Қазақстандықтар зейнетақы жинағын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қалдыра алады, зейнетақы аннуитетін сатып ала алады немесе осы екі тәсілді қатар пайдалана алады.
Зейнетақы аннуитеті: тұрақтылық па, тәуекел ме?
135
оқылды

Сарапшылардың сөзінше, заңнамада қарастырылған бұл қаржы құралы өмір бойы тұрақты төлем алуға мүмкіндік бергенімен, оның қатерлері мен құқықтық салдарын да ескеру қажет.

2026 жылдың алғашқы алты айын­да БЖЗҚ-дан сақтандыру ұйым­дарына 292,8 млрд теңге ау­дарылған. Экономист Бауыржан Ыс­қақов бұл көрсеткіш үрдістің ау­қымы аз емес екенін көрсе­те­тінін айтады. Дегенмен қара­жат­тың сақтандыру секторына ауысуын БЖЗҚ тұрақтылығына ті­ке­лей төнген қауіп ретінде бағалау дұрыс емес.

«Егер азаматтар қаражатын БЖЗҚ-дан сақтандыру секторына жаппай аудара бастаса, ұзақ­мер­зімді перспективада бұл зей­не­тақы жүйесінің архитектурасына әсер етуі мүмкін», – дейді ол.

БЖЗҚ активтері ел эконо­ми­ка­сы үшін ұзақмерзімді инвес­ти­ция­лық ресурс саналады. Сон­дық­тан жинақтардың едәуір бө­лі­гінің бір сектордан екіншісіне ауысуы қаржы нарығындағы ак­тивтердің қайта бөлінуіне алып ке­леді. Сарапшының пікірінше, бұл жерде қордың қазіргі тұрақ­ты­лығынан бұрын, бүкіл жүйедегі теп­е-теңдікке назар аудару керек.

«Мұны БЖЗҚ тұрақтылығына ті­келей қауіп деп бағалау дұрыс емес. Негізгі мәселе – жүйеде дұ­рыс теңгерімнің сақталуы және аза­маттардың таңдауын эконо­ми­калық тұрғыдан саналы жасауы», – деп сөзін жалғады экономист.

Өмір бойғы төлемге кім кепілдік береді?

Зейнетақы аннуитетін сатып алған азамат ақшасын депозитке салмайды. Ол сақ­тан­дыру компаниясымен ұзақмер­зім­ді шарт жасайды. Жинақ сақ­тандыру компаниясына бе­ріл­ген­нен кейін компания шарт талаптарына сәйкес азаматқа өмір бойы төлем жасау міндеттемесін қа­былдайды.

Сақтандыру нарығында тө­лемдерге кепілдік беру жүйесі жұ­мыс істейді, ал компаниялар­дың қызметі мемлекет тарапынан реттеліп, қадағаланады. Заңна­ма­да сақтандыру ұйымы таратылған жағ­дайда төлемдерді жүзеге асы­ру­ға кепілдік беретін тетіктер де қа­растырылған. Алайда бұл аза­мат­тардың барлық тәуекелін мем­лекет шексіз өтейді дегенді біл­дірмейді.

«Азаматтар өмір бойғы тө­лем­ге мемлекет толық әрі шексіз ке­пілдік береді деп түсінбеуі керек», – дейді Бауыржан Ысқақов.

Сондықтан аннуитет рә­сім­демес бұрын сақтандыру компа­ния­сының қаржылық тұрақты­лы­ғын, шарт талаптарын, кепіл­дік кезеңін, төлемдерді индекстеу тәр­тібін және басқа да мін­дет­те­ме­лерін мұқият зерделеу қажет.

Мұрагерлік мәселесі де ше­шім қабылдауда маңыз­ды рөл атқарады. БЖЗҚ-дағы жи­нақ заңда белгіленген тәртіп­пен мұрагерлерге берілуі мүмкін. Ал зейнетақы аннуитеті сатып алын­ған кезде аударылған қара­жат­қа меншік құқығы сақтандыру компаниясына өтеді. Одан кейін­гі төлемдер мен мұра­гер­лер­дің құ­қықтары жасалған шарттың та­лаптарына байланысты болады.

«Адам тек «ай сайын қанша ақ­ша аламын?» деген сұраққа емес, «қайтыс болған жағдайда жи­нағымның тағдыры қандай бо­лады?» деген сұраққа да жауап іздеуі керек», – деген пікірін айт­ты экономист.

Азаматтардың аннуитетке ауысуына не себеп?

Сарапшы азаматтардың мұн­дай шешім қабыл­дауы­на әсер ететін негізгі се­беп­тер­дің бірі ретінде ұзақ өмір сүру тәуе­келін атады. БЖЗҚ-дан бері­ле­тін төлем жинақ көлеміне бай­ла­нысты болғандықтан, кейбір аза­маттар қаражатының бола­шақ­та таусылып қалуынан қауіп­те­неді. Аннуитеттің басты ерек­ше­лігі – сақтандыру компаниясы­на аударылған жинақ есептік тұр­ғыдан аяқталған күннің өзін­де, шарт бойынша төлем адамның өмірінің соңына дейін жалғасады.

«Азаматтардың арасында «жи­нағым таусылып қалса, не бо­ла­ды?» деген алаңдаушылық бар. Ан­нуитеттің басты артық­шы­лы­ғы – жинақ белгілі бір уақытта аяқ­талған күннің өзінде, шарт бойынша төлем өмір бойы жал­ға­сады», – деп түсіндіреді маман.

Екінші себеп – тұрақты әрі ал­дын ала болжанатын табысқа де­ген сұраныс. БЖЗҚ-дағы төлем мөл­шері жинақ көлемі мен ин­вес­тициялық кіріске байланысты бол­са, аннуитет шартта көрсетіл­ген талаптарға сәйкес тұрақты өмір­лік төлем ұсынады.

Үшінші фактор – халықтың қар­жылық сауаттылығының арт­уы. Азаматтар зейнетақыны қор­да­ғы ақша ретінде ғана емес, өмір бойғы қаржылық жоспардың бір бөлігі ретінде қарастыра бастаған.

Дегенмен сарапшы зейнетақы аннуитетін барлық адамға бірдей тиімді немесе тиімсіз шешім деп ба­­ғалауға болмайтынын ескер­теді.

«Бұл – адамның жасына, жи­нақ көлеміне, денсаулығына, от­басы жағдайына және бола­шақ­та тұрақты табысқа деген қа­жеттілігіне байланысты қабыл­да­натын жеке қаржылық шешім. Ең бастысы, азаматқа таңдау құ­қығын беріп қана қоймай, сол таң­даудың барлық салдарын тү­сіндіру керек. Өйткені зейнетақы жинағы – адамның ондаған жыл бойы қалыптастырған капиталы», – деп түйіндеді сөзін Бауыржан Ысқақов.

Зейнетақы аннуитетін таң­дау кезінде оның жалпы ар­тықшылықтары мен тәуекел­де­рінен бөлек, нақты талаптары мен төлем мөлшерін де есептеу қажет. Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер, экономика ғы­­­­лымдарының кандидаты Ай­ге­рім Ілиясованың айтуынша, бұл өнімге сұраныстың артуына 2026 жылғы маусымда зейнетақы жи­нақ­тарының жеткіліктілік шекте­рінің айтарлықтай көтерілуі әсер еткен.

Қазір өмірді сақтандыру компаниялары зейнетақы аннуитетін жоғары жеткіліктілік шегін айналып өтіп, жинақтың артық бөлі­гін тұрғын үй жағдайын жақсар­ту­ға немесе емделуге пайдалану тә­сілі ретінде белсенді ұсынып жүр. Әлеуметтік желілерде де мұн­­дай жарнамалар көбейген.

Алайда сарапшы аннуитеттің соңғы айларда ғана жаппай тал­қы­лана бастағанына назар аударады. БЖЗҚ мәліметінше, 2024 және 2025 жылдары жыл сайын ша­мамен 60 мың салымшы жи­на­ғын сақтандыру ұйымдарына ау­дарған. Бұл барлық жеке зей­не­тақы шоттарының 0,5 пайызынан да аз.

«Бұрын зейнетақы аннуитеті аса танымал болған жоқ. Ал 2026 жыл­дың маусымы мен шілдесінде өмірді сақтандыру компаниялары бұрын-соңды болмаған клиенттер ағынын тіркеді. Оның тар­тым­ды­лығы неде деген сұраққа бірмәнді жауап жоқ, өйткені зейнетақы ан­нуитеті барлық адамға және бар­лық жағдайда бірдей қолайлы емес», – дейді Айгерім Ілиясова.

Аннуитетті кімдер рәсімдей алады?

Зейнетақы аннуитетін сатып алу үшін адамның БЖЗҚ-дағы жинағы белгіленген мөл­шер­ден кем болмауы керек. Сарап­шы ұсынған есеп бойынша, бұл шек ер­лер үшін шамамен 10 млн тең­ге, әйелдер үшін 13,2 млн теңге. Ал жұмыс беруші кемінде бес жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударған зиянды өндіріс қызметкерлері үшін шамамен 7,8 млн теңге қажет.

Бірден төлем жасалатын ан­нуи­тетті рәсімдеуде жасқа байланысты талап та бар. Ерлер төлемді 55 жастан, әйелдер 53 жастан, ал мін­детті кәсіптік зейнетақы жар­на­лары төленген азаматтар 50 жас­тан бастап ала алады.

Жинағы жеткілікті азамат кейін­­ге қалдырылған зейнетақы ан­нуитетін ертерек рәсімдей ала­ды. Мұндай мүмкіндік жалпы тәр­­тіппен 45 жастан, міндетті кә­­­­­­сіптік жарналары бар адамдар үшін 40 жастан беріледі. Бірақ шарт ерте жасалғанымен, төлем бір­­ден басталмайды.

«Кейінге қалдырылған ан­нуи­­­тетті 45 жастан рәсімдеуге бо­­­ла­ды. Алайда төлемдер ерлерге 55 жастан, әйелдерге 53 жастан, ал міндетті кәсіптік зейнетақы жар­­­­­налары төленген азаматтарға 50 жастан бастап қана жүргізі­ле­ді», – деп түсіндірді сарапшы.

Өмір бойғы төлемнің мөлшері қандай?

Аннуитет жарнамасындағы «өмір бойғы төлем» түсінігі тар­тым­ды естілгенімен, азамат оның нақты мөлшеріне назар аударуы керек. Мысалы, сақтандыру компаниясына 10 млн теңге аударған адамның бастапқы айлық төлемі шамамен 35 мың теңгені құрауы мүмкін. Бұл сома жыл сайын 8 пайыз­ға индекстеледі. Бірақ бас­тап­қы төлем аз болғандықтан, оның алғашқы жылдардағы өсімі де айтарлықтай болмайды.

«Иә, төлемдер өмір бойына бел­­гіленеді, бірақ олардың мөл­ше­рі өте аз. 10 млн теңге ауда­рыл­ған жағдайда ай сайынғы төлем шамамен 35 мың теңгені құрайды. Оның жыл сайынғы өсімі 3 мың тең­геден де аз болады. Мұндай қа­ра­жатпен өмір сүру мүмкін емес», – дейді қаржыгер.

Демек, аннуитетті зейнет жа­сындағы жалғыз табыс көзі ретін­де қарастыру қауіпті. Оның тиім­ді­лігі адамның басқа зейнетақы тө­лемдері мен қосымша кіріс көз­дерінің бар-жоғына тікелей байланысты.

Айгерім Ілиясова аннуитет са­тып алудағы ең маңызды талап­тың бірі – қабылданған шешімнің қайтарылмайтынын түсіну екенін атап өтті. Сақтандыру компания­сына аударылған қаражатты кейін БЖЗҚ-ға қайтару мүмкін емес. Екі жылдан кейін басқа сақ­тандыру компаниясымен жаңа шарт жасауға болады, бірақ бұл жинақты қайтадан БЖЗҚ жүйе­сіне өткізуді білдірмейді. Сон­дық­тан азамат есептеуді тек сақ­­­тан­дыру агентінен емес, БЖЗҚ ме­нед­жерінен де алып, екі нұс­қаны са­лыстыруы қажет.

«Егер адамның жинағы 10 млн теңге ғана болса, болашақта ол мемлекеттік базалық зейне­т-а­қы мен сақтандыру компаниясынан шамамен 35 мың теңге алуы мүмкін. Ал жинағы көбірек болып, 55 жастан кейін жұмысын жал­ғастырса, зейнетке шыққанда бір­неше төлем көзін қатар пай­да­ла­на алады», – дейді Айгерім Ілия­сова.

Мұндай жағдайда азамат мем­лекеттік базалық және ын­ты­мақ­ты зейнетақыны, кейінгі жарналары есебінен БЖЗҚ төлемін жә­не аннуитет бойынша төлемді қатар алуы ықтимал. Сондықтан барлығына жарайтын әмбебап ше­шім жоқ. Таңдау жинақ көле­міне, жасқа, денсаулық жағдайы­на, жұмыс істеу жоспарына және болашақ кіріс көздеріне сүйеніп жа­салуға тиіс.

Кәмила ДҮЙСЕН