Келісім Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту, зерделі ұлт қалыптастыру және шығармашыл, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу жөніндегі бастамаларын іске асыруға жаңа серпін беріп, жазушы мен оқырман арасындағы байланысты нығайтуды көздейді.
Меморандумға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов пен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков қол қойды.
Құжат аясында тараптар ұлттық әдебиетті кеңінен насихаттау, кітап оқу мәдениетін дамыту, жазушылар мен оқырмандар арасындағы байланысты нығайту, әдеби-ағартушылық іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыру және жастардың кітапқа қызығушылығын арттыру бағытында ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға келісті.
Алдағы уақытта республика көлемінде жазушылармен кездесулер, шығармашылық кештер, шеберлік сағаттары, кітапханалардағы тағылымды жүздесулер, мектептер мен жоғары оқу орындарындағы әдеби кездесулер, сондай-ақ ұлттық әдебиетті дәріптеуге бағытталған бірлескен жобалар жүзеге асырылады. Бұл жұмыстарға Қазақстан Жазушылар одағының өңірлік филиалдары мен әдеби қауымдастық өкілдері де белсенді қатысады.
«Ұлттың рухани деңгейі ең алдымен оның кітапқа деген көзқарасымен өлшенеді. Кітап оқитын қоғам – ойлайтын қоғам. Сондықтан «Кітап оқитын ұлт» бастамасы жай ғана жоба емес, бұл – елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қоғамдық қозғалыс. Қазақстан Жазушылар одағы осы игі іске өз қаламгерлерінің шығармашылығы мен тәжірибесін жұмылдырып, жазушы мен оқырман арасындағы алтын көпірді одан әрі нығайтуға үлес қосады», – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.
«Біздің басты мақсатымыз – кітап оқуды күнделікті өмірдің ажырамас мәдениетіне айналдыру. Бұл меморандум – соның нақты көрінісі. Қазақстан Жазушылар одағының жобаға қосылуы арқылы біз әдебиеттің қоғамдағы рөлін күшейтіп, қаламгерлер мен оқырмандардың еркін сұхбат алаңын кеңейтеміз. Әр өңірде ұйымдастырылатын кездесулер мен бірлескен бастамалар жастардың кітапқа қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға тың мүмкіндік береді», – деді «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков.
Меморандумға сәйкес, Қазақстан Жазушылар одағы республикалық жобаның серіктестерінің бірі ретінде өңірлік филиалдарын, қаламгерлерді, әдебиеттанушыларды және мәдениет қайраткерлерін жоба жұмысына тартуға қолдау көрсетеді.
Тараптар сондай-ақ республиканың барлық өңірінде кітап оқу мәдениетін дамытуға, қазақ әдебиетін кеңінен насихаттауға, жастардың оқуға қызығушылығын арттыруға және қоғамда білім мен руханият құндылықтарын нығайтуға бағытталған жаңа бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыратын болады.
Бұл меморандум – екі ұйым арасындағы кезекті келісім ғана емес, кітапты қоғамның басты құндылықтарының біріне айналдыруға бағытталған ұзақ мерзімді серіктестіктің бастауы.
