Құрылтай құрамына бес саяси партия – «Әділет», «Ауыл», Respublica, «Ақ жол» және ЖСДП партияларынан 145 депутат енді.
Отырыс депутаттардың Қазақстан халқына ант беруінен басталды.
«Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 11-бабына сәйкес Мемлекет басшысы Құрылтай Төрағасы лауазымына кандидатура ұсынды. Тікелей жасырын дауыс беру арқылы депутаттардың көпшілік дауысымен Құрылтай Төрағасы болып Айбек Дәдебай сайланды.
Құрылтайдың сайланған Спикері Мемлекет басшысына көрсеткен жоғары сенімі үшін және қолдау білдіргені үшін барлық депутаттарға алғыс айтты.
– Президентіміз бүгін алдағы жұмыс бағытымызды және нақты міндеттерді айқындап берді. Елімізде жүзеге асып жатқан реформалар ауқымы бізден байыпты шешімдер мен кәсіпқойлықты және қажырлы еңбекті талап етеді. Бұл ретте әр заң мен шешімнің артында нақты мақсат тұр. Ол – еліміздің одан әрі дамуын қамтамасыз ету, мемлекеттілігімізді нығайту және азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру. Бұл жұмыстың негізінде бүкілхалықтық қолдауға ие болған жаңа Конституцияның құндылықтары мен қағидаттары жатуға тиіс. Біздің басты міндетіміз – оң өзгерістердің нәтижесі халықтың күнделікті өмірінен көрініс табатын, Заң мен Тәртіп қоғамның мызғымас негізіне айналған Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бірлескен жұмысты жалғастыру, – деді Айбек Дәдебай.
Сондай-ақ ол халықтың сенімі депутаттық корпустың жұмысындағы басты бағдар және нәтижелерді бағалаудың негізгі өлшемі болуға тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте Құрылтай елімізді одан әрі жаңғыртуға тың серпін беретін, конструктивті қоғамдық диалогқа жол ашатын және заманауи сын-қатерлерге лайықты жауап ұсынуға мүмкіндік беретін алаңға айналады.
Отырыс барысында Құрылтай Төрағасының орынбасарлары да анықталды – Нұрлан Бекназаров, Дания Еспаева және Динара Зәкиева. Олардың кандидатурасы да дауыс беру кезінде қолдау тапты.
Құрылтайда сегіз тұрақты комитет құрылды. «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 36-бабына сәйкес комитеттердің бірінің төрағасы Құрылтайдағы оппозиция атынан ұсынылған депутаттардың арасынан сайланады.
Осылайша: Серік Егізбаев – Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің (Құрылтайдағы оппозиция атынан ұсынылған депутаттардың арасынан);
Үнзила Шапақ – Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің;
Марат Қожаев – Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің;
Әмірбек Оспанбеков – Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің;
Асхат Аймағамбетов – Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің;
Ольга Перепечина – Қаржы және бюджет комитетінің;
Дархан Ахмедиев – Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің;
Наталья Годунова – Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің төрағасы болып сайланды.
