Коронавирус: Венецияда су тазарды
Коронавирус: Венецияда су тазарды
198
оқылды
Медальдің екі жағы бола­тыны секілді әрбір құбылыс­тың екіжақты әсерін байқауға болады. Бүгін коронавирус күн сайын мыңдаған кісінің өмірін жалмап, миллиондаған жанды өз үйінде тұтқын қыл­ды. Экономиканың дамуын бәсеңдетіп, бизнесті тұра­латты. Бірақ бұл пандемиядан да ұтатын жақ бар екен. Ол – фармацевтикалық не химия­лық тауар өндіретін компа­ниялар емес. Ол – табиғат. Адамзаттың күнделікті әре­кеті азайған сайын атмосфера тазарып, су тұнық бола түсті. Әлемде атышулы дерттен ең көп зардап шеккен елдің бірі – Италия. Кеше коронавирустан көз жұмғандар саны 7 503-ке жетті. Сәйкесінше, бүкіл ел карантинде, шекара жабық. Себепсіз ешкімді шығармайды, кіргізбейді. Жұрт үйінде отыр. Қимыл-қозғалыс күрт азайған, турист атаулы көрінбейді. Міне, осы бір тыныштықтың оң әсерін алғаш көргеннің бірі Венеция болды. Суда жайғасқан қалаға жыл сайын 25-28 млн турист келіп, 2,5 млрд еуро пайда әкеледі. Бұл жергілікті тұрғындардың ашуын туғызбаса, аса қуанта қой­майды. Өйткені сапарлап келген ше­телдіктер көшеде жол бермей, у-шу туғызып, күл-қоқыс қалдыратын. Венециядағы тыныштық. Енді Венецияда турист жоқ, жергілікті тұрғындар да үйінен шықпайды. Гандола, моторлы қайық, судағы такси күрт азайған. Бұл тыныштық судың «жаңа тұрғындарының» көбеюіне жағдай жасады. Мәселен, Венецияға көптен бері көрінбей кеткен үйректер орала бастаған. Тіпті, жағада жұмыртқалап жат­қандары да бар екен. Ал адам әсерінің аздығынан су арналары табиғи жолмен тазарған. Су түбін­дегі балықтарды көруге болады. Яғни, антропогендік ықпалдың шектелуінен табиғи экопроцесс өзінің бастапқы қалпына орал­ған. Бірақ туристердің азаюынан зардап шеккендер де бар. Олар – ша­ғалалар. Өйткені олар саяхатшы­лардың қолынан пицца, басқа да тамақ жеп, дәнігіп алса керек. Енді амалсыздан өзінің табиғи инстинктін еске түсіріп, балық аулауға «мәжбүр». Айтпақшы, Венециядағы шағаланың басын­дағы жағдай Таиландтағы маймыл­дардың кейбір түрлеріне де туған. Себебі олар да туристердің қолынан тамақ жеуді әдетке айналдырып, жалқауланған. Ал коронавирустан сескенген саяхатшылар Таиландқа да ат басын бұрмай қойған. Енді әлгі маймылдар аш қалып, топ-топқа бірігіп, жергілікті дүкен, ба­зарларға шабуыл жасауға көшкен. Аталған жайт жақында Таиландтың Лопбури қаласында тіркелген. Қытайдағы баяу ғұмыр. Коро­навирустан тығылған жұрт саяхатын азайтып, сапарын шектеді. Әлем­нің көптеген мемлекеті төтенше жағдай жариялап, ұшақтарды қабылдауды сиретті. Бұл әлемдік әуетасымалының айтарлықтай азаюына әкелді. Сәйкесінше, ұшақтар бөлетін көмір қышқыл газы да кеміген. Аталған салада Қы­тайдың көрсеткішін атап өткен жөн болар. Мәселен, тек ақпан айының үш аптасында көмір қышқыл газын бөлу өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 25 па­йызға төмендеді. Себебі Қытай үкі­меті зауыт, фабрикалардың жұ­мысын тоқтатып, халықтың үйінде қалуын талап еткен. Егер санға айналдырсақ, 25 пайыз дегеніңіз 150 миллион метрикалық тонна газ. Бұл аз емес, мәселен, Қазақстан бір жылда орта есеппен 240 млн тоннадай зиянды газды атмосфераға бөледі. Қытай вирустың ошағы бол­ған соң үкімет қатаң шаралар қа­былдады, экономикалық даму­дың бәсеңдеуі барлық дерлік сек­торды қамтыды. Айталық, құры­лыс саласы тұралап қалды. Сәй­кесінше, енді болат және басқа да металл, материалдарға сұраныс азайды. Яғни, көмір қышқыл га­зын көп бөлетін металлургиялық зауыттардың ісі жүрмей, ауаны лас­тауы да баяулады. Мұнай өңдеу компанияларының да көрсеткіші кеміді. Өйткені тұтынушылар саны аз: жүк көліктері автотұрақта, ал әуе рейстеріне тыйым салына бастады, әуетасымалы 70 пайызға құлады. Көлік пен ұшақ двигателінің өшіп тұруы ауаның тазаруына кепіл болатынын Қытайдағы жұрт жақсы біледі. Түрлі зауыттар жұмысын баяулатқан соң оларға электр энергиясы да қажет болмай жатыр. Сәйкесінше, электр стансалары көмір жағуын азайтты, 36 пайызға кеміді. Міне, осылайша іргедегі көрші ел өндірісі коронавирустың әсерінен амалсыз 15-40 пайызға дейін төмендеді. Бірақ ауасы да айтарлықтай тазарып жатыр. Вирус ауа тазартқыш па? Ауа­ның тазаруын тек Қытайдан ғана емес, карантин жарияланған Италияның солтүстігінен, Нью-Йорк қаласынан байқауға болады. Мұны ғарыштан түсірілген фото­суреттер де дәлелдеуде. АҚШ-тың қаржы орталығында көміртегі ок­сиді, метан бөлінуі соңғы апта­ларда 50 пайызға кеміген. Өйткені жергілікті халық себепсіз үйінен шықпауға тырысады, транс­порттың басым бөлігі тоқтаған. Еуропада да әуетасымалы бұрын болмаған төмен деңгейге түсті. Аспанда дерт жұқтырам ба деген қорқыныш қатты. Биыл алғашқы үш айда ұшаққа отырған жолаушы саны 67 млн-ға кеміген. Әлемдік әуекомпаниялары 2020 жылы 113 млрд доллар жоғалтады деген болжам бар. Иә, үлкен шығын, бірақ сондай-ақ ұшақтардың да атмосфераға бөлетін зиянды газ­дары да азайып жатыр. Ал ауа тазалығы не үшін сон­ша­лық маңызды? Өйткені БҰҰ мәліметінше, әлемде жыл сайын 7 млн азамат ауаның ластануынан көз жұмады. Басқаша айтқанда, жаппай тараған коронавирус жа­нама ықпал арқылы пла­нетамызда лас ауадан зардап шегетін мил­лиондаған кісінің өмірін аман алып қалатын секілді. Мәселен, Стэнфорд уни­верситетінің эко­номисі Мар­шал Бёрктің пікірінше, ауа лас­тануының 2 айға тоқтауы жаһанда 5 жасқа дейінгі 4 мың баланың және 70 жастан жоғары 73 мың қарт­тың өмірін сақтап қалуы ға­жап емес. Жұртты дүрліктірген корона­вирустың осындай да әсері болып жатыр. Бірақ коронавирустың таби­ғатқа кесірі де тиіп жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, Starbucks ко­феханалар желісі вирустың та­ралуын алдын алу үшін көп рет қол­данылатын ыдыстарды пайда­ланудан бас тартып, бірреттік ыдыстарға көшуге шешім қабыл­даған. Ал оларды қайта өңдеуден бас тартпақ. Себебі вирус плас­тик­терде белгілі уақытқа дейін өмір сүруі мүмкін. Яғни, ен­ді әлем бойынша Starbucks кофеха­наларынан қалатын күл-қоқыс саны артады деген сөз. Аталған мәселе коронавирус ошағы Қы­тай­дың Ухань қаласында да ушы­ғып тұр. Онда бірреттік бет­перде, қолсүрткіш және басқа да меди­циналық қалдықтар 4 есе көбейіп, күніне 200 тоннаға дейін жеткен. Вирус жұқтырған науқастар қолданған медициналық заттар, қалдықтар өртелуі тиіс. Алайда 200 тоннаның барлығын күн сайын жағып үлгереді дегенге сену қиын. Алматының көк түтіні азайды. Коронавирустың кең таралуын тоқтату үшін Қазақстанда да төтенше жағдай жарияланып, қос мегаполисіміз карантинге жабылғаны белгілі. Аталған хабарды естіген он мыңдаған көлік иелері Алматыны тастап шықты. Өйткені олардың көпшілігі өзге облыстардың тұрақты тұрғындары болуы мүмкін. Әрине, көлік саны­ның сиреуі қаладағы ауа құрамына да оң ықпал еткендей. Мәселен, Алматы қаласының ауа сапасын бақылайтын АUA сай­ты қалада жаяу жүріп, велосипед­пен серуендеуге кеңес береді (каран­тин уақытында бұлай істемеген дұрыс болады). Себебі ұсақ шаң бөлшектері құрамының көрсеткіші 0,022 мг/м3 деңгейінде екен. Қаланың тек екі нүктесінде ғана ауа ластануының өте жоғары көр­сеткіші тіркелген. Қалған нүктелері жоғары немесе төмен деңгейде. Бір қарасаңыз, алаңдатарлық жағдай. Алайда 2019 жылдың қараша айында ғана ауа ластануының дең­гейі қала бойын­ша қауіпті және өте жоғары деген белгіні көрсеткен. Қысқасы, адам мен көлік саны азайып, Алматы көк түтіннен құтыла бастаған секілді. Көктөбеге шыққан алматылықтар бұл оң өзгерісті смартфонына тү­сіріп, әлеуметтік желілерде қуа­нышымен бөлісуде. Міне, әлемді дүрліктірген дерт­тің осындай да әсері болып жатыр. Әрине, табиғатты адам ықпалынан сақтау үшін мыңдаған кісіні мерт қылған вирустың планетаны шар­пуы міндет емес еді-ау...  

Әлихан ИСМАН