Сарыөлең ауылдық округі Күршім ауданының орталығынан 15 шақырым жерде орналасқан. Округке Сарыөлең, Барақ батыр және Бірлік ауылдары кіреді. Қазір мұнда 1681 адам, 429 отбасы тұрып жатыр. Негізгі мақсат – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, елді мекендерді таза, жайлы әрі келешегі бар үлгілі ауылдарға айналдыру.
Сарыөлеңдегі серпін: тұрақты даму мен жайлы орта – халық еншісі
123
оқылды

Ауыл шаруашылығы – округ экономикасының негізгі тірегі. 2026 жылдың басындағы есеп бойынша мұнда 5000 ірі қара, 12014 ұсақ мал, 3379 жылқы бар. Жайылым мәселесі тұр­ақ­ты бақылауда. Биыл жазғы жайы­лымға 2 табын жылқы, 5 табын ұсақ мал және 7 табын ірі қара шы­ға­рылды. Алдағы міндет – жайы­лымды тиімді пайда­ланып, мал басы­ның өсуіне байла­нысты қосым­ша жайы­лым жерлерін қарастырып, ауыл тұр­ғындарына қолайлы жағдай туғызу.

Әлеуметтік салада да жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Округте 1 жалпы орта және 2 негізгі орта мектепте 260 оқушы білім алады. Мектептерде жөн­деу жұмыстары жүргізіліп, балалардың білім алуына, спортпен және шы­ғарма­шылықпен айналысуына жағдай жасалған. Денсаулық сақтау саласында 7 маман қызмет көрсетеді, профи­лактикалық және вакцинациялау жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Вет­пункт қызметкерлерінің басты мін­деті – мал шаруашылығында. Төрт түлік малдардың саулығын, округтің эпизоотологиялық жағдайын басты назарда ұстайды.

Ауылдың көркеюі – басты назарда

Сарыөлеңде «Саят-Сұңғат» саябағына балалар ойын алаңы, баскетбол және волейбол алаңдары, жастар алаңы салынды. Ауылға кіреберістегі саябақ абаттандырылып, жарықтандырылды. Жамбыл көше­сінің 2 шақырым жолына асфальт төселді. Көшелердегі ескі жарықтар заманауи, электр үнем­дейтін шам­дарға ауыстырылды. Су арналары мен арықтар тазаланып, шлюздер орна­тылды.

Барақ батыр ауылында «Тәуел­сіздік» саябағы абаттандырылып, балалар ойын және спорт алаңдары салынды. 10 шақырым су құбыры тар­тылып, таза ауызсу мәселесін шешуге мүмкіндік жасалды. Су тас­қынының алдын алу үшін 440 метр дамба салын­ды. Бірлік ауыл­ында 50 орындық мектеп пайдалануға беріліп, Жамбыл және Б.Рыспаев көшелерінің 2652 метріне асфальт төселді. Ауылда су жүйесін жүргізу жұмыстары жалғасуда.

2022 жылдан бері «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша округте 17 тұрғын үй салынды. Үйлер негізінен көпбалалы отбасыларға берілді. 2026 жылы Сарыөлең және Барақ батыр ауылдарында тағы екі пәтерлі үйлер салу жоспарланған.

Инвестиция мен кәсіпкерлікті дамыту бағытында да жұмыстар жүр­гізілуде. 2026 жылға 4-деңгейлі бюд­жетке 12,548 млн теңге салық түсімі жоспарланған. Жыл соңына дейін түсімді 40 млн теңгеге жеткізу көз­деліп отыр. Ауыл тұрғындарын кәсіп­керлікке тарту, «Ауыл аманаты» бағдарла­масының мүмкіндіктерін пайдалану және ауылда жаңа жұмыс орындарын ашу – негізгі міндеттердің бірі. Инвестицияның түсімділігін көбейтіп, осы 4 бюджет қаражатын тиімді пайда­лана отырып, ауыл тұр­ғындарының сұрауы бойынша ауыл­дық округтің іш­іне керек жобалар, ауылды абат­тандыру жұмыстары атқа­рылмақ.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтама­сыз ету үшін мал және егін шаруашы­лығын дамытуға жағдай жасалуда. Округте 7 азық-түлік дүкені жұмыс істейді. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін әлеуметтік маңызы бар тауарларға тұрақты мониторинг жүр­гізіледі. Аудан орталығында әр сенбі сайын ауыл шаруашылығы жәрмең­кесі өтіп, тұрғындар өз өнімдерін сату­ға мүмкіндік алады.

«Таза Қазақстан» және «Жасыл ел» жобалары аясында сенбіліктер, кө­галдандыру, саябақтар мен көшелерді тазалау жұмыстары тұрақты ұйым­дастырылуда. «Жасыл ел» бағдарла­масының екі кезеңінде 12 жас еңбекпен қамтылды. Қыс мезгілінде де тұр­­­ғын­дарға демалыс орындары жасалып, хоккей қораптары орнатылды. Осы жаз кезінде пайдаланылатын спорттық ойын алаңдарын үнемі  қардан тазалап, қыс мезгілдерінде де ауыл тұрғын­да­рына жағдай жасалған.

Цифрландыру бағытында ауыл­дарға интернет тарту жұмыстары жүр­гізілуде. Әкімдік ғимаратында тұр­ғындарға эл­ектрондық мемлекеттік қыз­­­мет­терді өз бетінше алуға мүмкіндік беретін өзін-өзі қызмет көр­сету бұры­шы жұмыс істейді. Алдағы уа­қытта цифр­л­ық сауат­тылықты арт­тырып, заманауи техно­ло­гиялар мен жасанды интеллект мүмкін­діктерін тиімді пайд­алану маңызды. Әкім­шілік мамандар практи­калық кө­мек ретінде ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыс­тарын жүргізіп, көмек береді.

Қазір шешімін күткен мәселелер де бар. Сарыөлең ауылын таза ауыз­сумен қамтамасыз ету жобасы әзір­леніп, сараптамадан өтті, енді қаржыландыру күтілуде. Ауылдың 8 көшесін орташа жөндеуге арналған жобалар дайын. Барақ батыр ауыл­ындағы 6 көше қиыл­ысына жарық орнату жобасының құны – 35 млн теңге. Сарыөлең тұр­ғындарын орта­лықтандырылған жылу­ға қосу мүмкін­дігі де қарастырылуда. 

Сарыөлең ауылының әкімі Серік Ақсартов осы тұста өзінің басты қағи­дасы халыққа жақын болу екенін жеткізді. 

– Мемлекеттік қызмет саласында 33 жыл еңбек етіп, ауылдың мәселесін, тұрғындардың мұң-мұқтажын жақсы білемін. Тұрғындармен тұрақты кезде­сіп, олардың ұсыныстары мен өтініш­терін назарға алу – күнделікті жұмыс­ым­ның негізгі бағыты. Алдағы мақ­­сатым – халықтың сенімін ақтап, ауыл тұрғындарына қалалықтармен бірдей жа­ғдай жасау. Инфра­құры­лымды дамы­ту, жол, ауызсу, жылу, жайылым және жұмыспен қамту мәсе­лелерін кезең-кезеңімен шешіп, Сары­өлең ауылдық округін таза, жайлы, көркейген және тұрақты дамитын ауылға айналдыру. Ауыл­дық округ тұрғын­дарының ара­сын­да  татулықты сақтап, елмен бірге еңбек етіп, халықтың мем­лекеттік органдарға деген сенімін одан әрі нығайту – басты міндетім, – дейді С.Алтын­бекұлы.

Қорыта айтқанда, Күршімге қа­расты Сарыөлең өлкесінде атқа­рылып жатқан жұмыстар жетерлік. Ең бас­тысы, әрбір игі іс халықтың қажетіне жарап, тұрғын­дардың өмір сүру сапа­сын жақсартуға бағытталған. 

М.ТӨЛЕУ