Financial Times ақпараты негізінде Aikyn.kz жаңа инвестициялық жүйенің жұмыс тетіктерін түсіндіреді.
Әлемдегі ең ірі чип өндіруші Nvidia жасанды интеллект индустриясындағы орнын одан әрі күшейте бастады. Компания дәстүрлі процессор шығарудан қаржыландыру мен бұлтты инфрақұрылым нарығына ықпал ететін технологиялық алпауытқа айналып келеді. Компания өзінің мол қаржылық ресурстарын жаңа нарықтарды игеруге және жаңа бизнес-модель қалыптастыруға бұруда.
Бір жыл бұрын Nvidia кейбір ірі клиенттеріне өз чиптерін сатып алу үшін қомақты несие бере бастағанда, нарықта «айналмалы қаржыландыру» жасанды интеллект көпіршігін одан әрі ұлғайтып жатыр деген алаңдаушылық туған еді. Ққазір компания тәуекелдің бір бөлігін сыртқы қаржы институттарына беріп, ауқымды инвестициялық жүйе құруға көшті.
Соның айқын мысалы – Wall Street-тің алты қаржы компаниясымен жасалған келісім. Келісімдер аясында Nvidia клиенттеріне шамамен 500 млрд доллар көлемінде қаржы береді. Чип өндірушісі кейбір мәмілелердің төрттен біріне дейін кепілдік береді. Бұған қоса, Nvidia OpenAI-дың Огайода салынатын жаңа деректер орталығына 105 млрд долларға дейін кепілдік беруге дайын.
Міндеттемелердің тәуекелі де аз емес. Бірақ Moody’s әзірге бұл келісімдер Nvidia-ның «өте жақсы қаржылық бейінін» әлсіреткен жоқ деп бағалап, компанияның кредиттік рейтингін растады.
Nvidia басшысы Дженсен Хуанг компанияның чиптері соншалықты кең таралғандықтан, оларды несие беруге болатын жаңа активтер санатына жатқызуға болады деп есептейді. Оның логикасы бойынша, бір клиент дефолтқа ұшыраса, оның есептеу қуатын пайдалануға дайын басқа тұтынушы табылады. Бұндай пікірді нарықтағы жағдай да қолдайды. Мысалы, CoreWeave компаниясы Nvidia-ның A100 чиптерінің бір бөлігін 2029 жылға дейін жалға алу туралы келісім жасады. Бұл – процессорлар тоғыз жылдан кейін де коммерциялық сұранысқа ие болатынын көрсетеді.Деректер орталықтарына деген сұраныс әзірге бәсеңдейтін емес. Moody’s АҚШ-та деректер орталықтарының қуат тапшылығы кемінде алдағы 4-5 жыл бойы сақталады деп болжауда. Бұл Nvidia-ның стратегиясына қолайлы жағдай жасауда. Компания енді тек чип сатумен шектелгісі келмейді. Nvidia нео-бұлттық платформаларды, мемлекеттік құрылымдар мен жеке компаниялардың дербес AI деректер орталықтарын қаржыландыруға көмектесіп, кейін сол орталықтар өндіретін табыстың белгілі бір бөлігін алуды көздейді.
Қазақ еліндегі Екібастұзға салынған Nvidia-ның 10 млрд долларлық ірі қаржы раунды да осыны растайды. Stifel сарапшылары осы стратегияны Nvidia-ның «активтері аз қалыптасып келе жатқан псевдобұлттық компанияға» айналуы деп сипаттайды.
Сонымен бірге Nvidia ашық бастапқы кодты AI модельдерін ұсынып, денсаулық сақтау сияқты жекелеген салаларға арналған кешенді жасанды интеллект шешімдерін әзірлеуде. Бұл компанияға болашақта бағдарламалық қамтамасыз етуден де жаңа табыс көздерін қалыптастыруға жол ашады.
Nvidia жасанды интеллект бумының алғашқы кезеңінде чиптерге деген орасан зор сұраныстың басты бенефициары болса, енді ЖИ инфрақұрылымын қаржыландыратын, технологиямен қамтамасыз ететін және оның болашақ табысынан үлес алатын ойыншыға айналуға ұмтылып отыр. Үлкен қаржы – үлкен табыстың көзі!
