Кедендік рәсімдердің ашықтығы мен біркелкілігін қамтамасыз ету мақсатында саланы ауқымды цифрландыру жүргізіліп жатыр. Бүгінде елдің сыртқы шекараларындағы 9 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жұмыстары аяқталды. 2025 жылдан бері 14 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасқан. Қалған 23 өткізу бекеті бойынша дайындық жұмыстары басталды және олар құрылыс жұмыстарымен қамтылған.
Шекара қақпасының жаңғыруы: тапсырма, қарқын, нәтиже
125
оқылды

 Сондай-ақ Президенттің тапсырмасына орай автоматтандырылған бақылау тетіктері мен электрондық декларациялау жүйелері енгізілген. 5 пунктте жүк көліктеріне арналған сервистік аймақтар салынып жатыр.

Қазақстанда шекаралық көлік өткізу бекеттерін қалпына келтіру жұмыстары алты жыл бұрын басталған болатын. 2020 жылғы ақпанда Жамбыл облысындағы «Қордай» автомобиль өткізу пунктін реконструкциялау және кеңейту жұмыстары қолға алынды. Кейін жаңарған бекет қолданысқа берілді. Алайда өзге пункттердің құрылысы ұзап кеткені байқалады. Сондықтан Президент бұл істі жеделдетуді қадап тапсырды. Себебі оның кешеуілдеуі теміржолмен және автокөлікпен жүк транзитін дамытуға бөгесін болып тұр.

Шекара шебіндегі серпіліс сынағы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткізу пункттері мәселесін Жол­дауларында да, Ұлттық құрылтай отырыс­тарында да көтерді. Жауапты тұлғалар қарымды іс-қимыл мен әбжілдік таныт­па­ғандықтан, Президентке бұл сынын 2026 жылғы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында қайталауға тура келді. 

– Біз жүк және жолаушылар транзитін барынша тиімді ету үшін шекарадағы өткізу бекеттерін жаппай жаңғырта бастадық. Былтыр 9 бекет іске қосылды. Келесі жыл­дың соңына дейін тағы 33 бекет толық жаңғ­ыртылуға тиіс. Бірақ бекеттердің сапасына да қарауымыз керек. Цифрлық тәсілдер мен жасанды интеллектінің көмегімен кедендік рәсімдерді оңтайландыру керек. Бірақ бақылау да әлсіреп кетпесін. Еліміздің және көрші мемлекеттердің ақпараттық жүйелерін өзара байланыстыру керек, – деді Қ.Тоқаев. 

Бұдан кейін ол 2026 жылғы 30 маусымда, қос палаталы Парламенттің соңғы бірлескен отырысында аталған проблемаға қайта оралып соқты. Мемлекет басшысы соңғы 5 жылда ел аумағы арқылы автокөлікпен тасымалданатын жүк көлемі екі есе артып, 6 миллион тоннаға жеткенін атап өтті. Былтыр автокөлікпен жүк тасымал­дау­шылардың табысы 1,5 триллион теңгеге жетті. Бұл – теміржол саласындағы кіріспен шамалас көрсеткіш. 

Осының өзі отандық автокөлік тасымалы саласының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Алайда тең-тең жүк артқан алып фуралар жыл он екі шекарада ұзын-сонар кезекте қаңтарылып тұрады. «Сондықтан келесі 2027 жылы автокөліктерді өткізу бекеттерін жаңғырту ісі аяқталуы керек!» – деп нүкте қойды Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Осыдан кейін Премьер-министр Олжас Бектенов: «Үкімет Парламент палата­ларының бірлескен отырысында Президент айтқан тапсырмаларды орындауға кірісті. Келесі жылы автомобиль өткізу пункттерін жаңғыртуды аяқтау маңызды», – деп мә­лім­деме жасады. Содан бері бір айға жуық уақыт өтті. Не істелді? Үкіметтің баспасөз қыз­метінің хабарлауынша, мемлекеттік шекарадағы автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту енді жеделдетілді. Мемлекет басшысының шекара маңы инфрақұры­лымын дамыту, шекарадағы автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту мәселелері бойынша тапсырмасын орындауды үйлестіруге Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жауапты екен. Оның жетекшілігімен жуырда арнайы кеңес өтіп, онда автомобиль өткізу пунктерін қайта жаңарту және техникалық жабдықтау жобаларын іске асыру барысы қаралды.

Өткелдерді жаңғыртудың шешуші кезеңі

Бірінші вице-премьер Н.Нәлібаев өткізу пункттерін жаңғырту елдің транзиттік әлеуетін арттырудың, тексеру мен бақы­лаудан өту уақытын қысқартудың және азаматтар мен бизнес үшін қолайлы жағдай жасаудың негізгі шарты екенін атап өтті. Ол Көлік министрлігіне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен, «ҚазАвтоЖолмен» және ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, эскиздік жобаларды қайта қарауды, қазіргі заманғы қасбеттік материалдар мен жолау­шылар және жүктер ағынын ұйымдастыру талаптарын ескере отырып, автомобиль өткізу пункттерінің бірыңғай дизайн-кодын бекітуді жүктеді.

Жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жобаларды іске асыру мерзім­деріне, құрылыс жұмыстарының сапасына бақылауды күшейту, сондай-ақ нысандарға барып, жаңғырту барысына тұрақты мониторинг жүргізу жөнінде тапсырмалар берілді. Үкіметтің мәліметінше, «автомобиль өткізу пунктерін жаңғырту жобаларын іске асыру Үкімет басшылығының ерекше бақылауында» болмақ. 

Осы жұмыстың операторы «ҚазАвто­Жол» ұлттық компаниясы 2025 жылғы маусымда 37 өткізу пунктін жаңғырту тек 2030 жылы аяқталатынын жариялағантын.

«Қазақстанда мемлекеттік шекарадағы автомобиль өткізу пункттерін жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы басталды. Халық­аралық сауданың, транзиттік тасымалдардың және жолаушылар ағынының өсуі жағда-

й­ында 2030 жылға дейін 37 шекаралық объек­тіні кезең-кезеңімен реконструкциялау жоспарланған. Қазақстандық-қырғыз­стандық және ҚР-РФ шекараларындағы 6 жоба («Бесағаш», «Әлімбет», «Қарасу», «Жаңа жол» және «Қосақ») қазірдің өзінде іске асырылу үстінде», – деп мәлімдеді сонда компания. 

Президенттің сынынан кейін бұл меже 2028 жылға дейін бері жылжытылыпты. Бүгінде «Тасқала», «Өрлітөбе», «Құрман­ғазы», «Ақсай», «Қайрақ» және «Камыш­ановка» атты тағы 6 жоба қолға алыныпты. 

Жалпы, Президент қабақ шытып, қатаң тапсырма бергенге дейін бұл бағытта бейберекеттік жайлап, істің тоқырауға ұшыра­ғаны сезіледі. Мысалы, жауапты ведомство бұған дейін тек 33 өткізу пунктін қалпына келтірумен шектелуге бекініпті. 

«Бізде автомобиль өткізу пункттері бойынша жаңғырту жүріп жатыр. Ауқымды жұмыс басталды. 2026-2027 жылдар ішінде біз 33 өткізу пунктін толық жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. 2030 жылға қарай олардың өткізу қабілетін 35 млн тоннаға дейін ұлғайту мүмкіндігімен реконструк­цияны толығымен аяқтаймыз», – деген еді биылғы 4 қаңтарда Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров. Енді Президент сынынан кейін бұл сан 33-тен 37-ге ұлғайды.

– Шекара маңы инфрақұрылымын дамыту шеңберінде Еуразиялық экономи­калық одақтың ішкі шекарасындағы автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту жал­ғасты. 2028 жылға дейін 37 өткізу пунктін жаңғырту көзделген. Оның басым көпшілігі немесе 30-ы шекараның Қазақ­стан–Ресей учаскесінде орналасқан. Бұл осы елмен ынтымақтастық бағытының стратегиялық маңыздылығын көрсетеді. Жаң­ғырту іс-шараларын іске асыру Қазақ­стан мен Ресей арасындағы сауда-эконо­микалық байланыстарды нығайтуға, көлік-логистикалық дәліздердің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ Еуразиялық экономи­калық одақ шеңберінде тауарлар мен азаматтардың үздіксіз әрі қауіпсіз орын ауыстыруын қамтамасыз етуге ықпал ететін болады, – деп түсініктеме берді «Қаз­АвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.

Транзитті тосылтқан түйткіл

Кеденге жауапты Қаржы министрі Мәди Такиевтің мәліметінше, кедендік рәсімдердің ашықтығы мен біркелкілігін қамтамасыз ету мақсатында саланы ауқымды цифрландыру жүргізіліп жатыр. Бүгінде елдің сыртқы шекараларындағы 9 авто­мобиль өткізу пунктін жаңғырту жұмыстары аяқталды. 2025 жылдан бері 14 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасқан. Қалған 23 өткізу бекеті бойынша дайындық жұмыстары басталды және олар құрылыс жұмыстарымен қамтылған. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасына орай автомат­тандырылған бақылау тетіктері мен электр­ондық декларациялау жүйелері енгізілген. 5 пунктте жүк көліктеріне арналған сервистік аймақтар салынып жатыр.

Әйткенмен, Үкімет басшысы О.Бектенов Президент қойған міндетке сәйкес, барлық 37 өткізу бекетінің құрылысын 2027 жылы толық аяқтау қажеттігіне табандап отыр. Бұл міндет белгіленген межеде орындала ма, уақыт көрсетеді. Жуырдағы Үкімет отырысында Премьер-министр «өткізу пункттеріндегі жаңғырту жұмыстарының тым баяу жүргізіліп жатқанын» қатаң сынға алып, «қарқынның жоқтығын» нұсқады. Сол себепті барлық операциялық процесті жеделдетуді тапсырды.

Әйтпесе, шекаралық бекеттердің шек­теулі өткізу қабілеті транзиттік әлеуетті толыққанды жүзеге асыруға кедергі болып жатқан көрінеді. Мысалы, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының деректеріне жүгінсек, 2025 жылдың қоры­тындысы бойынша транзиттік тасымалдау көлемі 33 млн тоннаға жетті. Бұл 2024 жыл­ғы деңгейден 20%-ға көп! Алайда тран­зиттік тасымал үлесі жалпы тасымал көлемнің 10%-ын ғана құрады. Қалған тасымал шекараны кесіп өтпей, ел аумағында ғана орындалған. Бірақ 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларында транзит 14%-ға күрт өсіп, 8 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін ұлғайды. Бұл ретте контейнерлік тасымал 6%-ға өсіпті. 

Мұның сыртында ұлттық компания транзит әлеуетін молынан пайдалануға мүмкіндік болуы үшін мемлекетаралық түйісу пункттерінің өткізу қабілетін жылына 100 млн тоннаға дейін кеңейту қажеттігіне назар аудартты. Бұл халық­аралық тасымалдауға серпін беріп, өткізу пункттері арқылы өту тәртібін жеңілдетер еді. 

Бұдан бөлек, автомобиль өткізу пункт­терін еселеп өскен тасымал ауқымы мен заман талабына сай қайта құру және техникалық жағынан жете жарақтандыру қажет. Жобалау-сметалық құжаттаманы уақы­ты­лы әзірлеу және мемлекеттік сарап­тамадан өткізу, сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарының кестесін қатаң сақтау міндеті тұр. 

Бұл саладағы ведомствоаралық үйлестіру, соның ішінде құрылыс жұмыстарын бақылау ісі ақсап тұрған көрінеді. Оны күшейту және оны өткізу пункттерінде заманауи бақылау жүйелерін енгізу ісімен ұштастыру шаралары арнайы бақылауды талап етеді. Жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыру, құрылыс сапасы мен мерзімдеріне қатаң қадағалауды қамтамасыз ету, сондай-ақ тікелей нысандардың өзінде жұмыс барысына тұрақты мониторинг жүргізу маңызды. 

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы ерекше мән беріп отырған бұл салада түпкілікті нәтижесіне жетпей тұрған, тіпті әлі түрен түсе қоймаған маңызды міндеттер өрісі өте кең. Ақыр соңында жаңғырту жұмыстары жай ғана тапсырманың орындалғаны туралы көркем есепке айналып кетпесе, жөн. 

Кеңес кезінен бері жөндем жөндеу көрмеген өткізу бекеттерін толық ауқымды жаңғырту жолаушылар мен жүк өткізу қабілетін бірнеше есеге ұлғайтуға, шекаралық және кедендік бақылаудан өту уақытын қысқартуға, сондай-ақ азаматтар мен бизнес, сыртқы эконо­микалық қызметке қатысушылар үшін қазіргі заманғы және қауіпсіз жағдайлар жасауға қызмет етуге тиіс. Бастама сонымен қатар шекара маң­ындағы өңірлердің даму­ын ынталандырады және Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріне интегра­циялануын күшейтеді.

Айхан ШӘРІП