Филиппин Республикасы Сайлау комиссиясының административтік қызмет департаментінің басшысы Мария Вина Т.Замора Астана қаласындағы сайлау барысымен танысты.
Құрылтайдың алғашқы сайлауында байқаушы болу біз үшін де тарихи сәт – филиппиндік бақылаушы
125
оқылды

Сайлаудың барысын шетелдік байқаушылар да жіті бақылап, әзірге қандай да бір бұзушылықтар анықтамағанын айтуда. Филиппин Республикасы Сайлау комиссиясынан келген делегат та сайлаушылардың тәртіп пен заңға сай дауыс беріп жатқанын жеткізді.

– «Құрылтайдың алғашқы сайлауында байқаушы болу біз үшін де тарихи сәт дер едім. Бүгін, міне, төпелеп жауған жаңбырға қарамастан, сайлауға жұрт асыға келіп жатыр. Дауыс беру барысы да біз түске дейін барған төрт учаскеде тәртіппен, тыныш өтуде. Бүгін кешкі сағат 20:00-ге дейін сайлаушылардың жоғары белсенділігін күтеміз. Осы уақытқа дейін нұсқаулықтарға, Конституцияға сәйкес ешқандай заңбұзушылықтарды байқамадық. Сайлау учаскесінің ішінде ешқандай үгіт-насихат жұмыстарын көргеніміз жоқ. Дауысты сатып алу немесе сату сияқты әрекеттерді байқамадық, – дейді шетелдік бақылаушы. 

Мария Вина Т.Замора мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруіне ерекше мүмкіндік жасалғанына таңданысын жасыра алмады. Себебі нашар көретіндерге арналған Брайль шрифті, партияларға дауыс беру нұсқаулығын тыңдауға болатын құрылғылар Филиппинде әзірге қолданылмайды екен. Сол секілді сырқаттанып қалған адамның да дауыс беру құқығы шектелмейді.