Көкжиегі кең келісімдер
Әуелі ҚХР-дың бизнес өкілдерімен «дөңгелек үстел» форматында өткен кездесудің жайына үңілейік. Басқосуда Президент қытайлық серіктестерге шынайы ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікке жоғары баға берді. Мемлекет басшысының айтуынша, жоғары деңгейдегі саяси сенім сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге берік негіз қаламақ.
– Былтыр екіжақты сауда көлемі 49 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Қазір Қазақстанда қытай капиталы бар 8500-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде CNPC, CITIC және Huawei сияқты ірі компанияларды атап өту қажет. Біз Қытай бизнес өкілдерінің Қазақстан экономикасын жаңғыртуға сүбелі үлес қосып жатқанын жоғары бағалаймыз. Өткен жылдары елдеріміз көптеген маңызды жобаны бірге табысты жүзеге асырды. Соның нәтижесінде жұмыс орындарын аштық, озық технологияларды енгіздік және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығымызды нығайта түстік. Бүгін де жаңа стратегиялық жобаларды бірлесе іске асырып жатырмыз. Атап айтқанда, Sinopec компаниясымен ірі газ-химия кешені, Fufeng Group компаниясымен жүгеріні терең өңдеу зауыты, Lihua Group компаниясымен заманауи мақта-тоқыма кластері құрылысын қолға алдық. Қытайдың автокөлік кәсіпорындары Қазақстанда өндіріс орындарын аша бастады. Мысалы, елімізде HOWO, Yutong және JAC брендтері шығарылады. Былтыр Changan, Great Wall Motor, сондай-ақ Chery мультибрендті автомобиль өндірісі іске қосылды. Бұл жобалар біздің екіжақты әріптестігіміз инновацияға, озық технология мен өнеркәсіпті жаңғырту ісіне негізделіп отырғанын көрсетеді, – деді Президент.
Жалпы, бір ғана жиынның өзінде өте сапалы әрі мәнді келісімдер жасалғанын көрдік. Оның үстіне, бір емес, бірнеше бағыт қамтылды. Айталық, жасанды интеллектіден бастап, логистика, жаңа технологиялар, инфрақұрылым, автомобиль өндірісі саласын қамтыған бас-аяғы 17 келісімге қол қойылды. Тіпті келісімдердің ішінде ең назар аударар тұс – «Аллюр компаниялар тобы» АҚ мен Li Auto Inc. Арасындағы көлік өндірісі бойынша мәліме. 2025 жылдың өзінде көпшілікке жақсы танымал көлік маркасының әлемде 406 мыңнан астам данасы сатылған. Енді дизайны мен сапасы ерекше автомобиль Қазақстанда құрастырылып бастамақ.
Мемлекет басшысының Шанхайға жұмыс сапары аясында жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісім мен меморандумға қол қойылған екен. Бұл құжаттар жасанды интеллект, цифрландыру, көлік инфрақұрылымы, қаржы, агроөнеркәсіп кешені, машина жасау және басқа да жоғары технологиялық салаларды қамтиды. Осылайша, шығыстағы көршімен келісімдер арқылы еліміз іс жүзінде дамудың жаңа белесіне қадам баспақ.

Алпауыттардың ағыны
Шанхайға жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысы жаһан нарығына танымал бірнеше алпауыт компанияның басшыларын қабылдағанын айта кеткен абзал. Мәселен, Президент Xiaomi корпорациясының президенті Лу Вэйбинмен кездесті. Жоғары технологиялар саласында әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын компанияның жетекшісімен әңгімелесу барысында өзара тиімді ынтымақтастық перспективасы талқыланған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның заманауи цифрлық экономика қалыптастыруға, жасанды интеллект пен жоғары технологиялық өнеркәсіпті дамытуға баса мән беріп отырғанын айтты. Мемлекет басшысы өңірде Xiaomi брендіне сұраныс арта түскенін атап өтті. Компанияның озық технологияларды игеруде тәжірибесі мол екенін ескеріп, жасанды интеллектіні, есептеуіш қуатын, «бұлтты» технологияларды және цифрлық платформаларды дамыту бағытында бірлескен жобаларды іске асыру әлеуетін зерделеп көру ұсынылды.
Бұл ретте Президент еліміздің электромобиль, аккумулятор өндірісін жолға қоюға, сондай-ақ интеллектуалдық көлік жүйелерін дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Былтыр, яғни 2025 жылы Xiaomi өз тарихындағы ең табысты жылын өткізгенін айта кеткен жөн. Жалпы табысы 57 млрд доллардан асты. Бұл компания технологияға өте қомақты қаржы салып жатыр, көрсеткіш былтыр 4,9 млрд долларға жетті. Бұған қоса, Xiaomi қазір тек смартфон шығаратын компания емес, бірнеше бағытты қатар алып келеді. Электромобиль өндірісінен бастап, жасанды интеллект, ақылды үй экожүйесі саласында жобалары бар. Сарапшылардың көбі алдағы 5-10 жылда компания жасанды интеллект нарығында көшбасшыға айналуы мүмкін екенін де болжаған. Демек, бұл мәміледен Қазақстан ұтпаса, керісінше ұтылмайды.
Бұдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Contemporary Amperex Technology Co. Ltd. (CATL) директорлар кеңесінің тең төрағасы Пань Цзяньмен жоғары технология саласындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық перспективасын талқылады.
Мемлекет басшысы CATL компаниясының елімізде аккумулятор батареяларын шығаратын зауыт салу бастамасын құптады. Бұл кәсіпорын Орталық Азияда осындай ауқымдағы алғашқы өндіріс орнына айналуы мүмкін. Президент Қазақстанның шикізатты өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі тұтас өндірістік циклді қалыптастыруға мүмкіндігі толық жететінін атап өтті.
Өз кезегінде Пань Цзянь CATL Қазақстанды компания қызметінің басты бағыттары бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыратын маңызды әрі сенімді серіктес ретінде қарастыратынын жеткізді. Сонымен қатар оның компаниясы Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі стратегиялық мақсатына жәрдемдесе алатынын айтты.
Айта кетейік, Contemporary Amperex Technology (CATL) 2011 жылы құрылған, электромобильдерге арналған аккумулятор өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы саналады (нарықтың 40 пайызы) және Қытайдағы белгілі әрі ірі компаниялар қатарына кіреді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша CATL аккумулятор өнімдерін сату көлемі 661 ГВт-сағатқа жетіп, табыс 62,6 миллиард долларды, соның ішінде таза пайда 10,6 миллиард долларды құрады.
Инфрақұрылым игілігі
Осыдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев China Communications Construction Company президенті Чжан Биньнаньді қабылдады. Кездесуде еліміздің көлік-логистикалық және энергетикалық әлеуетін нығайту тұрғысынан стратегиялық маңызға ие бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланды.
Мемлекет басшысы Қазақстанда біраз жылдан бері жұмыс істеп, күрделі инфрақұрылымдық шешімдерді табысты іске асырған СССС компаниясы бүгінде сенімді әрі кәсіби серіктес ретінде танылғанын айтты. Президент Бақты – Аягөз теміржол құрылысының стратегиялық мәніне назар аударды. Бұл желі Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалын айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік бермек.
Бұдан бөлек, Каспий теңізінің табанын тереңдету жұмыстарын жүргізу үшін бірлескен кәсіпорын құрудың маңызы атап өтілді. Мемлекет басшысы бірлескен кәсіпорын Каспий маңы елдері мен одан тысқары жерлерде қауіпсіз теңіз қатынасын қамтамасыз ету қызметін ұсынатын өңірлік орталық қалыптастыруға септігін тигізетініне сенім білдірді.
Әңгімелесу барысында энергетика саласындағы келешегі зор бастамалар талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы сапар аясында Қазақстандағы алғашқы гидрожинақтаушы электр стансасы құрылысының жобасын бірлесе әзірлеу туралы келісімге қол қойылуын құптады. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл нысан ұлттық энергия жүйесін нығайта түседі. Қуаттылығы 600 MBт болатын гидростансаны СССС компаниясына еншілес China International Water & Electric Corporation кәсіпорнының қатысуымен Алматы облысындағы Қарғалы өзенінде салу жоспарланып отыр.
Жалпы, China Communications Construction Company – Қытайдағы ең ірі мемлекеттік инфрақұрылым және құрылыс корпорацияларының бірі. Компания жолдар, көпірлер, туннельдер, теңіз порттары, теміржолдар, әуежайлар және жағалауды қалпына келтіру жобаларын жүзеге асырады. Оның жобалары 150-ден астам елде бар. Компания Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының негізгі мердігерлерінің бірі. Яғни Қазақстан аумағында тәжірибесі бар. Былтыр компания шамамен 106 млрд доллар пайда тапқан. Шетелдегі тапсырыстары үнемі көбейіп жатыр.
Кездесулер бұнымен шектелген жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Guoyou Materials Industry Group Co., Ltd компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Юй Боян порт инфрақұрылымы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық перспективасын талқылады. Мемлекет басшысы Қазақстан Еуразияның толыққанды көлік хабына айналу жөнінде өршіл мақсат қойып отырғанын атап өтті.
Осы орайда Президент еліміздің аумағында мультимодальді портты хаб құру туралы бастаманы құптады. Guoyou Materials Group компаниясы Маңғыстау облысында Құрық көпфункционалды портын салуды жоспарлап отыр. Жобаны жүзеге асырудың алғашқы жылында корпорация жүк өткізу көлемін 15 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы ауқымды жобаны іске асыру теңіз бен теміржол логистикасын ұштастыра дамытып, аймақтағы көлік инфрақұрылымының өткізу ауқымын кеңейте түсетініне, сондай-ақ Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуетін арттыратынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Юй Боян Мемлекет басшысына жоба жайында егжей-тегжейлі баяндап, Каспийдегі теңіз тасымалының келешегіне қатысты ой-пікірімен бөлісті. Әңгімелесу барысында портты хаб салу арқылы жұмыс орындарын ашу, саладағы кадрлық әлеуетті нығайту, қазақстандық тауар мен қызметтерді пайдалану сияқты ұзақмерзімді әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге жол ашылатынына назар аударылды.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының Шанхайға жұмыс сапары өте маңызды келісімдерге қол жеткізген кезең болды. Алпауыттармен бірлескен жобалар тек қаржы, инвестиция, инфрақұрылым жағынан емес, тәжірибе тұрғысынан да пайда беретіні анық. Демек, осы арқылы Қазақстан азаматтары да жаңа технологиялық жобаларға жетекші бола алады.
М.Төлеу
