Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Омбы қаласында өткен XXII Қазақ­стан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатыстып, пленарлық отырыс­та сөз сөйледі. Жиын басталардан бұрын Президент Ресей басшысымен кез­десті. Мемлекеттер басшылары екіжақты күн тәртібіндегі ауқымды мә­се­лелерді талқылады.
Ортақ мүдде – орнықты даму
125
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Вла­димир Путинге Омбы төрінде қо­нақ­жайлық танытқаны үшін алғыс айтты. Со­ны­мен қатар ХХІІ өңі­ра­ра­лық ынты­мақ­тастық фору­мы ая­сындағы жүздесу Қазақстан – Ресей ықпалдастығының не­гізгі ба­ғыт­тарын­дағы жан-жақты диа­лог­ты жал­ғастырып, алдағы қа­дам­дар­ды нақ­тылауға мүмкіндік бе­ре­тінін жет­кізді.

– Біз – аса ірі сауда серіктестеріміз. Был­тыр сауда көлемі шамамен 28 миллиард долларды құрады. Биылғы бе­талысымыз да өте жақсы. Өткен жыл­ғы сәйкес кезеңмен салы­с­тыр­ған­да, биыл бес айда өзара сауда кө­ле­мінің қарқыны айтарлықтай арта түс­ті. Ресей экономикамызға инвес­ти­ция салатын елдердің арасында көш бастап тұр. Инвестиция көлемі ша­ма­мен 30 миллиард долларға жетті. Бір­лескен күш-жігердің арқасында жал­пы құны 53 миллиард доллар бо­латын 177 перспективті өнеркәсіп жо­басының тізімі жасақталды. Оның 122-сі іске асырылды. Қазіргі күрделі гео­саяси жағдайды ескерсек, бұл – көңіл қуантатын жетістік, – деді Қа­зақ­стан Президенті.

Мемлекет басшысы гуманитарлық са­ладағы ықпалдастық деңгейін жо­ғары бағалады. Сондай-ақ Қазақ ұлт­тық университетінің Омбыдағы фи­лиалын ашуға қолдау білдіргені үшін Ресей мемлекетінің басшысына ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан­дағы алғашқы атом электр стан­ция­сын бірлесе салу жобасының ағым­дағы жағдайы туралы пікір білдірді.

– Маған Балқаш көлі маңында ны­сан орнын дайындау жұмыстары аяқ­талуға жақындағанын баяндады. Бұл жоба Қазақстан аумағында энер­гия­ның жаңа түрін өндіруге ғана қа­тыс­ты емес. Ол сонымен қатар мем­ле­кеттеріміздің, ең бастысы, халық­тарымыздың және өскелең ұрпақтың арасында алтын көпір болады. Өйт­кені біз Ресей көмегімен техникалық кадр­ларды, кейін атом индустриясы сияқ­ты аса күрделі салада жұмыс іс­тейтін жергілікті қазақ мамандарын даяр­лағымыз келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Кездесу барысында Мемлекет бас­шысы Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу мәселесіне қатысты өз ұстанымын жеткізді.

– Өзіңізге мәлім, мен әуел бастан мұның мемлекетаралық қақтығыс екенін айтқанмын. Бұл қандай да бір азаматтық соғыс емес. Біз украин халқына, оның мәдениеті мен тіліне әрдайым құрметпен қараймыз. Аталған қақтығыстың көп­шілік үшін, соның ішінде біз үшін тү­сініксіз тұстары көп. Білуімше, сіз Аляскадағы Анкориджде өткен кездесуде дипломатиялық тұрғыдан барынша икемділік таныттыңыз. Осы орайда өз пікірімді білдіргім келеді. Өйткені маған да өтініштер айтылады. Меніңше, қақтығысты уақытша тоқтатып, 2.0. Ыстанбұл формуласына оралған дұрыс. Себебі аталған келіссөз барысында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген еді. Содан кейін алпауыт елдердің, со­ның ішінде Ресейдің кепілдігі ар­қы­лы көптен күткен бейбітшілікке қа­дам басуға болады.  Қазақстан – бұл мәселеде сырт қалатын ел емес. Алай­да қаншама мәрте ұсыныстар мен үндеулер айтылғанына қарамастан, мен бұл қақтығыста арағайын болудан үзілді-кесілді бас тартамын. Өйткені Ресей – ұлы ел, ал орыс халқы – ұлы халық. Күн тәртібіндегі барлық мә­селені делдалсыз-ақ шеше алады. Алай­да бүгін өз пікірімді білдіруді жөн көрдім. Себебі адамдар менің Ом­быға жоспарлы сапарымнан, Сізбен кездесуімнен хабардар. Тығырықтан қалай шығу керек екенін ешкім білмейді. Қос тараптың өз ұстанымы бар. Әйтсе де, осы алауыздықты уақытша доғаруға болады. Бұл – сынақтан өткен халықаралық тәжірибе, амал. Өкінішке қарай, өрімдей жастар құрбан болып жатыр. Олар – бауырлас Ресей мен Украина халықтарының келешегі. Сондықтан мұның бәрін тоқтату керек. Өйткені, менің ойымша, қазіргі болып жатқан жағдай Ресей және Украина мемлекеттерінің дұшпандарына ғана тиімді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөзін қорыта келе, еліміз Ресеймен стратегиялық серіктестікті және одақтастық қатынастарды дамы­туға бейіл екенін растады.

– Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасындағы ұстанымына келер болсақ, біз Ресейді әрдайым ұлы мем­лекет деп санаймыз. Бұған еш күмәніңіз болмасын. Мен бұл туралы барлық халықаралық форумдарда айтып жүрмін. Біз қанша қиын болса да, Ресеймен стратегиялық серіктестікті және одақ­тас­тық қатынастарды дамытуға бейілміз. Бүгінгі форум – соның айғағы, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Ресей Президенті Ом­быда Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүздескеніне қуанышты екенін жеткізіп, Өңіраралық форум екіжақты қарым-қатынастың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

– Елдеріміздің ынтымақтастығы табысты дамып келеді. Сөз жүзінде емес, іс жүзінде стратегиялық сипатқа ие болды. Оны ұдайы өсіп келе жатқан тауар айналымының деңгейінен аң­ғаруға болады. Өткен жылы екіжақты сауда-саттық шамамен 28 миллиард долларды құрады, ал биылғы бес айда, біздің статистикалық мәліметімізге сәй­кес, тағы да 4 пайыздан аса өсті. Бұл қарқынды динамика келешегіміз жар­қын екенін көрсетеді. Сонымен қатар оған инвестиция да ықпал ете­ді. Өйткені инвестиция алдағы күн­ге жағдай жасап, көрсеткіштерді айқын­дайды. Бұл ретте де ауыз толтырып айтар­лық жетістіктеріміз аз емес. Себебі Ресей кәсіпорындарының, ресейлік бизнесмендердің қатысуымен жалпы инвестиция көлемі 30 миллиард доллар болатын 70 жоба іске асырылып жатыр. Ресей – Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторы. Әріптестігіміз әр­түрлі бағытта өрбіп келеді. Мәселен, металлургия өнеркәсібі, машина жасау, энергетика, фармацевтика секілді басқа да салалар қамтылған, – деді Владимир Путин.

Бұдан бөлек, Ресей Президенті мә­дени-гуманитарлық қарым-қатынасты нығайту мәселесіне тоқталды.

– Гуманитарлық байланыстар сала­сындағы ықпалдастығымыз өте маңызды. Бұл орайда, әлбетте, білім саласы алдыңғы орынға шығады. Қазақ­станның мыңдаған азаматы ресейлік жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Омбыда Қазақстанның мемлекеттік университетінің филиалы ашылғанын атап өткім келеді. Ресейлік студенттерге 100 мемлекеттік стипендия ұсынылғаны үшін алғыс айтамыз. Олар ақысыз не­гізде білім алып жатыр, – деді Ресей бас­шысы.

Владимир Путин екі ел халықаралық аренада және өңірлік ұйымдар аясында белсенді қарым-қатынасты жолға қой­ға­нына назар аударды. Биыл Ресей ҰҚШҰ-ға, ал Қазақстан – ЕАЭО-ға төра­ғалық етеді.

Сонымен қатар Владимир Путин Қазақ­стан мен Ресейдің тарихи тамыр­лас­тығы туралы сөз қозғады.

– Бүгін госпитальға арнайы бар­ғаныңызды білемін. Омбы Сіз үшін Ре­сей­дің қатардағы қаласы емес. Бұл жерде Сіздің әкеңіз 1945 жылы қыста ауыр жарақаттан кейін ем-дом алған. Біз Ұлы Отан соғысы мен халқымыздың нацизмді жеңуге қосқан үлесін әрдайым есте сақтаймыз. Қасым-Жомарт Кемел­­­ұлы, Сізбен жүздескенімізге қуаныштымыз, – деді Ресей Президенті.

Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық бай­­ланыстарды одан әрі нығайту, со­ның ішінде энергетика, көлік-логис­тика, ғарыш, ауыл шаруашылығы сала­ларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасын егжей-тегжейлі талқылады.

Бұдан бөлек, президенттер халық­аралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Кездесуден кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Владимир Путин Омбы қаласында XXII Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық сессиясына қатысты. Биылғы басқосу «Жаһандық логистика экожүйесін қалыптастыру: Ресей – Қазақстан ынтымақтастығының жаңа көкжиегі» тақырыбына арналып отыр.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, соның ішінде әкесі Кемел Тоқаев туралы естеліктерді көздің қарашығындай сақтағаны үшін Ресей Президенті мен Омбы облысының басшылығына ри­зашылығын білдірді. Майдангер Кемел Тоқаев Екінші Беларусь майданының құрамында жүріп, Польша жерінде алған ауыр жарақатынан кейін осы қалада емделген еді. 

Мемлекет басшысы өңірлердің іс жүзіндегі ықпалдастығы екіжақ­ты күн тәртібінің мазмұнын байы­тып, Қазақстан мен Ресей ынтымақтас­тығының қарқынды дамуына тың серпін беріп отырғанын атап өтті.

– Бүгінде мемлекеттеріміздің қа­рым-қатынасы мүлдем жаңа дең­гейге көтерілді. Ол – мемлекеттер бас­­шы­ларының, үкімет жетекшілері мен жергілікті билік басшыларының, сон­дай-ақ екі ел парламенттерінің ортақ күш-жігерінің нәтижесі. Менің был­тыр қараша айында Ресейге жа­са­ған мемлекеттік сапарым мен Пре­зи­дент Владимир Путиннің биыл ма­мыр айындағы елімізге мемлекеттік сапары бұл тұрғыда тарихи мәнге ие. Қос сапардың қорытындысы бойынша қол қойылған Мемлекетаралық қарым-қатынасты жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларация, сондай-ақ Достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме елдеріміздің алдағы ондаған жылдардағы жасампаз ынтымақтастығы мен өсіп-өркендеуіне берік негіз қалады. Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы барлық бағытта нығайып келе жатыр деп толық сеніммен айтуға болады. Ресей – Қазақстанның ірі сауда серіктесі. Былтыр екіжақты тауар айналымы 28 миллиард долларға жуықтады. Ортақ күш-жігердің арқасында бұл көрсеткіш ұдайы өсіп келеді: биылғы бес айда өзара сауда-саттық көлемі былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда шамамен 10 пайызға жуық артты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ресей Қазақ­стан­ның басты инвестициялық серік­тестерінің бірі ретінде соңғы 20 жылда еліміздің экономикасына 30 миллиард доллардан астам қаржы салғанына тоқ­талды.

– Бұл салада оң қарқын байқалады: биылғы бірінші тоқсанда Ресейден келген инвестиция ағыны 45 пайызға ұлғайды. Яғни бес айдағы көлемі 773 миллион долларды құрады. Көпжылдық өзара тиімді ынтымақтастық нәтижесінде қазір Қазақстан экономикасының түрлі саласында ресейліктердің үлесі бар 20 мыңнан аса кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Сонымен қатар Ресейдегі қазақстандық бизнестің позициясы нығайып келеді. Ресей экономикасына құйылған қаржымыз 9 миллиард дол­лардан асты. Экономикалық күн тәрті­бінде өнеркәсіп саласындағы серік­тестіктің алар орны ерекше. Елдеріміз 177 ірі жобадан тұратын тізім жасақтады. Инвестицияның жалпы көлемі 52 миллиард доллардан асады. Оның 122-і іске асырылып, 30 мыңнан астам жұ­мыс орны ашылды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пі­кірін­ше, «Росатом» бастаған ха­лық­аралық консорциумның қатысуы­мен Қазақстанда алғашқы атом элек­тр станциясын салу жобасы бола­шақ­қа бағдарланған екіжақты ынтымақтастықтың стратегиялық сипатқа ие болғанын көрсетеді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ғарыш саласындағы ынтымақтастық та өзара іс-қимылдың басым бағыты екенін атап өтті.

– Биыл сәуір айында «Союз-5» зы­мы­ран тасығышы алғаш рет ұшырылды. Бұл елеулі уақиға ғылыми, инженерлік, өндірістік мүмкіндіктерін тоғыстырса, Қазақстан мен Ресей түрлі саладағы өр­шіл бастамаларды жүзеге асыра ала­тынын анық көрсетті. Қазақта «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген мақал бар. «Где лад, там и клад» деген орыстың на­қыл сөзінің мағынасы осыған жа­қын. Мызғымас достық пен тату көр­шілік байланыстарға, өзара сенім мен қолдауға, бір-біріміздің мүддемізді ес­керуге негізделген қарым-қатынас бауырлас халықтардың әл-ауқатын арттыруда жаңа белестерді бағындыруға жол ашатынына сенімдімін, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пайым­дауынша, форум тақырыбы қазіргі халықаралық жағдай тұрғысынан ерекше өзекті. Оның пікірінше, әлемдегі ең ұзын әрі тұтас құрлық шекарасымен түйіскен Қазақстан мен Ресейге Еуразиядағы көлік-логистика жүйесінің дамуында жетекші рөл атқаруды тағдырдың өзі бұйыртып отыр.

– Бұл – қазіргі өте күрделі гео­саяси жағдайда елдеріміздің жаһан­дық бәсекедегі артықшылығын ай­­қын­­дайтын басты фактор. Біз күш-жі­гер жұмылдырудың арқасында бұл саладағы барлық міндетті табысты еңсеріп, инфрақұрылымды жүйелі дамытып келеміз әрі транзиттік әле­уетімізді нығайта түстік. Өткен жылы елдеріміз арасындағы теміржол көлігімен жүк тасымалдау 3,5 пайызға артып, 92 миллион тоннаны құрады. Сонымен қатар Қазақстан аумағы арқылы транзит тасымалы жандана түсті. Тек соңғы бес жылда Қытай – Ресей – Қытай бағыты бойынша Қазақстан территориясынан өткен контейнерлік тасымалдың көлемі сегіз есе артты. Ресей – Қазақстан – Қытай бағытындағы миллионыншы контейнер елеулі меже болды. Әлбетте, мұнымен шектеліп қалмаймыз. Автомобиль көлігімен тасымалдау да еселене түсті. Былтыр оның көлемі 8,5 миллион тоннадай болған. Биылғы бірінші тоқ­санның қорытындысы бойынша өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 4,3 миллион тоннаға жетіп, екі еседен аса ұлғайды. Бұл саладағы бірлескен жүйелі жұмысты жалғастырcақ, осы қарқынды сақтап қалуға әбден болады. Мен бұған сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Солтүстік – Оңтүстік дәлізін дамытуға айрықша мән беріліп отырғанына назар аударды. Былтыр бұл тараптағы жүк тасымалы едәуір өскен. Тағы бір маңызды бағыт – Ба­тыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізі. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ақтөбе – Ұлғайсын жолындағы реконс­трукция дәліздің өткізу мүмкіндігін екі есе арттыруға мүмкіндік береді.

– Қолданыстағы цифрлық платфор­малар базасында «Қазақстан – Ресей» цифрлық көлік дәлізін пилоттық режим­де іске қосуды ұсынамын. Себебі бұл – көлік нөпірі көп бағыттардың бірі. Екі елдің көлік-логистика жүйесін цифрлық тұрғыда тиімді интеграциялау және жаңа технологияларды кеңінен қолдану бізге өзара сауда-саттық көлемін ұлғайтып, көлік ағынын арттыруға және жан-жақты экономикалық бай­ла­ныстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Биыл мамыр айында Владимир Владимирович Путиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында жүргізушісіз жүк көліктері алғаш рет екі ел ортасында қатынады. Мұны айтулы уақиға деуге болады. Осынау сәтті тәжірибе Қазақстан мен Ресейдің көлік саласындағы серіктестігі жаңа технологиялық деңгейге шыққанын көрсетті, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдеріміздің көлік-логистикалық байланысын ны­ғай­тудың шекара маңындағы аймақтар үшін маңызы зор деп санайды.

– Шекара маңындағы өңірлерде «500+» шартты атауымен әуе қатынасын дамытудың бірлескен бағдарламасын әзірлеу ұсынылады. Бастамаға сәйкес, Астана мен Ресейдің Қазақстанмен шекаралас әрі халық саны 500 мыңнан асатын қалалары арасында тікелей әуе рейстерін кезең-кезеңімен ашу көзделген. Бұл бағдарламаның іске асуы өз кезегінде екі елге де туристердің көптеп келуіне қолайлы жағдай жасайды. Бұдан бөлек, бірлескен трансшекаралық туристік бағыттар ашу да тиімді деп есептеймін. Ол үшін елдеріміздің туризм индустриясы өкілдерінің арасындағы ықпалдастықты жандандырған жөн. Айтпақшы, Қазақстанға демалуға және көрікті жерлерді тамашалауға ке­летін туристердің саны жағынан Ре­сей қазір бірінші орында тұр. Екінші орында – Қытай, үшінші – Үндістан, төртінші – Түркия. Туризмді қарқынды дамытуға мүмкіндігіміз жеткілікті. Атап айтқанда, еліміз географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан. Алуан түр­лі табиғи ландшафт, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз да көпшілікті қызықтырады. Ең бастысы, Ресей туристері үшін Қазақстанда тіл және менталдық тұрғыдан ешқандай кедергі жоқ. Мәдениетіміз бен тарихымыз ор­тақ. Шекара маңындағы туризмді дамы­ту экономика қарқынын арттырып қана қоймайды. Бұл – арадағы сенімді нығайтып, тату көршілік қатынастардың біртұтас кеңістігін қалыптастыруға салынған инвестиция. Екіжақты бай­ла­нысымыздың қаншалықты мықты екені осыдан көрінеді. Әрі бұл бірге өсіп-өркендеуімізге тың серпін береді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қа­тынас­тың беріктігі өңірлердің, іскер топтардың, ғылыми және мәдени қоғамдастықтардың белсенді байланысы арқылы нығая түсетін жоғары деңгейдегі сенімді диалогтан, ең бастысы, мил­лиондаған адамның достығынан бай­қалатынын айтты.

– Біздің сан қырлы ынтымақтас­тығымызда сабақтастық пен серпінді даму өзара үйлесім тапқан. Ортақ та­рихымызды ардақтай отырып, бола­шаққа бірге көз тігеміз. Қазақстан ұлы Ресей елімен жасампаз стратегиялық серіктестікті дамытуға әрдайым ниетті. Омбы қаласына менімен бірге үлкен делегация келді. Оның құрамында ор­­талық мемлекеттік органдардың бас­­шылары, шекаралас облыстардың әкімдері, іскер топ өкілдері бар. Бұл біздің жүйелі жұмыс істеп, екіжақты ықпалдастықтың негізгі бағыттары бо­йынша нақты келісімдерге қол жеткізуге мүдделі екенімізді білдіреді. Бүгінгі форумның нәтижесі Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастар жыл­намасын­дағы кезекті жарқын кезеңге жол ашып, мемлекеттеріміздің гүлденуіне және бауырлас халықтардың игілігін арттыруға ықпал етері сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Ресей Президенті Ресей мен Қазақстан серіктестігін ілгерілетуге өңірлердің қосқан үлесін жоғары ба­ғалады. Оның айтуынша, аймақ бас­шылары мен бизнестің үйлесімді әре­кетінің нәтижесінде сауда-саттық жан­­данып, өзара инвестиция ағыны ұл­ғайып келеді.

– Ең басты нәрсені айтайын: Ресей мен Қазақстанның көлік және логистика саласында, сондай-ақ экономика мен қоғамдық өмірдің басқа да бағыттарында өзара тиімді ықпалдастықты арттыруына мүмкіндіктері мол. Осындай үйлесімді әрі ұжымдық жұмысты жалғастырса, Ресей мен Қазақстанның өңірлері екі елдің бауырлас халықтарыны­ң игілігі үшін жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі тереңдетуге елеулі үлес қосады, – деді Владимир Путин.

ХХІІ Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путинге тауар айналымының ашық­тығын қамтамасыз етуге, тасымалдау үдерісін цифрландыруға және автокөлік тасымалының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жобалар таныстырылды.

Атап айтқанда, президенттерге тауар айналымы мен өнімнің шығарылған жерін растауға мүмкіндік беретін та­уар­ларды цифрлық таңбалау жүйесі, та­сымалдау үдерісіне қатысушыларға арналған Smart Cargo бірыңғай цифрлық платформасы, жасанды интеллект кө­ме­гімен көлік ағынына үздіксіз талдау жүргізетін AI Jol бірыңғай цифрлық жобасы туралы мәліметтер берілді.

Сонымен қатар мемлекеттер басшы­ларына теміржол, автокөлік және авиа байланыстарын дамыту үшін қол­ға алынған бірлескен шаралар мен шекара­дағы көлік өткізу пункттерін қос тараптан бірдей жаңғырту перспек­тивасы туралы мәлімет берілді.

Ардақ СҰЛТАН