Қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты Айгерім Ильясованың айтуынша, бүгінде Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз төлемдердің шамамен 80 пайызын Halyk Bank пен Kaspi бақылайды. Bloomberg бағалауы бойынша, оның ішінде Kaspi-дің үлесі шамамен 70 пайызға жетеді. Сондықтан бірыңғай QR енгізу тек жаңа төлем тәсілін ұсыну емес, төлем нарығындағы бәсекені күшейтуге бағытталған қадам ретінде қарастырылады.
«Егер негізгі банктердің барлығы жүйеге толық қосылса, ең алдымен сатып алушылар ұтады. Клиент дүкенде қай банктің терминалы тұрғанына тәуелді болмайды. Өзінің мобильді қосымшасы арқылы кез келген QR-кодпен төлем жасай алады», – дейді Айгерім Ильясова.
Банктер арасында бәсеке өзгермек
Алайда жүйенің толық тиімділігі барлық қатысушы банктердің ортақ инфрақұрылымға қосылуына байланысты. Демек, алғашқы кезеңде тұтынушы мен сауда орнының қай банкпен жұмыс істейтіні әлі де маңызды рөл атқарады.
Соған қарамастан, сарапшылар техникалық үйлесімділіктен бұрын экономикалық тетіктерге назар аудару қажет екенін айтады. Айгерім Ильясованың пікірінше, ортақ QR инфрақұрылымы банктер арасындағы бәсекені өзгертеді. Бұрын банктер клиентті өз төлем экожүйесі арқылы ұстап қалуға тырысса, енді олардың артықшылығы мобильді қосымшалардың сапасы, тарифтері және қосымша қызметтері арқылы анықталмақ.
«Орта және шағын банктер QR желісінің көлемімен емес, сервистерінің сапасы арқылы бәсекелесе алады», – дейді сарапшы.
Алайда қаржы сарапшысы Андрей Казанцев мәселенің басқа жағына назар аударады. Оның пікірінше, жаңа жүйенің тағдырын технология емес, комиссиялық саясат шешеді.
«Мәселе технологияда емес, комиссияда», – дейді Андрей Казанцев.
Бұл пікірдің астарында қарапайым экономикалық есеп жатыр. Кәсіпкер үшін төлемнің қай QR арқылы қабылданғанынан бұрын, әрбір операцияның қанша шығын әкелетіні маңызды. Егер жаңа жүйе бұрынғыдан қымбат болса, бизнес бірнеше терминалдан өз еркімен бас тартпайды.
Мұны шағын дүкендердің қаржылық моделі жақсы көрсетеді. Айгерім Ильясованың мәліметінше, темекі өнімдеріне қойылатын үстеме баға көтерме сатып алу құнының шамамен 10 пайызын ғана құрайды. Ал шағын дүкендердің орташа сауда үстемесі көтерме бағаның шамамен 15 пайызына тең. Бірақ бұл қаражаттың бәрі кәсіпкердің пайдасы емес. Оның шамамен 4 пайызы қызметкерлердің жалақысына, 3 пайызы салықтарға, тағы 1 пайызы эквайринг комиссиясына жұмсалады. Қалған шамамен 5 пайыздың есебінен жалдау ақысы, коммуналдық қызметтер, басқа операциялық шығындар өтеліп, содан кейін ғана кәсіпкер пайда көреді.
QR кодтың құны қанша?
Сондықтан банк комиссиясының аз ғана өзгерісінің өзі шағын бизнес үшін айтарлықтай маңызға ие.
«Эквайринг құнын сауда орындарының өзі төлейді. Сондықтан нарықтағы бәсекенің күшеюі уақыт өте келе комиссиялардың төмендеуіне ықпал етуі мүмкін», – дейді Айгерім Ильясова.
Дегенмен Андрей Казанцев қазіргі тарифтік модель мұндай нәтижеге кепілдік бермейді деп есептейді. Оның айтуынша, кәсіпкер банкаралық бірыңғай QR арқылы төлем қабылдағанда шамамен 1,25-1,35 пайыз комиссия төлейді. Бұл қаражаттың құрылымы сырт көзге көрінгендей қарапайым емес.
Қолданыстағы тариф бойынша комиссияның 1 пайызы банкаралық комиссия ретінде сатып алушының банкіне аударылады. Бұдан бөлек, Ұлттық төлем корпорациясы төлемді өңдегені үшін әр банктен 0,05 пайыздан алады. Соның нәтижесінде сатушыға қызмет көрсететін банктің өзінде шамамен 0,15 пайыз ғана қалады. Оның өзінен терминалды күтіп ұстау, техникалық қызмет көрсету және төлемдерді өңдеу шығындары өтеледі.
«Мен банктерді қорғап отырған жоқпын. Бірақ сатып алушы мен сатушы бір банктің клиенті болса, кәсіпкер басқа банкке 1 пайыз банкаралық комиссия төлемейді. Сондықтан ішкі банк арқылы қабылданған төлем арзанырақ болуы мүмкін», – дейді Андрей Казанцев.
Сарапшының пікірінше, дәл осы айырмашылық кәсіпкерлердің мінез-құлқына әсер етеді. Егер банкаралық төлем қабылдау қымбат болса, дүкен иесі кассадағы бірнеше терминалды сақтап, сатып алушыдан өз банкі арқылы төлеуді сұрауы мүмкін. Ал бірыңғай QR тек басқа мүмкіндік болмаған жағдайда ғана пайдаланылуы ықтимал.
Осылайша, бірнеше терминалдың орнына бір QR-код орнату идеясын жүзеге асыру үшін техникалық үйлесімділік жеткіліксіз. Жаңа жүйе бизнеске де экономикалық жағынан тиімді болуы қажет.
Құрал бар, қадам қажет
Бұл жерде Ұлттық банктің рөлі ерекше. Реттеуші тек ортақ инфрақұрылымды іске қосып қана қоймай, жүйенің тұрақты жұмысын, қауіпсіздігін және барлық қатысушы үшін тең жағдай қалыптасуын қамтамасыз етуге тиіс. Сонымен бірге нарықтың қалай өзгеріп жатқанын бақылап, қажет болған жағдайда комиссиялық саясатқа қатысты шешімдер қабылдауға тура келуі мүмкін.
Халықаралық тәжірибе де мұндай өзгерістердің бірден жүзеге аспайтынын көрсетеді. Андрей Казанцев Visa компаниясының банкаралық комиссиясын бірнеше кезеңмен төмендеткен тәжірибесін мысалға келтіріп, Қазақстанда да осындай тәсіл қарастырылса, бірыңғай QR жүйесінің тартымдылығы арта түсетінін айтады.
Қалай болғанда да, жаңа жүйенің тағдыры алдағы бірнеше айда айқындалмақ. Егер банктер ортақ тарифтік модельге келіп, кәсіпкерлер үшін жаңа жүйе шығынды көбейтпесе, бұл төлем нарығындағы ең ірі реформалардың біріне айналуы мүмкін. Ал экономикалық ынталандыру өзгермесе, бірнеше терминалдың қатар тұруы бұрынғыдай қалыпты құбылыс болып қала береді. Сондықтан бірыңғай QR-дың болашағын технология емес, нарық заңдылықтары шешеді.
Кәмила ДҮЙСЕН
