Бұл туралы Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин мәлімдеді.
Тарихи жетістік: Қазақстанның бес киелі нысаны бүкіләлемдік мұралар тізімін толтырды
154
оқылды

Маңғыстаудағы Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан Үпі жерасты (жартасты) мешіттері ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Тарихи шешім Корея Республикасының Пусан қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік мұралар комитетінің 47-сессиясында қабылданды. Бұл туралы Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин мәлімдеді.

Ерлан Қариннің айтуынша, бұл – Қазақстан үшін тарихи маңызы зор оқиға. Өйткені еліміздің мәдени мұрасы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне соңғы рет 2004 жылы енгізілген еді. Сол кезде Таңбалы петроглифтері тізімге енсе, оған дейін 2003 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған.

Оның сөзінше, кейінгі жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау жұмыстары жаңа қарқын алды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында Маңғыстаудың жартасты мешіттерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу жұмыстарын бастауды тапсырған болатын. Бүгін сол бастама нақты нәтижесін берді, – деп жазды Ерлан Қарин.

Ол ЮНЕСКО-ның бұл шешімі Қазақстанның бай рухани және мәдени мұрасын әлемдік деңгейде мойындаудың айқын көрінісі екенін атап өтті.

Қариннің жазуынша, Маңғыстаудың жартасты мешіттері тек құлшылық орындары ғана емес, өз заманында білім мен ағартудың маңызды орталықтары болған.

– Бұл жартастарда халқымыздың тарихи жады, ата-бабаларымыздың аманаты сақталған. ЮНЕСКО аталған нысандарды көпғасырлық рухани, мәдени және сәулет дәстүрлерінің озық үлгісі ретінде мойындады, – деді ол.

Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасарының пікірінше, тарихи нысандардың ЮНЕСКО тізіміне енуі әлем жұртшылығының назарын Қазақстанға тағы бір мәрте аударып, отандық туризмнің дамуына серпін береді. Сонымен қатар бұл өңірдегі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға да мүмкіндік ашады.

Ерлан Қарин бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

– Бұл – үлкен жұмыстың басы ғана. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда, Түркістанда және Қызылордада өткен отырыстарында ЮНЕСКО тізімдеріне ұлттық номинацияларды енгізу жұмыстарын жандандыруды тапсырған еді. Алдымызда Жаркент мешітін, Алматыдағы Вознесенск кафедралды шіркеуін, Қаратау петроглифтерін және хәкім Абайдың "Қара сөздерін" ЮНЕСКО тізімдеріне енгізу міндеті тұр. Ендігі күш-жігеріміз осы бағытқа жұмсалады, – деп сөзін түйіндеді ол.