Елімізде 3 тамыздан бастап емханалардағы медициналық көмек көрсету тәртібі өзгерді. Енді кейбір бейінді дәрігерлердің қабылдауына жолдамасыз жазылу мүмкін болуы ықтимал.
Бибігүл Өмірбаева: Денсаулық сақтау жүйесі профилактикаға басымдық беруге тиіс
147
оқылды

Біз Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің басшысы Бибігүл Өмірбаевамен жалпы денсаулық саласында жасалып жатқан реформалар жөнінде әңгімелескен едік.

– ХХІ ғасырда жаңа технологиялардың жедел дамуымен қатар, адамның өмір сүру сапасын жақсарту мәселесі күн тәртібіне шығып отыр. Яғни бүгінде әрбір адам материалдық және рухани дамудан бөлек, ұзақ әрі бақытты өмір сүруге лайықты деген түсінік қалыптасып келеді. Осы орайда сіз еліміздің денсаулық сақтау жүйесі заман талабына сай қалай өзгеруі керек деп ойлайсыз?

– Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінің даму деңгейін бағалау үшін халықтың күтетін өмір сүру ұзақтығының артуына ғана сүйену жеткіліксіз. Одан да маңызды көрсеткіш – адамның ауыр созылмалы ауруларсыз, күнделікті өмірде шектеулерсіз және тұрақты медициналық көмекке тәуелді болмай қанша жыл өмір сүретіні. Сондықтан қазір негізгі индикаторлардың бірі ретінде күтілетін саламатты өмір сүру ұзақтығы қарастырылады.

Көптеген елде жалпы өмір сүру ұзақтығы мен саламатты өмір сүру ұзақтығының арасында айтарлықтай алшақтық сақталып отыр. Бұл адамдардың өмірінің соңғы жыл­дарын көбіне созылмалы аурулармен, қозғалу белсенділігінің төмендеуімен және тұрақты күтімді қажет ететін жағдайда өткізетінін білдіреді. Сондықтан қазіргі ден­саулық сақтау жүйесінің басты мақсаты – адамның өмірін ұзарту ғана емес, оның белсенді, дербес әрі сапалы өмір сүретін кезеңін барынша ұлғайту.

Осы мақсатқа жету үшін денсаулық сақтау жүйесінің басымдықтарын ауруды емдеуден оның алдын алуға көшіру қажет. Профилактика, ауруларды ерте анықтау, диспансерлік бақылау және саламатты өмір салтын қалыптастыру стационарлық кө­мектің қосымша бағыты емес, мемлекеттік саясаттың дербес басымдығына айналуға тиіс.

Сонымен қатар мұндай өзгерістер қаржыландыру жүйесін қайта қарауды талап етеді. Қазіргі кезде ресурстардың басым бөлігі стационарларды ұстауға және аурулардың асқынуын емдеуге бағытталып отырғандықтан, профилактикалық бағыт жеткілікті деңгейде дамымай келеді. Сон­дықтан алғашқы медициналық-санитарлық көмекті, скринингтік бағдарламаларды, ауруларды ерте анықтауды және созылмалы ауруларды басқару жүйесін қаржыландыруды кезең-кезеңімен ұлғайту қажет. Бұл ауруха­налардан бас тарту деген сөз емес. Керісінше, денсаулық сақтау жүйесі адамның ауруханаға мүмкіндігінше сирек түсуіне мүдделі болуы керек, яғни аурудың алдын алуға және ден­саулықты сақтауға басымдық бергені жөн.

Бұдан бөлек, геронтология мен гериа­триялық көмекті дамыту ерекше маңызға ие. Өмір сүру ұзақтығының артуы егде жастағы азаматтар санының көбеюіне және бірнеше созылмалы ауруы бар адамдар үлесінің өсуіне заңды түрде алып келеді. Сондықтан мұндай пациенттерге жекелеген медициналық қызметтердің жиынтығы емес, медициналық көмекті, оңалтуды, когнитивтік денсаулықты сақтауды, құлаудың алдын алуды және адамның өз бетінше өмір сүру қабілетін қолдауды қамтитын кешенді қолдау қажет. Бұл міндеттерді іске асыру тек денсаулық сақтау жүйесінің ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік қорғау, қалалық инфрақұрылым, спорт және білім беру салаларының да өзара үйлесімді жұмысын талап етеді.

– Жалпы халықаралық тәжірибеде денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы қандай талаптар бойынша бағаланады? Ал біздегі жағдай қандай?

– Бүгінде халықаралық ұйымдар ден­саулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын ауруханалардың, медициналық жабдық­тардың немесе дәрігерлер санының жет­кіліктілігімен ғана бағаламайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2025-2028 жылдарға арналған жаңа Жаһандық стра­тегиясына сәйкес, денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы оның қалыпты жағдайда халыққа сапалы медициналық көмек көрсете алуымен қатар, пандемиялар, климаттың өзгеруі, демографиялық өзгерістер, төтенше жағдайлар және өзге де дағдарыстар сияқты жаңа сын-қатерлерге тиімді жауап беру қабілетімен айқындалады.

Осыған байланысты денсаулық сақтау жүйесінің ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ететін бірнеше негізгі бағытты бөліп көрсетуге болады.

Біріншіден, бұл – бүкіл жүйенің негізі болып саналатын алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту. Дәл осы бөлім ауруларды уақытылы анықтауға, профи­лактикалық шараларды жүргізуге және пациенттерді үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде халықты медици­налық қызметтермен жалпыға бірдей қамтудың негізгі тетігі болып табылады.

Екіншіден, халықтың қаржылық қор­ғалуына ерекше мән беріледі. Қазіргі заманғы денсаулық сақтау жүйесі азаматтар­ға қажетті медициналық көмекті елеулі қар­жылық шығынға ұшырамай алу мүмкін­діг­ін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл – бүгінде көптеген елдің денсаулық сақтау саясатының негізіне айналған жалпыға бірдей ме­ди­циналық қамтудың басты қағидаттарының бірі.

Үшіншіден, жүйенің төтенше жағдайларға дайын болуы маңызды өлшемге айналды. COVID-19 пандемиясы денсаулық сақтау жүйесінің қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтап, оларға жедел әрекет ете отырып, сонымен қатар халыққа жоспарлы меди­циналық көмекті үздіксіз көрсетуді қам­тамасыз ете алуы қажет екенін көрсетті. Сондықтан қазір жүйенің тұрақтылығы оның дағдарыс жағдайларына дайын­дық деңгейімен және өзгермелі жағдай­лар­ға тез бейімделу қабілетімен тікелей байланысты.

Тағы бір маңызды талап – медициналық көмектің баршаға тең қолжетімділігі. Адамның тұрғылықты жеріне, табыс дең­гейіне, жасына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, әрбір азамат сапалы меди­циналық көмек алуға мүмкіндікке ие болуға тиіс. Сондықтан Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы медициналық қызметтердің тең қолжетімділігін денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығының ажырамас бөлігі ретінде қарастырады.

Осылайша, қазіргі халықаралық тә­жірибеде тұрақты денсаулық сақтау жүйе­сі – ауруларды емдеумен ғана шектелетін жүйе емес. Халықты сапалы медициналық қызметпен жалпыға бірдей қамтамасыз ететін, заманауи технологияларды тиімді пайдаланатын, түрлі дағдарысқа дайын әрі адам денсаулығын өмір бойы сақтауға бағытталған жүйе. Дәл осындай тәсіл бүгінде әлемнің көптеген еліндегі денсаулық сақтау саласын дамытудың негізгі стратегиялық бағытын айқындайды.

– Қазір жиі сөз болып жүрген денсау­лық сақтаудағы адамға бағытталған қағидат де­ген не?

– Адамға бағдарланған қағидаттың мәні – денсаулық сақтау жүйесінің басты назарында адамның өзі, оның денсаулығы, қауіпсіздігі және өмір сапасы тұруы. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі көрсетілген медициналық қызметтердің көлемімен емес, пациенттің нақты қол жеткізген нәтижесімен бағалана бастады.

Бұл тәсіл қазіргі халықаралық үрдістерге толық сәйкес келеді. OECD елдерінде, Еуропалық одақта, АҚШ-та және Канадада құндылыққа негізделген (value-based) және адамға бағдарланған денсаулық сақтау модельдері кеңінен енгізілуде. Оның басты ерекшелігі – жүйенің тиімділігі көрсетілген қызметтердің санымен емес, емдеу нәтиже­сімен, пациенттің өмір сапасымен, меди­циналық көмектің қауіпсіздігімен және аза­маттардың қанағаттану деңгейімен ба­ға­ланады. Сонымен қатар қаржыландыру тетіктері де өзгеріп келеді: медициналық қызмет көлеміне қарай төлеуден нақты нәтижеге қарай қаржыландыруға кезең-кезеңімен көшу жүзеге асырылуда.

Адамға бағдарланған тәсіл тек пациент­терге ғана қатысты емес. Денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуы медицина қыз­меткерлерінің құқықтары мен мүдделерінің қорғалуынсыз мүмкін емес. Дәрігерлер, мейіргерлер және басқа да медицина мамандары – саланың негізгі адами капиталы. Сондықтан олардың лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз ету, кәсіби дамуына мүмкіндік жасау, әкімшілік жүктемені азайту және кәсіби күйіп кетудің алдын алу ерекше маңызды.

Осы тұрғыдан алғанда, елімізде медицина қызметкерлерін құқықтық қорғауды күшейту туралы заңның қабылдануы маңызды қадам болды. Бұл құжат медицина қызметкерлері­нің құқықтық қорғалуын арттыруға, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және дәрігер мамандығының қоғамдағы беделін нығайтуға бағытталған.

– Денсаулық сақтау жүйесіндегі цифр­лық трансформация және заманауи медицина­лық ақпараттық жүйелер мен жасанды интел­лект негізіндегі шешімдердің саланы дамытуда­ғы рөлі қандай?

– Бүгінде цифрлық трансформация әлемдегі денсаулық сақтау жүйесін дамы­тудың негізгі бағыттарының біріне айнал­ды. Алайда цифрландырудың басты мақса­ты – технологияны енгізудің өзі емес, медициналық көмектің сапасын, қолже­тімділігін және қауіпсіздігін арттыру.

Заманауи медициналық ақпараттық жүйелер пациент туралы мәліметтерді бір ортаға біріктіріп, емдеу үдерісінің үздіксіздігін қамтамасыз етеді, қателіктердің алдын алады, қайталанатын зерттеулерді азайтады және дәрігерлердің әкімшілік жүктемесін жеңілдетеді.

Кейінгі жылдары жасанды интеллектінің рөлі де айтарлықтай артып келеді. Бүгінде ол медициналық бейнелерді талдау, диагноз қоюға қолдау көрсету, аурулардың даму қаупін болжау, емдеуді жекелендіру және пациенттер ағынын басқару сияқты бағыттарда қолданылып жүр. Сонымен қатар жасанды интеллект дәрігерді алмастырмайды. Ол дәрігердің шешім қабылдауына көмектесетін құрал ретінде үлкен көлемдегі ақпаратты жылдам өңдеуге және диагностикалық қателіктердің тәуекелін төмендетуге мүмкіндік береді.

Цифрландырудың мемлекеттік басқару үшін де маңызы зор. Бірыңғай ақпараттық жүйелер медициналық ұйымдардың қызметі туралы нақты деректерді алуға, медицина­лық көмектің сапасын бақылауға, қаржылық және кадрлық ресурстарды тиімді жос­парлауға, сондай-ақ жүйелі мәселелерді уақытылы анықтауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде денсаулық сақтау саласындағы басқарушылық шешімдер тек сараптамалық пікірге ғана емес, нақты деректерге сүйене отырып қабылданады.

Сонымен қатар цифрлық транс­формация кешенді тәсілді талап етеді. Жаңа техно­логияларды енгізумен қатар, дербес де­ректердің қорғалуын қамтамасыз етуге, ақпараттық жүйе­лердің өзара үйлесімділігіне, меди­цина қызметкерлерін даярлауға және олардың цифрлық құзыретте­рін да­мытуға ерекше көңіл бөлінуі қажет.

– Ал Бірыңғай мемлекеттік медицина­лық ақпараттық жүйенің енгізілуі (БМКЖ) же­келеген адамдардың медициналық ұйым­дар­ға немесе емханаларға жүгіну барысындағы алған қызметін бақылау мен ашықтығын қамтамасыз етуде қаншалықты маңызды болмақ?

– Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені енгізу – еліміздің ден­саулық сақтау саласын цифрлық транс­формациялаудағы маңызды кезең. Ең бастысы – бұл тағы бір жаңа ақпараттық жүйені құру емес, керісінше, пациенттер, медициналық ұйымдар және көрсетілген медициналық қызметтер туралы мәліметтерді біріктіретін бірыңғай цифрлық кеңістікті қалыптастыру.

Азаматтар үшін бұл жүйенің ашықтығын арттырады. Әрбір пациент өзінің дәрігерге жүгіну тарихын, тағайындалған емін, жүр­гізілген тексерулерді және көрсетілген меди­циналық қызметтерді көре алады.

Мемлекет үшін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе нақты деректерге негізделген басқарудың тиімді құралына айналады. Ол медициналық көмектің сапасын нақты уақыт режимінде талдауға, бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын бағалауға және ықтимал бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Ал медицина қызметкерлері үшін бұл жүйе пациенттің толық медициналық ақпаратына қол жеткізуді қамтамасыз етіп, қайталанатын тексерулерді азайтады, емдеу үдерісінің сабақтастығын күшейтеді және медициналық көмектің қауіпсіздігін арттырады.

Сонымен бірге жүйенің тиімділігі тек цифрлық платформаның өзіне ғана байланысты емес. Оның табысты жұмыс істеуі деректердің сапасына, барлық медициналық ақпараттық жүйелердің өзара ықпалдасуына, дербес деректердің сенімді қорғалуына және пайдаланушылар үшін қолайлылығына тәуелді. Цифрлық технологиялар медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетуі керек, қосымша әкімшілік жүктеме жүктемеуге тиіс.

Түптеп келгенде, бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе басқару­шылық шешімдер нақты деректер негізінде қабылданатын, медициналық көмектің сапасы мен ашықтығы артқан және аза­маттардың мүддесіне бағытталған заманауи денсаулық сақтау жүйесінің негізіне айна­лу­ға тиіс.

– Рақмет!

Әңгімелескен

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ