Елімізде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап елордалық құқық қорғаушылар 159 адамды жауапкершілікке тартқан.
Оның ішінде 39 адам – заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан, 119 – төтенше жағдай режимін бұзған және 1 адам төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекет жасаған. Нәтижесінде, 124 адамға жалпы сомасы 3 883 715 теңгені құрайтын әкімшілік айыппұл салынып, 35 адам қамауға алынды. Сонымен қатар сот шешімімен құқық бұзушылардан 224,7 литр антисептик, 17 946 дана медициналық маска мемлекет кірісіне тәркіленді. «Карантин талаптарын бұзу және адамдар жиналатын нысандардың заңсыз жұмыс фактілері бойынша 74 субъекті, оның ішінде 13 дәмхана, азық-түлік емес заттар сататын 14 дүкен, 8 асхана, 6 дөнер дүңгіршегі, 3 бильярд клубы, 3 тігін салоны, 5 компьютерлік клуб, 5 сұлулық салоны, 5 сауна, 1 СПА және 5 техникалық қызмет көрсету стансасы жауапқа тартылды» деп Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасы мәлім етті.
Ал Алматы қалалық сотында Төтенше жағдай режимін бұзғандарға қатысты 120 іс қаралды. «26 наурыздағы жағдай бойынша, Алматы әкімшілік істер бойынша ауданаралық мамандандырылған соты 120 әкімшілік іс қарады. Карантин аймағының шекарасын бұзбақ болған 111 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 70-і 5 тәуліктен 10 тәулікке дейін қамауға алынса, 41 құқық бұзушыға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», – дейді қалалық сот баспасөз қызметі. Карантин мерзімінде кәсіпкерлікпен айналысқан 9 тұлғаның екеуі 5 тәулікке қамалса, қалған 7 адамға әкімшілік айыппұл салынған.