Оның сөзінше, бүгін ректордың жұмыс кабинетінде және тұрғылықты жерінде тінту жүргізілген.
Оралдағы университет ректоры Нұрлан Серғалиев ұсталғаны туралы ақпарат тарады
308
оқылды

Әлеуметтік желіде Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры Нұрлан Серғалиевке қатысты ақпарат тарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңгер Бауыржан Ахметжанұлының мәлімдеуінше, университет ректоры Нұрлан Серғалиевке қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның сөзінше, бүгін ректордың жұмыс кабинетінде және тұрғылықты жерінде тінту жүргізілген.

«Университет қызметкерлерінің мәліметінше, ректор Нұрлан Серғалиев қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталды. Қазір оның жұмыс орнында тінту жүріп жатыр. Қылмыстық қудалауды Батыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жүргізіп жатыр», – деп жазды Бауыржан Зәки әлеуметтік желідегі парақшасында.

Нұрлан Серғалиев сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты.

Әлеуметтік желіде тараған, әзірге ресми түрде расталмаған мәліметтерге сәйкес, тергеу университеттің ғылымды дамытуға мемлекеттен бөлінген қаражаттың жұмсалуына қатысты жүргізіліп жатыр. Редакция Батыс Қазақстан облысының Полиция департаментінен және басқа да құзырлы органдардан ресми түсініктеме сұрады. Бірақ жарияланым дайындалған сәтте Полиция департаменті бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірмеді. Сондай-ақ өзге құзырлы органдардан да ресми растау немесе түсініктеме жарияланған жоқ. Университеттің баспасөз қызметі де аталған ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме бермеді.