Олжас Бектенов өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Жаңа Конституцияны жүзеге асыру ұлттық экономиканы нығайту, инвестициялық тартымдылықты арттыру, бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасау және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту үшін берік институционалдық негіз қалыптастырады.
«Біз бауырлас Өзбекстанмен стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды жан-жақты дамытуға ерекше мән береміз. Өңірлер басшылары кеңесінің құрылуы мемлекеттеріміз арасындағы қарқынды саяси диалогтың дәйекті жалғасы болып, өзара сенім мен тату көршілікке негізделген ықпалдастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен бірге елдеріміз арасындағы сауда-инвестициялық байланыстарды одан әрі жандандыруда өңіраралық қарым-қатынастар орасан зор рөл атқарады. Кеңес жұмысы екі мемлекет басшыларының белгілеген көрсеткіштерін 10 млрд долларға дейін ұлғайту міндетіне қол жеткізуге елеулі үлес қосатынына сенімдімін», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жиын қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері арасында бірқатар меморандумға, сондай-ақ жалпы сомасы 80 млрд теңгеден астам коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Жаңа уағдаластықтар бауырлас елдер мен шекара маңы байланыстарын нығайтуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және Орталық Азияның орнықты экономикалық дамуына ықпал етуге тиіс.
