2026 жылдың алғашқы жартыжылдығы Шығыс Қазақстан облысы үшін тұрақты экономикалық өсім кезеңі болды. Өңір экономикасы негізгі бағыттардың барлығында дерлік оң серпін көрсетіп келеді: инвестиция көлемі артып, құрылыс қарқын алды, өндіріс көлемі ұлғайып, жаңа кәсіпорындар іске қосылуда және ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар облыс дәстүрлі салалармен ғана шектелмей, технологияны дамыту, шикізатты терең өңдеу, туризм және цифрландыру бағыттарына басымдық беруде.
Өндірісі өркендеген Шығыс
322
оқылды

Экономика инвестициядан да қарқын алды

Кез келген экономиканың басты көрсет­кіші – нақты сандар. Ал олар өңірдің даму қарқынын айқын көрсетіп отыр.

Былтырғы қорытынды бойынша Шығыс Қазақстан облысының жалпы өңірлік өнімі 5,8 триллион теңгеге жетті. Биылғы алғашқы алты айдың нәтижелері де осы оң үрдістің сақтал­ғанын дәлелдейді.

Құрылыс саласында орындалған жұмыс­тар көлемі 22,3 пайызға өсіп, 184,5 млрд теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығының өсімі 3,3 пайызды, сауда саласындағы өсім шама­мен 5 пайызды құрады. Тұрғын үй құрылысы да қарқынды жалғасуда. Жыл басынан бері 150 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

Өңірдегі бизнес қауымдастықтың сенімін көрсететін басты көрсеткіштің бірі – инвес­тиция. Жарты жыл ішінде облыс экономика­сына шамамен 347 млрд теңге инвестиция тар­тылды. Оның 82 пайыздан астамы жеке инвестициялар. Бұл – кәсіпкерлердің аймақтың әлеу­етіне сеніп, өз қаражатын салуға дайын екенін білдіретін маңызды көрсеткіш.

Халықтың табысы да артып келеді. Орта­ша айлық жалақы 438,6 мың теңгеге жет­ті. Ал жұмыссыздық деңгейі республи­ка­да­ғы ең төмен көрсеткіштердің бірі – 4,6 пайыз.

Жыл соңына дейін өңірде 17,4 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның 13 мыңға жуығы тұрақты жұмыс орындары болмақ. Қазір олардың 7 мыңға жуығы ашылып үлгерді.

Металлургия – өңір экономикасының тірегі

Шығыс Қазақстан ежелден өнеркәсібі дамыған өңір ретінде танылған. Бүгінде өнеркәсіп саласы облыстың жалпы өңірлік өнімінің шамамен 40 пайызын қалыптас­тырады.

Сонымен қатар экономиканың құрылымы біртіндеп өзгеріп келеді. Қазіргі таңда өнеркәсіп өндірісінің 87 пайызы өңдеуші өнеркәсіптің үлесіне тиесілі.

Өңірдің жетекші саласы – металлургия. Бұл сала жалпы өнеркәсіп өнімінің 70 па­йыз­ын қамтамасыз етеді. Түсті және бағалы металдарға бай бірегей минералдық шикізат қоры Шығыс Қазақстанның басты бәсеке­лестік артықшылықтарының бірі болып қала береді.

Дегенмен өңір тек қолданыстағы өндіріс қуаттарына ғана сүйеніп отырған жоқ. Қазір Ново-Лениногор, Обручев және Чекмарь кен учаскелерін игеруге дайындық жүргі­зілуде. Алтай қаласында өңірдің өндірістік әлеуеті мен өнеркәсіп саласындағы жұмыспен қамтуды сақтауға ықпал етіп отырған Малеев кен орнын игеру жұмыстары жалғасып жа­тыр. Бұл жобалар алдағы жылдары метал­лургия саласын тұрақты шикізат қорымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Литий – Шығыс Қазақстан өнеркәсібінің жаңа даму драйвері

Өңірдегі ең ірі инвестициялық жобаның бірі – Ұлан ауданында жүзеге асырылатын «Алатау Литий» кешенінің құрылысы. Жоба Германияның HMS Bergbau AG компания­сымен бірлесіп іске асырылуда.

Бұл жоба тек кен орнын игерумен шек­телмейді. Оның аясында толыққанды тау-кен байыту кешені мен литий концентратын өндіретін қайта өңдеу зауытын іске қосу жоспарланған. Бүгінде литий өнімдеріне аккумулятор өндірісінің, электр көліктерінің және жоғары технологиялық өнеркәсіптің қарқынды дамуына байланысты әлемдік нарықта сұраныс жоғары. Жобаның жалпы инвестициялық құны 235 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Қазір геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде және инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері пысықталуда. Кәсіпорынды 2029 жылы іске қосу жоспарланған.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстанда сирек жер металдары өндірісіне негізделген өнеркәсіптік экожүйе қалыптастыру көзделіп отыр. Оның құрамына аккумулятор өндірісі мен Өскемен қаласында толық ядролық отын циклін құру жобалары енеді. 

Қазіргі уақытта өңірдің инвестициялық қоржынында жалпы құны 1,5 триллион теңгені құрайтын 102 жоба бар. Оларды іске асыру нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделіп отыр. 

Биылғы жылдың алғашқы жарты­жыл­дығында бес жаңа жоба пайдалануға берілді. Олардың қатарында техникалық майлар өндіретін кәсіпорын, Майқапшағай шекара­лық өткізу бекетіндегі көлік-логистикалық орталық, қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту, заманауи сүт-тауарлы ферма және Риддер қаласындағы қонақүй кешенін қайта жаңғырту жобалары бар.

Жыл соңына дейін тағы бірнеше ірі өндіріс орнын іске қосу жоспарланған. Атап айтқанда, «Востокмашзавод» құю өндірісін жаңғырту, Глубокое ауданындағы май-тоңмай өндірісін кеңейту және Өскемен арматура зауытының өндірістік қуатын жаңарту көзделуде.

Аудан халықаралық деңгейге шықты

Бүгінде инвестициялық саясат ішкі нарықпен ғана шектелмейді. Маусым айында облыс әкімі бастаған Шығыс Қазақстан делегациясы Қытайда өткен «Үлкен Алтай – 2026» халықаралық конференциясына қатысты. Іс-шара аясында қытайлық компаниялармен өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және туризм салала­рындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Өңір үшін маңызды оқиғаның бірі – Халықаралық аграрлық форум. Оған әлемнің 15 елінен келген өкілдер қатысып, түрлі сала­л­ық алаңдарда сүтті мал шаруашылығын, ет өндірісін, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және экспортты дамыту мәсе­лелерін талқылады.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысы Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында өткен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының II отырысына қатысты. Кездесу қорытындысында өзара сауда айналымын ұлғайту және инвестиция тарту бағытындағы ынтымақтастықты кең­ей­ту туралы келісімдерге қол жеткізілді.

Шетелдік серіктестерді тарту бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр. Күзде өңірде Altai Invest халықаралық инвестициялық форумы өтеді. Бұл алаң Шығыс Қазақстанның ин­вестициялық әлеуетін шетелдік және отан­дық инвесторларға таныстыратын не­гіз­гі халықаралық іс-шаралардың біріне айналмақ. 

Көлік инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді

Шығыс Қазақстан облысында Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласына және Моңғолияға жаңа әуе рейстерін ашу пысықталуда. Өзен көлігін дамыту мақса­тында 5 айлақ кешені мен суасты қанаттары бар 3 жолаушылар кемесін сатып алу жос­пар­ланған. Сонымен қатар Тұғыл ауылында өзен портын салу және ұзындығы 99 шақыр­ымды құрайтын «Тұғыл – Майқап­шағай» теміржол желісін іске асыру көзделіп отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазір Риддер және Шемонаиха қалаларындағы вокзал ғимараттары толық жөндеуден өтті. Осы айдың соңына дейін Алтай мен Серебр­янск қалаларындағы вокзалдарды қайта жаңғырту аяқталса, тамыз айында Өскемен теміржол вокзалындағы жұмыстар толық мәресіне жетеді. 

Сондай-ақ Ұлан ауданында «Ұлан» көлік-логистикалық кешені салынып жатыр. Жоба іске қосылғаннан кейін кешен жыл сайын 900 мың тоннаға дейін жүк, оның ішінде 326 мың контейнер өңдеуге қауқарлы болады. Инвестиция көлемі – 20 млрд теңге. Нысанның бірінші кезеңін келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Ал бұған дейін жөндеуден өткен «Өскемен – Талдықорған», «Өскемен – Семей» және «Омбы – Майқапшағай» республикалық тасжолдарынан кейін қазіргі уақытта «Өске­мен – Рахман қайнары» тасжолын қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарын дамы­туға шамамен 20 млрд теңге қарасты­рылған.

Ауыл шаруашылығы терең өңдеуге бет бұрды

Осыдан бірнеше жыл бұрын аграрлық саланың негізгі көрсеткіші жиналған өнім көлемі болса, бүгінде басымдық өзгерді. Енді басты назар ауыл шаруашылығы өнім­дерін терең өңдеуге, заманауи өндірістерді дамытуға және қосылған құны жоғары өнім экспортын ұлғайтуға аударылып отыр.

Биылғы егіс науқаны шамамен 635 мың гектар алқапты қамтыды. Бұл – өткен жыл­мен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Көк­темгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 20 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген не­сие берілді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техни­касын жаңарту жұмыстары жалғасуда.

Өңірде жалпы құны 27 млрд теңгені құрайтын алты инвестициялық жоба қатар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында Өскеменде жаңа сүт зауытын салу, балық шаруа­шылығын дамыту, көкөніс сақтау қой­маларын жаңғырту және жаңа мал шаруа­шылығы кешендерін іске қосу жобалары бар.

Бұл бастамалардың нәтижесі қазірдің өзінде байқалып отыр. Мал басы көбейіп, ет пен сүт өндірісі артып келеді. Ал азық-түлік өнім­дерін өндіру көлемі өткен жылдың сәйкес ке­зеңімен салыстырғанда 11 пайызға өсті.

Әсіресе, өнімді қайта өңдеу саласы қарқынды дамуда. Сары май өндірісі үштен бірінен астамға, ірімшік өндірісі шамамен 13 пайызға, ал ет консервілерін шығару көлемі 25 пайызға ұлғайды.

Бүгінде Шығыс Қазақстан өсімдік майын, балды, жаңа ауланған балық пен қымызды өндіру бойынша елімізде көш бастап тұр. Сонымен қатар сүт өнімдерін өндіруде жетекші өңірлердің қатарында және экспорт көлемін тұрақты түрде артты­руда. Биылғы төрт айдың қорытындысында агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 22 пайызға өсіп, оның төрттен үш бөлігі өңделген өнімдердің үлесіне тиесілі болды.

Балабақшадан инженерлік зертханаға дейін

Экономикалық көрсеткіштер – өңір дамуының бір ғана қыры. Ең маңыздысы – халықтың жайлы өмір сүруіне, балаларды тәрбиелеп, сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау.

Бүгінде Шығыс Қазақстан соңғы жыл­дар­дағы ең өзекті міндеттің бірі – мектепке дейінгі біліммен қамту мәселесін іс жүзінде шешті. 1 шілдедегі жағдай бойынша 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту деңгейі 99,3 пайызға жетті.

Бұл көрсеткіштің артында нақты нәтиже­лер тұр. Жыл басынан бері тағы 350 орын ашы­лып, Өскемен қаласы мен Күршім аудан­ында екі жаңа жекеменшік балабақша пайдалануға берілді. Сондай-ақ облыс орталығы мен Зайсан ауданындағы мектепке дейінгі ұйымдардың мүмкіндігі кеңейтілді.

Қазір облыста 33 мыңнан астам баланы қамтитын 380 балабақша жұмыс істейді. Әлеу­меттік тұрғыдан осал санаттағы отбасы­лардың балаларына ерекше көңіл бөлінуде. Осындай 5 мың бала мектепке дейінгі бі­лім­мен бюджет қаражаты есебінен тегін қам­тылған. Биыл бұл мақсатқа 453 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.

Білім беру саласындағы жұмыстар жаңа нысандар салумен ғана шектелмейді.

Тамыз айында Риддер қаласында мем­лекеттік тілде білім беретін, 600 оқушыға арнал­ған заманауи мектеп пайдалануға беріледі. Оның құрылысын әлеуметтік жау­ап­­кершілік аясында «Қазмырыш» ком­пания­сы қаржыландырып отыр. Сонымен қатар Самар ауданында 150 орындық жаңа мектеп салынды. Қазір Зайсан, Марқакөл және Күршім аудандарында тағы бес мектептің құрылысы жүргізілуде.

Білім сапасын арттыру да басты назарда. Биыл алғаш рет 6 мың оқушының басын қосқан SHYGYS BALAFEST фестивалі ұйымдастырылды. Ал жазғы демалыс кезінде 700 дарынды бала «Дарын» орталығында тынығуда. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 100 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.

Өңірде жаңа өнеркәсіптің сұранысына ие болатын инженерлік және техникалық мамандықтарды даярлауға ерекше мән берілуде. Соның жарқын мысалы – «Лу Бань шеберханасы» жобасы.

Орталықта электрлі автокөліктерге қызмет көрсетуге арналған төрт заманауи зерт­х­ана жұмыс істейді. Мұнда әлемнің 16 елінен келген 500-ден астам студент білім алуда. Сонымен қатар орталық Allur зауы­тымен және Astana Motors компаниясымен әріптестік орнатып, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне мүмкіндік жасап отыр.

Осылайша Шығыс Қазақстан индустрия­лық өңір ғана емес, жаңа буын инженерлерін даярлайтын маңызды білім беру алаңына да айналып келеді.

Денсаулық сақтау: заманауи медицинаға бет бұрды

Өңірдің әлеуметтік дамуы сапалы ден­сау­лық сақтау жүйесінсіз мүмкін емес. Сон­дықтан бұл салада да қолданыстағы нысанд­арды жөндеумен қатар, жаңа меди­циналық инфрақұрылымды қалыптастыруға басымдық берілуде.

Биылғы бес айдың қорытындысында туберкулезге шалдығу көрсеткіші 14,5 пайызға төмендеді. Ал онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім шамамен 10 пайызға азайды.

Өскеменде Гематология орталығы мен 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасып жатыр. Сонымен қатар Ана мен бала орталығын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында қол­даныстағы стационар заманауи перина­талдық орталық ретінде қайта жабдықталады.

Жылдың алғашқы жартысында күрделі жөндеуден өткен Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының жаңа жансақтау бөлімі пайдалануға берілді.

Жыл соңына дейін Зайсан ауданындағы Қаратал ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталады. Сондай-ақ Онкология және хирургия орталығының хирургиялық корпусы жаңғыртылып, Алтай ауданының ауданаралық ауруханасы жанынан магниттік-резонанстық томографқа арналған жеке ғимарат салынады.

Денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуге, медициналық жабдықтарды жаңартуға және дәрігерлердің шетелдік тағылымдамаларына шамамен 3 млрд теңге бағытталды.

Адам капиталына салынған инвестиция

Әлеуметтік саясат облыс бюджетінің басым бағытының бірі болып қала береді. 

Биылғы алғашқы жартыжылдықта ғана халықты әлеуметтік қолдау шараларына 27,2 млрд теңге бағытталды. Мемлекеттік қолдау Әлеуметтік кодекс талаптарына сәйкес оған құқығы бар азаматтардың барлық санатына көрсетілуде. 

Алайда өмір сапасы тек әлеуметтік төл­ем­дермен өлшенбейді. Ол үшін адам­дар­дың спортпен шұғылдануына, шығармашы­лықпен айналысуына, өз қабілетін дамытуына және белсенді өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау маңызды.

Спортты серік еткен өңір

Шығыс Қазақстанда спорт әлдеқашан тек жоғары жетістіктер ғана емес, бұқаралық өмір салтының ажырамас бөлігіне айналды.

Жыл басынан бері облыста түрлі деңгей­дегі мыңға жуық спорттық іс-шара ұйымдас­тырылды. Көктемде өңір фристайл, тау шаң­ғысы және сноуборд спорт түрлері бойынша бірден алты Қазақстан чемпионатын қабылдады.

Спортшылардың жетістігі де көңіл қуан­тады. Жылдың алғашқы бес айында олар республикалық және халықаралық жарыстарда 2 173 медаль жеңіп алды. Оның 760-ы – алтын медаль.

Спорт инфрақұрылымы да жүйелі түрде жаңартылып келеді. Өскеменде волейбол орталығының құрылысы басталды. Риддер қаласында, Зайсан қаласында және Күршім ауданында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтеруде. Сарытерек ауылында спорт модулі салынып жатыр. Сонымен қа­тар облыс орталығында ипподром құрылы­сы жалғасуда.

Экономиканы әртараптандырудың ең перспективалы бағыттың бірі – туризм. Бұл саланың дамуы шағын және орта биз­нес­ке, саудаға, көлікке, қоғамдық тамақтану мен қызмет көрсету саласына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік жасайды.

Шығыс Қазақстан облысының табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, өңірде төрт негізгі туристік кластер айқын­далған:

– Катонқарағай мен Үлкен Нарын – wellness-туризмді, глэмпингтерді, пантомен емдеу қызметін және Мұзтау шыңына бағытталған туристік маршруттарды дамытуды көздейтін экологиялық, сауықтыру және этнотуризм кластері;

– Глубокое, Алтай және Риддер – тау шаңғысы және белсенді демалыс туризмі;

– Марқакөл мен Зайсан – экологиялық туризм мен табиғи аумақтарды дамыту;

– «Қала – Таулар – Көлдер» (Өскемен қаласы, Ұлан және Глубокое аудандары) – демалыс күндеріне арналған жыл бойы жұмыс істейтін туристік дестинация.

Биыл туризм саласын дамытуға, оның ішінде туристік нысандар мен инфрақұ­рылымға 25 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Мәдениет – өңір экономикасының бөлшегі

Соңғы жылдары мәдени іс-шаралар тек демалыс пен ойын-сауық құралы ретінде ғана емес, туризмді, шағын бизнесті және қызмет көрсету саласын дамытатын экономи­каның маңызды бөлігіне айналып келеді.

Биыл облыста бірқатар ауқымды мәдени жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Бұқ­тырма балықшысы» мұз үстіндегі балық аулау фестивалі, Showmen Fest, «Ғасырлық дәстүрлер» ұлттық мәдениет фестивалі, Sarybel Open Air музыкалық фестивалі ұйымдастырылды. Сондай-ақ алғаш рет облыстық филармонияның ашық аспан астындағы концерттері өтті.

Жылдың екінші жартысындағы мәдени күнтізбе де мазмұнды оқиғаларға толы. Жуырда 50 мыңға жуық қонақтың басын қосқан «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі жоғары деңгейде өтті. Гала-концерттің басты жұлдызы – әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген болды. Сондай-ақ республикалық «Ақтаны­мын Алтайдың» ақындар айтысы ұйымдас­тырылды.

Алдағы уақытта «Шығыс Салбурыны» этномәдени фестивалі, «Аяз Ата – Ақшақар» қысқы фестивалі және дәстүрлі «Туған жер – алтын бесігім» акциясы өтеді.

Бұл жобалардың барлығы мәдени мұраны сақтауға, туристер ағынын көбейтуге және өңір экономикасының жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға бағытталған.

Жайлылық сапалы инфрақұрылымнан басталады

Түптеп келгенде, тұрғындар өңірдің дамуын инвестиция көлемімен немесе өндірістік жобалармен ғана емес, өз қаласы мен ауылында өмір сүрудің қаншалықты қолайлы екенімен бағалайды.

Биыл Шығыс Қазақстан облысында жалпы ауданы 1 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынуда. Бұл шамамен 10 мың пәтерді құрайды.

Халықтың әлеуметтік осал санаттарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 14,5 млрд теңгені құрайтын 705 жалға берілетін пәтер сатып алу жоспар­ланған. Оның бір бөлігі «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.

Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да жүйелі түрде жалғасуда.

Бүгінде облыс тұрғындары сапалы ауызсумен толық қамтамасыз етілген. Ендігі негізгі міндет – сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңарту. Биыл бұл бағытқа 7,5 млрд теңге бөлініп, шамамен 309 шақыр­ым инженерлік желіні қайта жаңарту жос­пар­л­анып отыр.

Жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Жалпы құны 11,6 млрд теңгені құрайтын сегіз ірі жоба іске асырылуда. Үкіметтің қолдауымен Риддер жылу электр орталығы мен қаланың жылу желілерін күрделі жөндеу жалғасып жатыр.

Келесі жылыту маусымына дайындық қазірдің өзінде басталды. Биылғы жөндеу науқанының жалпы көлемі 28,3 млрд теңгені құрайды.

Цифрлық инфрақұрылым

Шығыс Қазақстанда цифрлық кеңістікті қалыптастыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Соның бірі – әртүрлі ақпарат көздерінен алынған деректерді жинақтауға, өңдеуге және талдауға арналған бірыңғай Data Lake деректер қоймасы құры­лып жатыр. Бұл ақпараттың шашыраң­қылығын азайтып, әр сала бойынша нақты әрі жедел талдау жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Өңірлік талдау орталығы мемлекеттік органдардың деректерін бір жүйеге біріктіріп, тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қоюға, мемлекеттік бағдарлама­лардың орындалуын бақылауға және анали­тикалық деректер негізінде тиімді басқарушы­лық шешімдер қабылдауға жағдай жасайды.

Осылайша, бүгінде Шығыс Қазақстан бірнеше бағыт бойынша кешенді дамып келеді. Өңір елдің жетекші индустриялық орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін сақтай отырып, инвестиция тартуды, жолдар мен мектептер салуды, медициналық меке­ме­лерді жаңғыртуды, цифрлық технология­ларды енгізуді және жаңа туристік бағыттарды дамытуды жүйелі түрде жалғастыруда. Экономикалық өсім, инфрақұрылымды жаң­ғырту және адам капиталына салынған инвестициялар өңірдің ұзақмерзімді әрі тұрақты дамуының берік негізін қалыптас­тырып отыр.

Айна Хасан