Елордалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері 39 бала көпқабатты үйлердің терезесінен құлаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Өкінішке қарай, олардың 10-ы көз жұмды.
Мамандардың айтуынша, мұндай оқиғалардың басты себебі – балалардың қараусыз қалуы. Әсіресе 1-7 жас аралығындағы бүлдіршіндер қауіп-қатерге жиі ұшырайды. Көп жағдайда балалар масаға қарсы орнатылған торға сүйеніп, оның салмаққа шыдамауы салдарынан төменге құлап кетеді.
Салыстырмалы түрде алғанда, өткен жылы елордада 58 бала терезеден құлап, оның 14-і қаза тапқан. Құтқарушылар тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырып, терезеге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатуға және кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.
Мамандардың сөзінше, мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу ең алдымен ата-аналардың жауапкершілігіне байланысты.
