Ол бұл ретте әлемге әйгілі қаламгер Шыңғыс Айтматовпен болған бір әңгімесін еске алып, суреткер үшін ең басты өлшем ар-ождан екенін айтты.
Бигелді Ғабдуллин: «Сөз бостандығы – ойыңа келгеннің бәрін айту құқығы емес»
170
оқылды

Жазушы, публицист Бигелді Ғабдуллин «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында сөз бостандығы, жазушының жауапкершілігі және публицист этикасы туралы ой бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол бұл ретте әлемге әйгілі қаламгер Шыңғыс Айтматовпен болған бір әңгімесін еске алып, суреткер үшін ең басты өлшем ар-ождан екенін айтты.

«Қазақ әдебиеті» газетінің сұрағы:

– Сөз бостандығы мен жазушы этикасының арасы қай жерден ажырайды? Публицист үшін қандай «қызыл сызықтар» бар?

– Бірде мен осы сауалды Шыңғыс Айтматовқа қойған едім. Мені адамзат әдебиетіндегі мәңгілік тақырыптардың бірі – суреткер мен биліктің арақатынасы қалай қалыптасатыны қызықтырған.

Ол бірден жауап берген жоқ. Ұзақ үнсіз отырды. Әр сөзін салмақтап, көңіл таразысынан өткізіп отырғаны анық сезілді. Бұл тақырыптың өзі үшін де тым терең әрі жеке өзі үшін де тым маңызды екенін аңғардым. Содан кейін ғана былай деді: «Адам рухы қай дәуірде де еркіндікке ұмтылады. Еркіндік – суреткердің темірқазығы. Бірақ сол еркіндікке барар жолда билік міндетті түрде қарсы ұшырасады. Билік әрдайым талантты өз жағына шығаруға, өз мүддесіне қызмет еткізуге ұмтылады. Ал нағыз суреткер оған іштей қарсы тұрады…».

Мен бұл сөздерді өмір бойы жадымнан шығарған емеспін. Өйткені ол маған да көп нәрсені ұқтырды.

Сөз бостандығы – ойыңа келгеннің бәрін айту құқығы емес, ол – ең алдымен, айтылған әрбір сөз үшін жауап бере білу.

Публицисттің қоғамды әдейі жаңылыстыруға, жалған жала жабуға, өшпенділікті қоздыруға немесе адамның ар-намысын аяқасты етуге ешқандай құқығы жоқ. Бірақ оның үнсіз қалуға да құқығы жоқ. Себебі үнсіздік кейде әділетсіздікке ортақтасудың ең қауіпті түріне айналады.

Жазушы үшін ең басты шекара – өзінің ар-ожданы. Адам қателесуі мүмкін. Көзқарасын өзгертуі мүмкін. Өзінің бұрынғы жаңсақ пікірін мойындауы мүмкін. Алайда ар-ұжданына қарсы жазуға ешқандай хақы жоқ. Шынайы әдебиет адам өзіне ақтау іздеген жерден емес, ақиқатты іздеген жерден басталатын шығар,-деп жауап берді Б. Ғабдуллин.