Соңғы жылдары мемлекеттілік тарихын сахна тілі арқылы жаңаша пайымдау, көремдік деңгейі жоғары шығармаларды театр арқылы көпшілікке ұсыну әдемі бір дәстүрге айналып келеді. Мұндай маңызды үдерістен Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры да шет қалмай, тарихи драматургияны жаңа көркемдік деңгейге көтерген шығармашылық ұжым ретінде даралана түсті.
Тарихты тірілтіп, сезімді тербеген
324
оқылды

Театр дарынды драматург Думан Рамазанның «Жошы хан» тарихи драмасын сахналау арқылы қазақ мемлекеттілігі тарихына терең бойлай білді. Ал халықтың бұл қойылымға деген ынта-ықыласы ерекше.

Жалпы, елдігінің қайнарын көне дә­уір­­­лердеге апарып тірейтін, ұлт болып ұйысу тарихын тереңнен бастайтын халықтар әлемде аз емес. Көне гректерді, мы­сыр­лықтар пен парсыларды, қытайларды айтпағанның өзінде бауырлас түркі-моң­ғол жұртының ішінде мемлекеттілік та­рихын сонау Мөде қаған дәуірінен бас­тайтындар да бар. Ал қазақ халқы – мың­даған жылдар бойы Ұлы далада мемлекет құрған жауынгер жұрттың тікелей ұрпағы. Дегенмен қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында Ұлық ұлыс – Алтын Орданың және сол ұлыстың алғашқы билеушісі Жошы ханның рөлі зор. Орталық билігі, өзіндік экономикасы мен мәдениеті, сырт­қы және ішкі саясаты болған, түрлі тайпаларды бір тудың астына жинаған ұлыстың шежіресі бүгінде мемлекеттік идеологияның қайнарына айналып келеді. Ал драматург Думан Рамазан «Жошы хан» драмасында қазақ даласындағы түркі тайпаларын бір ұлысқа біріктіріп, Ұлытауда ордасын тіккен, Қазақ мемлекеттігінің негі­зін қалаушы Жошы ханның образын аша білді. Ал сахнагерлер тарихи тұлғаны біржақты дәріптеуден немесе оқиғаларды құрғақ баяндаудан бойын аулақ ұстап, күрделі тарихи дәуірдің философиялық, психологиялық және мемлекеттік мазмұнын терең ашуға талпынады. Пьеса қан шеңгелдеп туса да, туған бауырын оққа қиса да, жарты әлемді қаһарымен жасқаса да, Шыңғыс ханның алдымен қаталдығы мен қайырымы астасқан әке, кешегі мен бүгінін, ертеңін де кеңінен ойлар тұлға, қаһармандық пен сатқындықты безбендеп парасатты пайымға салар билеуші екенін ұқтырғандай. 

Ұлттық мемлекеттігіміздің алтын дәуі­рі болған Жошы ұлысының негізін қалау­шы, хандардың атасы Жошы тағдырына арналған драма тартысқа толы. Ол өз иелігіне берілген Ертіс өзенінен Орал тауына, Каспий мен Арал теңіздеріне дейін­гі өлкелерге, Сырдария аймағы, Қойлық пен Сақасыннан Бұлғардың шетіне де­йінгі Қыпшақтың кең даласына өз әмірін жүргізеді. Сартауыл жорығы кезіндегі, Үрге­ніш түбіндегі шайқастардағы көзқарастар қайшылығы Жошы тұлғасын даралай бастайды. Драмада жас болғанына қарамастан, Жошы ханзаданың бейнесі керемет айшықталған. Ол – ұлысын қайырым-мейіріммен, ақылмен басқарған, халқына пана, қорған бола алған айбынды қолбасшы, ел билеу ісіне келгенде, тіпті әкесінің кей көзқарасымен келіспейтінін ашық айта алатын өткір мінезді, қайсар, жаужүрек тұлға ретінде сомдалған.

Шыңғыс қағанды өзге сипатта қалыптаудың, Жошы тұлғасына жаңаша пайыммен қараудың өзегінде режиссер Болат Ұзақовтың терең көркемдік концепциясы жатыр десек қателеспеген болар едік. Ол – тарихи тақырыпты дәстүрлі эпикалық баяндау шеңберінде қалдырмай, бүгінгі көрерменнің дүниетанымымен сабақтас­тыра білетін шешімтал режиссер. Тарихи оқиғалардың сыртқы көрінісінен бұрын олардың идеялық астарына, кейіпкерлердің ішкі драмасына, ұлттық мемлекеттілік туралы ойдың көркем бейнеленуіне басымдық береді. Сондықтан спектакльде арсы-гүрсі соғыс көріністері немесе жарқ-жұрқ еткен сыртқы эффектілер емес, адамның рухани таңдауы, билік пен жа­уапкершілік, әділет пен қатыгездік мәселелері алдыңғы қатарға шығады. Мұндай режиссерлік шешім спектакльдің көркем­дік деңгейін биіктетті және тарихи драманың эстетикалық мүмкіндігін кеңейтті.

Жақсы актер – режиссердің бағы. 

Б.Ұзақов әр рөлге әртіс таңдауда жаңылмауымен бірге қойылымның барлық ішкі иірімдерін көрерменге жеткізуде асқан шеберлік, кәсібилік биігінен көріне білді. Бәлкім содан да болар, барлығы тұтасқан, органикалық тұрғыда мінсіз өрілген дү­ниеге жасады. Бұл жерде ең негізгі жүк актерлерге артылғаны анық. Актерлар құра­мында мін жоқ. Ұлы қағанның рөлі (Асыл­бек Қапаев) сендіргені былай тұрсын, оның өзі арамызда тірі жүргендей әсер­ге бөледі. Оның «Шыңғысы» – алыс-жұ­лыстан қашып, бойын парасат билеген, ұлағатты ойлар қозғайтын салмақты тұлға. Ұлы қағанның әрбір сөзі діттеген жерге дөп тиіп жатты, ойлы, мағыналы, терең. Әбден сендіреді. Бұл актердің ғана шеберлігі емес, жылдар бойы ойланып, терең зерттеген, тақырыптың іші-қыртысын білген драматургтың шеберлігі де болса керек. Расында да, хандардың ханы – қаған деген осылай болса керек! Сұсы да, мысы да, сесі де, есі де басым болуы керек.

Театр актерлерінің ансамбльдік ойыны қойылымның көркемдік қуатын арттырып, жандандыра түседі. 

«Жошы хан» драмасында динамика бар екен, – деп жазады сыншы Н.Қабылбек, – Динамика бар жерде шынайылық пен шеберлік ұштасары анық. Актерлердің шеберлігі де көзге бірден шалынады. Көрерменді баурап алып, бұлыңғыр ғасыр­дың бұралаң жолына жетелей жөнеледі. Әр актер өзіне бекітілген образды әдемі аша білген. Тартымды. Диалогтар көп сөзділіктен ада. Нақтылық бар. Талас-тартыс үстіндегі одағай сөйлемдер де жамырап кетпейді. Көрерменді жалықтырып жіберер монологтар мүлде жоқ. Аз сөзбен көп ой айтуға талпыныс байқалады. Бұл шиеленіске толы драманың ауа жа­йылып кетпеуіне, құрылымының құлдырамауына кәдімгідей көрік беріп тұр». 

Сарайдағы сан алуан интрига, астыртын ымдасулар мен күдік-күмәнге толы ойлардың шарпыса шиеленісуі драма тартысын күшейте түскен. Ақыл-парасаты мен күш-қайраты, ең бастысы, гуманистік адамгершілігі тұрғысынан Шыңғыс қағанның өзге үш ұлынан Жошының айбары асып тұр. Алайда оны әр қадам сайын «шақырылмаған қонақ» деп бетіне басып отыруы спектакльдің өн бойында жүреді. 

Ауыздан шыққан сөз сөйленіп қана тұрған жоқ, ол сөз жүрек болып соғып, бо­йына қан жүгіріп, жан біткен. Кез келген қимыл шашаусыз, өз орнымен, өз уа­қы­­тымен өтеді. Әрбір ойын әбден дайын­да­лып, бабына келгенде басын жібер­ген бәйге аттарындай ытырылып, алма-кезек ауысып, визуализациямен аста­сып жүреді. 

Жошы болып ойнаған жас актер де (Қайыржан Садық) рөлді өз биігінде алып шықты. Алғашқы дебют, алғашқы ойын, алғашқы қошемет – бәріне де лайықты. Тарихи дәуірдің рухын дәл танытқан сахналық киім үлгілері, кеңістікті символдық мәнде ұйымдастырған декорация, тәңірлік дүниетанымның көркем белгілері мен көне түркілік таным элементтері спектакльдің идеялық мазмұнын байыта түс­кен. Композитор Еділ Құсайынның арнайы жазған музыкалық партитурасы қойылымның эмоционалдық қуатын арттырды, бағзы түркі сарындары, қобыз бен үрмелі аспаптардың үні, эпикалық әуездер мен драмалық музыкалық шешімдер сахналық әрекетпен біртұтас өріліп, көрерменді XIII ғасыр кеңістігіне сөзсіз жетелейді. Музыканың құдіреті сонда ғой, ке­йіп­керлердің ішкі жан дүниесін, уақыт тыны­сын және ұлттық дүниетанымды бей­нелеп қоймай, сол дәуірді көрерменнің де бо­йынан өткізіп, сүйегіне жеткізе алады. 

Ал сөз бәрінен де қуатты. Драманың авторы Думан Рамазанның шығармашы­лығын бақылап келе жатқан адам ретінде пьесаның таптаурын болған тақырыптардан қашып, ұлттық бұлқыныстан, өз бетінше ізденуінен, тың жол табуынан туындаған кеп екенін байқап отырмыз. Туған әкесі мен бауырларының сенімсіздігі арқасына аяздай батқан Жошының сезімталдығы, жалғыздығы бізді көп ойларға жетеледі. Әр қилы көзқарастардың тас-талқанын шығарып, тарихымызды жылжытып қана қойған жоқ, баяғы замандарда болып, біраз уақыттарда өшіп қалған ерлігімізді, рухымызды, өрлігімізді қайта тірілтіп отыр. 

«Бұл шығарманы жазуда негізінен философия мен ойға құрдым. Көбінесе іс-әрекет пен қимылға емес, астарындағы ойға, көрерменнің санасына жететін ойға баса мән бердім. Сондықтан пьесаны сахналамас бұрын режиссермен келісіп алдым. «Сахнада атыс-шабыс, соғыстан гөрі қазаққа, ұлтқа қажетті ой айтайық» дедім. Болат Ұзақов та мені толық құптады. Халыққа рухани нәр беретін ерекше туынды жасағымыз келді. Енді шын бағасын көрермен берер», – дейді автор.

Театр, кино, жалпы мәдениет қандай формасында да қоғамның рухын көтеріп, идеологияны жүректің түбіне жеткізуге болады екен. Яғни «жұмсақ күш» (soft power) арқылы ішкі саясатты да, сыртқы саясатты да реттеуге болатынына анық көзіміз жетті. Күні кеше елімізге әлемге танымал актер Джеки Чан келіп, қонақ болды. Оның фильмдерінің өн бойында қытайлық мәдениет, қытайлық дүниетаным есіп тұрады. Ол үстіне бір киім кисе, ханзу киімін, сөйлесе бір ханзу сөзін қосып, жұмысын атқарады. Мұны «жұмсақ күш» дейді. «Жошы хан» қойылымы да «Қазақ мемлекеттігі жоқ», «Оның тарихы да болмаған» деген суық та жат көзқарастарға жауап. Қазіргі кезеңде елімізде Жошы тұлғасы мемлекеттік деңгейде ұлықталып жатыр. Президенттің Ұлытау облысын ашуы, алғашқы құрылтайды Ұлытау төрінде өткізуі, халықаралық конференцияны ұйымдастыруы сияқты ірі оқиғалардың қатарына оның осы «Жошы хан» спектакліне баруын қосуға болады. Бұл – әлем қауымдастығына, әсіресе көршілес алпауыт елдерге берілген сигнал. «Қазақтың тарихы тереңде», «Біздің бабаларымыз үлкен империя құрған», «Қазақ мемлекеттігі Жошы ұлысынан басталады» деген ұстанымға өнер ұжымдарының атсалысуы қуантарлық жағдай.

«Жошы хан» қойылымының премьерасына арнайы қатысқан Қазақстан 

Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Құтты болсын! Өте керемет қойылым болды. Шын мәнінде, пьесаның тақырыбы өте маңызды, өзекті. Мұндай туындылар халқымыз үшін қажет деп ойлаймын. Пьесаның тілі, мәтіні өте жақсы жазылған. Әртістердің бәрі жақсы ойнады. Шеберлігі мықты екен. Біздің тарихымызды, тарихи құндылықтарымызды қазіргі таңда халық арасында кеңірек дәріптеуіміз керек. Кейбіреулер қазақтардың өз тарихы, мемлекеті, елі болмаған деген сөздер айтып жүр. Ол – біздің тарихымызды бұрмалау. Өнерлеріңіз қашанда табысты болсын. Баршаңызға аманшылық тілей­мін», – деп шынайы тілегін жеткізгенін лайықты бағалау деп білеміз.

«Жошы хан» тарихи драмасы қазақ театр өнерінің биік жетістігі ретінде көрер­меннің жүрегінен орын алып, ұлттық руханияттың асыл қазынасына айналды. Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының шығармашылық ұжымы ұлттық тарихты көркемдік биік деңгейде сөйлете білген осы бір тағылымды туындысымен Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет және өнер жөніндегі Мемлекеттік сыйлығын иеленеді деп сенеміз. «...Заңғар таулардан асып, терең теңіздерді кешіп, таралғы созылғанша, үзеңгі қажалғанша тыным таппай, қаншама халықты қарамағына қаратып, бір ұлысқа ұйыстырған Жошы» тұлғасы ұлықтала берсін! Театр ұжымының шығармашылық табысы артып, «Жошы хан» спектаклінің мерейі үстем болып, Мемлекеттік сыйлықтың биігінен көрінуіне шынайы тілектеспіз!

Заңғар КӘРІМХАН, әдебиеттанушы