Биыл да сол әдеттен жаңылмадық. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі әскери бөлімшенің барлығында бұл мереке аталусыз қалмады. Дегенмен Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери рәміздері жайлы не білеміз, оның идеясы жайында сөз қозғамақпыз.
Еліміздің әскери рәміздеріне Қарулы Күштердің символы (эмблемасы), жалауы, Туы, Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің, Әскери-теңіз күштерінің туы мен әскери бөлімдердің жауынгерлік туы жатады. Өйткені оның әрқайсысы қазақ әскерінің тарихын, абыройын және құндылығын көрсетеді.
Жалпы, Қарулы Күштердің рәмізі, яғни шұғылалы күн мен қалықтаған қыран бейнеленген алтын жиекті бесжұлдыз – ерлік пен елдіктің, бейбітшілік пен еркіндіктің нышаны. Мәселен, бес жұлдызды жұлдыздың ортасында күннің бейнеленуі және күн астында қыранның тұруы – Қазақстан Қарулы Күштерінің туларынан байқауға болады. Бұл дегеніміз олардың сол әскерге қатысы барын көрсетеді. Яғни, Қарулы Күштердің әрбір түрінің өз қызметтік мақсаты мен жауынгерлік дәстүрі бейнеленген.
Сонымен қатар әскер ұжымның бірлігі, өр рухы мен идеясын бейнелейді. Сол себепті де жауынгерлік ту – әр әскери бөлімнің жәдігері. Оның жауынгерлік жолы мен даңқының символын сипаттайды. Бұл әрбір әскери қызметшіге Отанды қорғаудың қасиетті парыз екенін еске салады. Жауынгерлік тудың жанында суретке түсу құқығы қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген әскери қызметшіге ғана тиесілі. Осындай дәстүр арқылы Әскери рәміздер күнін атай отырып, Отан қорғаушылар ұрпақтарының сабақтастығын нығайтып, еліміздің Қарулы Күштерінің тарихына деген құрметті арттыруға ықпал ететіні анық.
