаттайды. 

Тілді дамытудың бір жолы ре­тінде жас ұрпаққа ана тілінде өткен ғасырдан бері тәрбие беріп келе жатқан балалар басылымдарының таралымын арттыру проблемасы шешілмей тұрған көрінеді. Оның оқырмандары санын көбейту үшін осыдан бірер жыл бұрын бір топ депутат мемлекеттік және же­кеменшік барлық мектепті отан­дық балалар басылымдарына жазылуға міндеттеуді ұсынған. 

Алайда Оқу-ағарту ми­нистр­­­лігі білім ордаларын оған мәжбүрлеуден бас тартыпты. Ведомство мектеп кітап­ха­­­­наларында балалардың мер­зім­дік басылымдарының болуын қолдайтынын хабарлады. «Бірақ ми­нистрлік «Білім туралы» заңына сәйкес мектеп кітапханаларына арналған оқулықтардың, оқу-әдіс­темелік кешендердің тізбесін бе­кітеді. Газет-журналдар оқулыққа, немесе оқу-әдістемелік кешенге жат­пайтындықтан тізбеге кіре ал­майды», – деп қысқа қайырды білім ведомствосы. 

Сонымен бірге өңірлердің бі­лім басқармаларының мәліметі бойынша көптеген мектеп кі­тап­­­ханасы балалардың газет-жур­­налдарын жазғызып алады. Қалғанында «көп жағдайда ба­­сылымдардың электрондық нұс­қасын, цифрлық материалдарды пай­далану қалыпты үрдіске айна­лыпты». 

Қалай болғанда, балаларға ар­налған қазақтілді өнімдердің са­пасын арттыру және оларды пәрменді тарату – кезек күт­тір­мей­тін өзекті мәселе. Бұл тек тіл­ді үйретудің құралы ғана емес, жас ұрпақтың бойына ана тілдің құндылықтарын, ұлттық кодты, ата-бабамыздың асыл мұрасы мен ірі қасиеттерін сіңірудің басты бір әдісі.

Қазақстан дәл бүгін интер­нет кеңістігін қазақша тартым­ды, тағылымды әрі сапалы дү­ние­лермен толтыра алмаса, ер­тең балалардың санасын жат мә­де­ниет пен идеология жаулап ала­тыны айдан анық. Онымен кү­ресуде БАҚ пен цифрлық плат­фор­малардың атқарар рөлі орасан зор. Олар тек ақпарат таратушы е­мес, ұрпақ тәрбиелейтін рухани те­мірқазыққа айналды. Түптеп келгенде, сапалы контент – ұлттың ертеңіне салынған ең сенімді ка­питал. Болашақты ұлттық болмысымен бағындырар жасампаз ұрпақты тәрбиелеу – мемлекет пен қоғамның маңызды міндеті әрі қасиетті парызы.

Айхан ШӘРІП