Екі күнге созылған тағылымы терең, мазмұны бай мерекелік шаралар қазақ халқының тарихи санасын жаңғыртып, ұлттық рухты асқақтатқан айтулы сәттерімен ерекше әсер сыйлады.
Ақтамберді Сарыұлы – найзасының ұшымен елін қорғап, жырымен жұртын жігерлендірген сирек тұлғалардың бірі. Оның шығармалары елдік мұрат пен ерлік рухының көркем шежіресі болса, өмір жолы – ұлтқа қызмет етудің өнегелі үлгісі. Сондықтан батырдың мерейтойын тойлау – өткенді еске алу ғана емес, тәуелсіз елдің тарихи жадына тағзым ету.
Мерейтой Құндызды ауылындағы Ақтамберді жырау кесенесіне зиярат етуден басталды. Жиналған жұртшылық батыр рухына Құран бағыштап, қазақ тарихындағы орны айрықша тұлғаның алдында тағзым етті. Мерейтой аясында өткен «Жауға найза, елге мұра – Ақтамберді жыры» атты республикалық ғылыми конференция тарихи тұлғаның мұрасын жаңаша зерделеуге арналды. Жиынға белгілі әдебиеттанушылар, тарихшылар, шығыстанушылар мен қоғам қайраткерлері қатысып, Ақтамберді Сарыұлының шығармашылық әлемі, азаттық жолындағы күресі, жыраулық мектебіндегі орны туралы мазмұнды баяндамалар жасады. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш, шығыстанушы ғалым Серікбай Қосан, Шәкәрім университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Амантай Исин және басқа да зерттеушілер батыр мұрасын ғылыми тұрғыдан саралап, тың пайымдарын ортаға салды.
Конференция барысында «Абыз баба – Ақтамберді» атты жаңа кітаптың тұсауы кесіліп, жырау мұрасын зерттеуге үлес қосқан бірқатар ғалым мен мәдениет қайраткеріне мерейтойлық төсбелгі табыс етілді.
Жиынға қатысқан Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов облыс әкімі Берік Уәлидің құттықтауын жеткізіп, Ақтамберді Сарыұлының тұлғасы қазақ мемлекеттілігінің рухани негіздерімен сабақтас екенін атап өтті.
Мерейтойдың әсерлі сәттерінің бірі «Ерлікті, елдікті жырлаған Ақтамберді» республикалық жыр мүшайрасы болды. Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 119 ақын қатысты. Ұйымдастырушылар шығармалардың әділ бағалануына ерекше мән беріп, барлық туындыны авторының аты-жөнін көрсетпей қазылар алқасына ұсынған. Бұл – мүшәйраның ашық әрі әділ өткенінің айқын көрінісі. Қазылар алқасына Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы жетекшілік етті. Жыр додасының қорытындысында бас жүлде – автокөлік қарағандылық ақын Жанат Жаңқашұлына бұйырды. Бірінші орынды Ұларбек Нұрғалым, екінші орынды Айтмұханбет Бейсембеков, үшінші орынды Жұлдызай Ысқақ иеленді.

Ақындардың Ақтамберді рухына арналған жаңа жырлары көрерменнің ерекше ықыласына бөленіп, қазақ поэзиясының өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Батыр баба мерейтойының негізгі шаралары Аягөз қаласындағы жаңа атшабар аумағында жалғасты. Елуден астам ақшаңқан киіз үй тігілген этноауыл ұлттық салт-дәстүрдің көрінісіне айналып, келген қонақтарға қазақы қонақжайлықтың үлгісін көрсетті.
Салтанатты ашылу театрландырылған қойылыммен басталды. Қазақ халқының қилы тарихы сахналанған көріністе Nomad каскадерлік тобы мен «Топжарған» этнографиялық ұжымы ат үстіндегі ерекше өнерлерімен көпшіліктің зор қошеметіне ие болды. Мерекенің сәнін ұлттық спорт жарыстары қыздырды. Қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу және бәйге сынды жарыстарда еліміздің әр өңірінен келген үздіктер бақ сынады. Қазақ күресіне 47 балуан қатысып, екі салмақ дәрежесінде жеңімпаздарды анықтады. Дәстүрлі садақ атудан 53 мерген шеберлігін дәлелдесе, аударыспақтан 38 шабандоз күш пен ептіліктің үлгісін көрсетті. Ал ат жарысының ауқымы мерейтойдың мәртебесін бұрынғыдан да арттыра түсті. Қазақстанның бірнеше облысынан және Қырғыз Республикасынан келген атбегілер арнайы баптаған тұлпарларын додаға қосты. Төрт санат бойынша өткен бәйгеде 15 шақырымдық топ бәйгеге 30 тұлпар, «Аягөз арғымағы» жарысына 35 жүйрік, жорға жарысына 25 сәйгүлік, ал аламан бәйгеге 33 тұлпар қатысты. Дүбірлі додада жүйріктердің бабы мен шабандоздардың бағы сыналды.
Кешкілік өткен гала-концерт мерейтойдың шырайын аша түсті. Аягөз аудандық «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мәдениет үйінің өнерпаздары, облыстық мәдениет ұйымдарының шығармашылық ұжымдары және қазақ эстрадасының танымал әншілері Толқын Забирова, Қуандық Рахым, Әбдіжаппар Әлқожа және басқа да өнер майталмандары халыққа әннен шашу шашты.
Ақтамберді Сарыұлының 350 жылдық мерейтойы тарихи тұлғаның есімін ұлықтаумен ғана шектелген жоқ. Ол – қазақтың рухани мұрасын дәріптеген, елдік пен бірліктің құнын ұғындырған, ұлттық құндылықтарды жаңғыртқан тағылымды шара болды. Ғылыми конференция мен жыр мүшәйрасы, театрландырылған қойылымдар мен ұлттық спорт жарыстары, мәдени-көпшілік бағдарламалар – бәрі де бір мақсатқа, яғни ұлттың тарихи жадын жаңғыртуға қызмет етті. Аягөз төрінде өткен бұл мерейтой Ақтамберді бабаның асқақ рухының халық жүрегінде мәңгі жасайтынын тағы бір мәрте айғақтады. Елдің әр өңірінен, тіпті көршілес Қырғыз Республикасынан келген қонақтар мен спортшылардың қатысуы мерекенің ауқымын арттырып қана қоймай, ортақ тарихи мұраның халықтарды жақындастыратын құндылық екенін көрсетті. Баба аманатына адалдық танытқан ұрпақтың осындай игі бастамалары ұлттық рухты нығайтып, елдік сананы асқақтата беретіні анық.
Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,
Абай облысы
