Құдайға шүкір, барлық жерде «Маған келген тоқсандағы қартты да жиырмадағы жігіттей жүгіртіп жіберемін. Ешкім жаза алмаған ауруды да құм сияқты үгітіп жіберемін. Мен жазбайтын ауру жоқ. Талайлар алдыма келіп, әлі де алғыстарын айтып кетеді. Маған келушілер әп-сәтте сауығып, қайтып кетеді» деген хабарландырулардан, жарнамалардан аяқ алып жүре алмайсыз, тегі. Әлеуметтік желілерді ашып қарасаңыз да, телеарна алдына отырып, қосқышын басып қалсаңыз да дәреметті дәрігерлердің дауасы алдыңыздан жарқ етіп шыға келеді.
Тағабек таңдап жүріп, «осы менің сырқатымды сылып тастайды-ау» деп көңіліне ұнаған бір жеке клиникаға келді. Ойлағандай мейірбикелер алдынан күлімдеп шығып, қолтығынан демеп төрге оздырды. Дәрігерге қаралуы үшін алдымен он мың теңге беруі керек екен, онысын қиналмай-ақ қолдарына ұстатты. Мейірбике қыз жүгіріп барып, кассаға теңгені өткізіп, түбіртекті қаралушының қолына әкеліп ұстатты.
– Қазір кезегіңіз келгенде кіресіз, – деп сыпайылық шеңберінен шықпаған мейірбике жөніне кетті.
Обалы не керек, ақ халатты абзал жан Тағабекті орнынан тік тұрып, өзінің қай қызметке де дайын екенін ұқтырып, күлімдеп, аздап астыңғы еріні дірілдеп қарсы алды. Қартты орындыққа жайғастырып, жөн сұрады.
– Иә, ақсақал! Қай жеріңіз мазалап жүр? Қай ағзаңызға шағым айтасыз? – деген дәрігер келушіге жылыұшырай қарады.
– Қарағым, мына қағазда бәрі де жазулы. Дегенмен айтайын. Қаралмаған дәрігерім қалмады. Белде құяң, құлақта шу, қуықта таусылып болмайтын су бар. Түн баласына көзім ілінбейді, өйткені жүрегім трактордың ескі маторындай селкілдеп дірілдейді. Өкпем ауа сормайды, сорса қайта шығармайды. Осы кеселімді ешкім ұға алмайды. Ішімде құйындай ұйытқып жүрген жел бар, кейде кекірік болып аузымнан шығады, кейде бомба болып жарылып, басқа бір жерімнен шығады. Бүйрегім бүреді, осы кезде ішімде бұғып жатқан итім арс-арс етіп үреді. Қабырғаларым майысқан, омыртқаларымның орындары ауысқан. Сондықтан жөндеп жүре алмаймын, отырсам тұра алмаймын. Осыған бір дауа табылар деп алдыңа келіп қалдым, айналайын, – деп Тағабек дәрігерге одырая қарады.
Дәрігер клиентінің мына сөзіне не күлерін, не жыларын білмеді. Күлсе, мазақ қылып тұр деп ашулануы мүмкін. Жыласа, не ойлайтынын Құдайым білсін! Дәрігер састы. Оның медицина саласында алмаған атағы, марапаты қалмаған еді. Бірақ мынадай шұбырпалы ауруды кездестіріп тұрғаны бірінші рет.
– Атың кім, қарағым? – деді кенет алдында отырған сырқат.
Дәрігерге бұл «атаңның басына ойланып отырсың ба?» дегендей естілді. Селк ете қалған ол дереу есін жиып:
– Мені осындағылар Қандауыр Білгішбекұлы деп атайды. Сіз Қандауыр дей берсеңіз болады, – деді.
– Қандауыр қарағым! Атыңның өзі жан шошырлық екен. Осы мен саған қаралмай-ақ кете берсем деймін.
– Ойбай, ата! Кеткені несі? Келгеніңіз жаңа ғана. Әлі қаралып та үлгермедіңіз, – деп дәрігер шыж-быж болды.
Тағабек орындығына қайта отырды. Дәрігер оны кереуетке жатқызып, әрі аударып, бері аударып ұзақ қарады. Мандайынан шып-шып тер шықты. Сосын келушіге қарап:
– Ата! Ауруыңыз асқынып кеткен. Омыртқаңыз ауырады екен ғой талайдан. Қабырғаларыңыз қарайған. Беліңізде жел бар. Қуығыңызда сел бар. Ал асқазаныңызда ас қорытудан жарыс өткізіп жатқан бір жебір деген ел бар. Осылармен күресеміз. Ауруларды қуып шыққанша жан аямай тіресеміз, – деп атасына еліктеп тақпақтата жөнелді.
Қарт разы болды. Сол мезетте-ақ оны екі мейірбике қоларбаға салып алып, палатаға ала жөнелді. Жайлы жерге жатқызды. Палатада өзі құрылыптас екі-үш қария жатыр екен. Олардың да сырқаты омыртқа жарығы көрінеді. Ем-дом бәріне де ұнап жатыр. Мейірбикелер зыр жүгіреді. Уколды дер кезінде салады. Уқалаулары да бір керемет.
Тағабектің тұла бойы жеңілдеп қалғандай болды. Көңілі көтерілді. Белінің сыздағаны, аяғының мұздағаны басылып қалды. Он күн ем-домын аяқтаған Тағабек үйіне қунақ күйде қайтты. Бірақ арада апта өтпей баяғы тазкепеш күйіне қайта түсті.
Жазған құлда шаршау бар ма? «Пәлен жерде сұмдық білгіш дәрігер бар екен. Алдына барған сырқат құлындай ойнап, шауып кетеді екен» дегенді есітіп, Тағабек тағы да жолға шықты. Бұл жолғы дәрігер де құшақ жая қарсы алды. Он күн тырп еткізбей жатқызып, дыңдай етіп шығаратынын айтып көсілді. Шабыттанғаны соншама, жалаңаяқ кешіп өткендей болды Есілді.
Тағабек тырп етпей мұнда да он күн ем алды. Жақсылап демалды. Тағы да тәуірленіп қалғандай сезінді. Үйіне қайтты. Осы омыртқасы өз үйін жау көріп қалған ба, тағы да сыздап қоя бермесі бар ма? Төкең тағы доктор іздеп сабылды. Ол алыстан емес, жақыннан табылды. Тағабек бұл жолы да біраз теңгесінен қағылды.
«Жығылған күреске тоймас». Тағабек тағы жолға жиналды. Таяққа сүйеніп зорға жүрсе де талай қаланы аралады. Бір қалаға келгенде маңдайшасына «Доктор Дөңбаев. Біз барлық аурудың шипасын таптық. Сырқатты бір қарағанда жазамыз. Жаза алмасақ, бастапқы он мың теңгесін қолма-Тағабек тырп етпей мұнда да он күн ем алды. Жақсылап демалды. Тағы да тәуірленіп қалғандай сезінді. Үйіне қайтты. Осы омыртқасы өз үйін жау көріп қалған ба, тағы да сыздап қоя бермесі бар ма? Төкең тағы доктор іздеп сабылды. Ол алыстан емес, жақыннан табылды. Тағабек бұл жолы да біраз теңгесінен қағылды.
«Жығылған күреске тоймас». Тағабек тағы жолға жиналды. Таяққа сүйеніп зорға жүрсе де талай қаланы аралады. Бір қалаға келгенде маңдайшасына «Доктор Дөңбаев. Біз барлық аурудың шипасын таптық. Сырқатты бір қарағанда жазамыз. Жаза алмасақ, бастапқы он мың теңгесін қолма-қол қайтарып береміз» деген жарнамасы жер жарып тұрған жеке клиникаға кезікті. Кезікті де бұл клиниканың осал еместігін тез ұқты. Бұдан аттап өту сірә да мүмкін емес еді. Тағабек қулық ойлады. Дәрігердің алдына делсал күйге еніп жетіп барды.
– Қай жеріңіз ауырады?
– Түк те есітіп тұрғаным жоқ, доктор. Қаттырақ айтыңызшы.
– Қай жеріңіз ауырады деймін.
– Түк естілмейді. Мен негізі кереңмін. Осыған еміңіз бар ма?
«Мынаны Құдайдың өзі бізге арнайы жіберіп отыр екен. Мұны қатырайық» деген ой келді дәрігерге. Сөйтті де, «сырқатқа» кете беріңіз дегендей ым қақты. Тағабек есік алдына бара бергенде дәрігер қалтасынан екі жүз теңгелікті алып соңынан лақтырып жіберді. Тағабек жалт қарады.
– Міне, еститін болдыңыз, он мың теңгені алақаныма салы-
ңыз, – деді дәрігер.
Тағабек амалсыз қаралғанда төлеген ақшасына қосымша тағы да он мың теңге санап берді. Іші удай ащып тұрып «осыларды қатырмасам ба?» деп ойлады. Ертеңіне ол иіс сезбейтін науқас кейпінде келді.
– Иіс сезбейсіз ғой, ә?
– Иә, түк те сезбеймін, – деді науқас.
– Мейірбике! Жетінші шыныда тұрған дәріні әкеліңіз, – деді дәрігер.
Тағабек оны иіскеп көрді де қатты лоқсыды. Құсып жібере жаздады.
– Тфу, мынауың нәжіс қой.
– Міне, көрдіңіз бе? Момент иіс сезіп кеттіңіз.
Тағабек тосылды. Он мың теңгесін тастап көзі аларып шығып бара жатты. Ызаға булыққан ол ертесіне ұмытшақ болып келді.
– Доктор! Память кетті память! Қазір естігенімді қазір ұмытып қаламын.
– Түк те емес. Қазір емдейміз. Момент! Мейірбике! Жетінші шыныдағы дәріні әкеліңіз.
– Ой. Ол кешегі нәжіс салынған құты ғой.
– Міне, ұмытшағыңызды емдедік. Есіңізге түсірдіңіз. Ем ақысын төлеп кетіңіз.
Тағабек қиралаңдап жүріп келеді. Жүріп келеді емес-ау, үріп келеді. Мықтылар барлық жерде жекеменшік клиника ашып алған. Оларға адам емдегеннен гөрі теңге сауған дұрыс сияқты. Ол енді кімге барып мұңың шағады? Қайда барып ем алады?
Әлден соң Тағабек таяғына сүйеніп, ілбіп келеді. Белі кілт ете қалғанда жол жиегіне қисайып құлап бара жатты...
Сабырбек ОЛЖАБАЙ
