Дегенмен аралдықтарды толғандыратын басты сауал бұл емес. Көптің көкейін «жаңа зауыттар ғасырлар бойы өңірдің негізгі күнкөріс көзі болған балық шаруашылығының орнын баса ала ма?» деген сұрақ мазалап тұр.
Аралдың басты капиталы – балық
Айдынды Арал өңірі, ең алдымен, балық шаруашылығын еске түсіреді. Ертеден ескегін есіп, ауын салып, теңізден нәпақасын теріп жеген тұрғылықты халықтың байырғы тіршілігі көзкөргендердің көкейінде сарнап тұр. Мұны – тек экономиканың бір саласы ғана емес, тұтас өңірдің өмір салты мен тарихи болмысы деп қарауға болады.
Бүгінде аудан аумағында Кіші Арал теңізінің 18 балық шаруашылығы учаскесі, Сырдария өзені және 17 көл кәсіпшілік мақсатта пайдаланылып келеді. Теңізде балықтың 19 түрі мекендесе, соның 16 түрі өндірістік аулауға рұқсат етілген.
«Ауданда жылдық қуаттылығы 29,9 мың тонна болатын 10 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның алтауы балықты терең өңдеумен айналысса, төртеуі мұздату, ыстау және қатыру жұмыстарын жүргізеді. Биылғы жылдың алғашқы жартысында 3764 тонна балық ауланып, 3621 тоннасы өңделді. Өңдеу көлемі жоспардан асып, 106,6 пайыз орындалған. Ал экспорт көлемі 1848 тоннаға жетті», – дейді бұл жайында Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Дегенмен бұл көрсеткіштердің сыртында шешімін күткен мәселелер менмұндалап тұр. Нақты айтқанда, Еуропа нарығына өнім шығаруға мүмкіндік беретін «Еврокод» сертификаты әзірге Аралдағы тек екі кәсіпорында ғана бар екен. Бұл бірінші кезекте халықаралық нарыққа шығу әлеуетінің әлі толық пайдаланылмай отырғанын көрсетеді.
Негізінен, балық шаруашылығының болашағы, ең алдымен, табиғи қордың сақталуына байланысты болып келеді. Осы тұрғыдан алғанда ауданға қарасты Қосжар ауылдық округіндегі «Қамыстыбас» балық питомнигінің орны ерекше саналады.
Аудан әкімдігінің дерегіне сәйкес, жарты ғасырдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан аталмыш кәсіпорын жыл сайын мемлекеттік тапсырыс негізінде 15 миллион 220 мың дана шабақ өсіреді екен. Оның ішінде 14,8 миллионы – біржылдық, 420 мыңы екіжылдық шабақтар болып табылады. Олар Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзеніне жіберіліп, табиғи популяцияны толықтыруға сеп болып тұр деген ақпарат айтылады.
Сонымен қатар ауданда жаңа аквакультура жобалары қолға алынып жатқаны тілге тиек болды. Атап айтқанда, Ақирек тауының етегінде құны 685 миллион теңгені құрайтын тоған шаруашылығын іске қосу жұмыстары қарқын алған. Жылдық қуаттылығы 300 тонна болатын бұл жоба болашақта сазан тұқымдас балық өсіруге мүмкіндік береді деген жоспар бар.
Сол сияқты Аманөткел ауылындағы «Арал Рыбторг» ЖШС жылына 15-20 миллион шабақ өсіретін инкубациялық цех салуды жоспарласа, Ақшатаудағы «Жамбыл» өндірістік кооперативі қазірдің өзінде дернәсіл шығарып, жергілікті су айдындарын балықтандыруға үлес қосып жатыр екен.
Жалпы, бүгінде ауданда 16 шаруашылық тауарлы балық өсірумен айналысады. Оның ішінде көл және тоған шаруашылықтары мен тұйық сумен қамтамасыз ету жүйелері жұмыс істейді.

Инвестиция көбейді, бірақ...
Кейінгі жылдары Арал ауданында балық шаруашылығымен қатар экономиканы әртараптандыруға бағытталған жаңа өндірістік жобалар да қолға алына бастады. Жуырда Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаевтың ауданға жасаған жұмыс сапары барысында жарияланған бастамалар соның айқын көрінісі болды.
Атап айтқанда, аудандағы «Тоғыс-Аралотын» ЖШС 1 миллиард теңге инвестиция салып, мотоцикл құрастыру өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Кәсіпорын жылына 20 мыңға жуық өнім шығарып, оның едәуір бөлігін экспортқа бағыттауды жоспарлап қойған. Сонымен қатар осы серіктестік 1,8 миллиард теңге инвестиция есебінен жылдық қуаттылығы 40 мың тонна болатын жоғары сұрыпты ас тұзын өндіретін жаңа зауытты іске қосыпты. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, аудан бюджетіне түсетін салық көлемін арттыруға және жергілікті экономиканың өндірістік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді деп отыр.
Дегенмен тұрғылықты халық жаңа өндіріс орындарының ашылуымен қатар, Аралдың атакәсібі – балық шаруашылығының өркендеуіне көбірек үміт артатыны байқалады. Себебі балық кәсіпшілігі бұл тек экономикалық табыс көзі емес, теңіз жағасында жағалай қоныстанған халық үшін бірнеше буыннан жалғасқан күнкөріс көзі және өңірдің тарихи болмысының ажырамас бөлігі саналады. Сондықтан Аралдың болашағы өндіріс пен инвестицияны дамытумен қатар, балық қорын молайту, су айдындарын тиімді басқару, балықшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және қайта өңдеу саласын жаңғырту арқылы айқындалса деген пікір басым. Яғни жергілікті жұртшылық тіршілік нәрінен тапшылық болмай, балық шаруашылығын өркендететін бірегей жобалар жүзеге асырылса деген тілегін де жеткізіп отыр.
Балықшылар не дейді?
Арал ауданына қарасты Қаратерең ауылының тұрғыны Ғарифолла Еңсегенов – көп жылдай атакәсіптің айналасында жүрген білікті маман. Оның айтуынша, мемлекет қолдауы тоқтамаса, Арал теңізі балықсыз қалмайтынын алға тартады.
«Біз Арал ауданы Қаратерең ауылы Арал теңізінің құяр сағасына орналасқан балықшы ауылы саналамыз. Бүгінде Арал өңірінде балық шаруашылығының дамуы тұрақты. Соның ішінде теңіздегі балық түрлерінің көбеюіне үлкен үлес қосып отырған «Қамыстыбас» питомнигінің Тастақ бөлімшесі жыл сайын миллиондаған шабақты теңізге жібереді. Кейінгі кездері өңірде жеке шаруашылықтар көбейді, бірақ олардың теңізге шабақ жіберіп жатқанын көрген емеспіз. Ал «Қамыстыбас» питомнигі – Қазақстандағы мемлекеттік үш питомниктің бірі. Сондықтан мемлекеттік питомниктің жұмысы аса маңызды. Үкімет қолдауы болса, Аралдың балығы сақталады», – дейді ол.
Ал аралдық тәжірибелі балықшы Нұржан Сейтбенбетовтің пікірі мүлде басқа. Ол кейінгі жылдары теңіздегі жағдайдың күрт өзгергенін айтады. Соның салдарынан су маржанының саны сиреп бара жатқанын алға тартады.
«2020 жылдан бері теңіздің балық қоры азайды. Қазіргі кезде тісті аталатын балық тұқымы жойылудың аз-ақ алдында тұр. Бұрынғыдай ірі балық түрі сирек кездеседі. Көбіне мөңке түседі. Ауланған балықтарымызды теңіздің белгілі бір аумағын тендерден ұтып алған егелері қабылдап алады. Теңіз жағасындағы Тастүбек деген жерде нәпақамызды тауып келеміз. Атакәсіптің арқасында кейде күніне 5 мың теңге, кейде 20 мың теңге табамыз. Соның өзіне шүкіршілік етеміз. Бірақ мұны бұрынғы жағдаймен салыстыруға келмейді. Өйткегі теңіз жылдан-жылға таязданып барады. Жалпы, теңіздің жағдайы мәз емес», – дейді ол.
Негізінен, Арал балықшыларының пікірінше, бүгінгі басты мәселе – су көлемінің тұрақтылығы, көлдерге судың уақытылы жетуі, шабақтарды қорғау және балық өнімін өткізудің тиімді жүйесін қалыптастыру мәселелері басты назарда болған жөн. Егер осы түйткілдер орынды шешілсе, балық шаруашылығын бұрынғыдан да жоғары деңгейде дамытуға мүмкіндік мол.
Сондықтан теңіз тағдыры толғандырған тұрғылықты халық балықты терең өңдеу өндірісін кеңейту, халықаралық сертификаттар санын көбейту, логистиканы дамыту, акваөсіру көлемін ұлғайту және қосылған құны жоғары өнім шығаруды қолға алу қажет деп есептейді. Мұны ұзақмерзімді табыс әкелетін негізгі бағыттар ретінде түсіндіріп отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы
