Митинг заңы мақұлданды
Митинг заңы мақұлданды
227
оқылды
Мәжіліс «Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйым­дас­тыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасын І оқы­лымда мақұлдады. Құжат – Президент жанындағы Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы әрі қомақты нәтижесі. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин митин­гілер туралы осы жоба «халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымдамасына сәйкес келеді деген жоғары баға берді. Заң жобасы Мәжілістің жал­пы отырысында қызу пікірталас туғызды. Депутаттар бейбіт жи­налыстың әралуан түрін өткізуге арналған орындарға қатысты мәселе көтерді. Олардың байла­мынша, қауіпсіздікті сақтау, қо­лайлы болуы және инфрақұ­ры­лымның қалыпты жұмысы үшін кей жағдайда ондай орынды, мәселен, ірі шерулер өткізілетін жерді анықтаған дұрыс. Алайда жеке пикеттердің орнын айқын­дау – орынсыз. Өйткені ашынған жеке тұлға өз мәселесін шешіп бермеген ұйым алдында пикет жасайды. Бұл ретте парламент­ші­лер заңда тек пикет ұйымдас­тыруға тыйым салынатын жер­лерді – стратегиялық, әскери және басқа нысандар тізімін бекітуді ұсынады. Қалғанына – рұқсат. Депутаттар заң жобасына түзету енгізіп, әкімдіктерді өз сай­тында бейбіт жиналыс өткі­зу­ге рұқсат етілетін орындар ті­зі­мін және олардың қай күні бос болмайтыны туралы ақпа­ратты жариялауға міндеттеді. Сондай-ақ екінші оқылымға де­йінгі пы­сықтау аясында ми­тинг өткізу үшін хабарлама жі­беру мерзімі азайтылатын болады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, ІІМ-нің түсінік­темелеріне қаныққан Мәжіліс де­путаттары заң жоба­сын пы­сық­тау әрі ондағы нор­малар санын кеміту қажет деген ортақ байламға тоқтады. Тал­қылауды қорытындылаған Нұрлан Зай­роллаұлы заң жоба­сының Үкімет енгізген нұсқасы Мәжілісте елеу­лі өзгеріске ұшы­рағанын атап өтті. Бұған қоса, ІІ оқылымға де­йін жұмыс тобы оған ұсыныл­ған өзгерістер мен толықтыру­лардың түпкілікті нұсқасын әзірлейді. – Бұл заң жобасы сөзсіз, «ха­лық үніне құлақ асатын мемле­кет» тұжырымдамасына сәйкес ке­леді. Құжат бейбіт жиналыстар мен митингілер ұйымдастырудың қолданыстағы тәжірибесін түбегейлі өзгертпек. Сондай-ақ ол азаматтардың құқығының да, сонымен қатар митинг өткізу кезіндегі жауапкершілігінің де оңтайлы үйлесімін қамтамасыз етеді, – деді Мәжіліс спикері. Осы күні Nur Otan партия­сы­ның парламенттік фракция­сы­ның мәлімдемесі де жария етілді. Онда көшбасшы партияның фракциясы ел Президентінің дағдарысқа қарсы шараларының нақты орындалуын жақтайтыны айтылған. Мәжіліс Төрағасы, партия фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин төтенше жағдай және Covid-19 таралуы аясында елдегі тұрақтылықты сақтау үшін қабылданып жатқан шараларға нұротандық депу­таттар атынан қолдау білдірді. – Nur Otan фракциясы ел Пре­зиденті Қ.Тоқаевтың корона­вирустың таралуына қарсы тұру және ТЖ жағдайында тұрақты­лықты қамтамасыз ету туралы тапсырмаларын бірауыздан қол­дайды. Еліміз пандемияға күні бұрын дайындала бас­та­ды. Ел­басы, партия Лидері Н.Назарбаев мемлекеттік дең­гейде қолға ­алы­нған шаралар – уақытылы және дағдарысты ахуалға жауап бере­ді деп баса айтты, – деді  Н.Нығматулин. Фракция елдің дағдарыстан кейінгі даму жоспарын жүзеге асыруға да жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Осыған қажетті барлық жаңа заңдар жобасы бойынша жұмыс – депутаттар қызметінің негізгі бағыттарының біріне айналады.   Айхан ШӘРІП