Бүгінде Өскемен жаңа кейіпке еніп келеді. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қолдауымен қаланы абаттандыру, көгалдандыру, жолдарды жаңарту, қоғамдық көлікті дамыту, табиғи аумақтарды сақтау және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Жасыл қалаға бастар жол
Шаһардың экологиялық ахуалын жақсарту мен жасыл қорын көбейту – қала дамуының маңызды бағыттарының бірі.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында биыл Өскемен аумағына 20 мыңға жуық көшет отырғызу жоспарланған. Оның 9 мыңға жуығы қазірдің өзінде егілді. Бұл – қаланың жасыл желегін көбейтіп қана қоймай, тұрғындар үшін қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталған нақты қадам.
Сонымен қатар Өскеменнің жасыл қорын тиімді басқаруға мүмкіндік беретін дендрологиялық жоспар әзірленуде. Жасыл желектерді түгендеу, жел раушанын ескеру және әр ағаш туралы мәліметті электрондық паспортқа енгізу арқылы қаладағы ағаштарды бірыңғай цифрлық жүйеде есепке алу көзделген. Яғни енді шаһардың әр ағашы цифрлық жүйеде тіркелген экожүйенің бір бөлігіне айналмақ.
Табиғи аумақтарды дамыту жұмыстары да жалғасуда. «Шешек» экобағын абаттандырудың екінші кезеңі басталмақ. Мұнда жаңа демалыс орындары, спорт алаңдары мен автотұрақтар салынып, аумақ одан әрі көгалдандырылады.
Ал Ертістің сол жағалауындағы 21 гектардан астам аумақты қамтитын «Қайың тоғай» экобағын дамыту бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Негізгі мақсат – табиғи ландшафтты сақтай отырып, қала тұрғындары серуендеп, тынығып, табиғат аясында уақыт өткізе алатын экологиялық кеңістік қалыптастыру.
Қаланың экологиялық ахуалы қоғамдық көлікті жаңғыртумен де тікелей байланысты. Кейінгі жылдары Өскеменде қоғамдық көлік паркін жаңарту қарқын алды. Қала тасымалдаушылары 250-ден астам қоғамдық көлікті жаңартты.
Биыл тағы 44 автобус, 15 шағын автобус және 27 электробус сатып алу жоспарланған. Қазір қоғамдық көлік паркінің 85 пайызы жаңартылды.
Бұл бағыттағы маңызды қадамның бірі – электробустарды енгізу. Өскеменге 12 электробус жеткізілді. Экологиялық таза көліктің қала көшелеріне шығуы атмосфералық ауаға түсетін жүктемені азайтып, қоғамдық көліктің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар көлік желісі тұрғындардың қажеттілігіне қарай кеңейтілуде. Ахмер ауылында №223 және №255А жаңа автобус бағыттары сынақ режимінде іске қосылды. Тұрғындардың сұранысы расталған жағдайда, бұл маршруттар тұрақты желіге енгізіледі.

Бұл жай ғана жаңа бағыттардың ашылуы емес, яғни қала мен оның шеткі аудандары арасындағы байланыс жақсарып, адамдардың жұмысқа, мектепке және басқа да әлеуметтік нысандарға қолжетімділігі артады.
Жаңарған жолдар
Қала тұрғындары үшін күнделікті жайлылық, ең алдымен, сапалы жолдан басталады. Осы бағытта да Өскеменде ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр.
Биыл облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қолдауымен қалада 60 шақырым жолды орташа жөндеумен қамту көзделген. Бұл өткен жылғы 42,2 шақырыммен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш.
Жалпы, бөлінген қаржы аясында 69 учаскеде 67,9 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Бүгінде 42 учаскеде 43,5 шақырым жол жөнделіп, жоспардың 64 пайызы орындалды. Тағы 10 учаскеде 11,4 шақырым жолда жұмыс жүргізілуде.
Согра ауданында 6,4 шақырым асфальт жабыны жаңартылды.
Жолдардың жағдайын жақсарту үшін шұңқырларды жөндеу де қатар жүргізілуде. Жыл соңына дейін 41 825 шаршы метр жол жамылғысындағы шұңқырларды жөндеу көзделген. Қазір оның 35 571 шаршы метрі, яғни 85 пайызы орындалды.
Сондай-ақ 70 учаскеде 47 шақырым жолға қиыршық тас төсеу және 9 учаскеде 4,7 шақырым жаяу жүргіншілер жолын абаттандыру жоспарланған.
Қаладағы жайлылық жолмен ғана өлшенбейді. Осыған байланысты қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 80-100 контейнерлік алаңға жаңа қоршаулар орнату, ірі көлемді қалдықтарды жинауға арналған 20 алаңды бетон қоршаулармен жабдықтау және көшелерге 1 499 жаңа жарық нүктесін орнату көзделген.
Мұның бәрі – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін өзгерістер.
Өскеменнің жаңа мүмкіндіктері
Шаһарда апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен бұзу жұмыстары жалғасуда. Биыл бұзу жоспарына 6 үй енгізілген.
Сонымен қатар Әуезов даңғылы мен қаланың басқа да орталық көшелеріндегі көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл Өскеменнің сыртқы келбетін жаңартып, тарихи қалыптасқан қалалық ортаны заман талабына сай етуге мүмкіндік береді.

Қаланың өзгеруі жаңа инвестициялық жобалардан да көрінеді. Өскеменде туризм, қонақүй бизнесі және іскерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірнеше ірі жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Luncin International компаниясы 12 млрд теңге инвестиция көлемімен бес жұлдызды қонақүй салуды жоспарлауда. Қазір жоба бойынша жер учаскесін таңдау және келісу жұмыстары жүргізілуде.
Ал Славский жағалауындағы VK Tower көпфункционалды кешенінің құрамында Hilton Garden Inn Oskemen төрт жұлдызды қонақүйі бой көтермек. Azimut Capital ЖШС жүзеге асыратын жобаның инвестициялық көлемі 17 млрд теңгені құрайды. 2026-2028 жылдарға жоспарланған кешен құрамында қонақүйден бөлек бизнес-орталық пен ойын-сауық орталығы болады.
22 қабатты ғимаратта Hilton Garden Inn қонақүйінің 150 нөмірі орналасады. Жобалау жұмыстары жүргізіліп, сыртқы инженерлік желілер бойынша құжаттар мемлекеттік сараптамаға жолданған.
Сол жағалауда «ПРИЧАЛ» ЖШС-ның 10 млрд теңгелік қонақүйлер салу жобасы да жоспарланған. Жоба жүзеге асқан жағдайда 120 жаңа жұмыс орны ашылады.
Ал AURORA RESIDENCE жобасы аясында қонақүй-мейрамхана кешенін, SPA-орталық пен абаттандырылған серуендеу аймағын салу көзделген. Нысанда 70 қонақүй нөмірі және 500-600 орындық мейрамхана болады.
Бұл жобалардың барлығы Өскеменнің туристік және іскерлік әлеуетін арттыруға, қала экономикасына жаңа серпін беруге бағытталған.
Қорыта айтқанда, Ертістің қос жағалауындағы қала бүгінде өзінің жаңа келбетін қалыптастырып келеді. Тарихын сақтай отырып, жаңаруға ұмтылған Өскеменнің басты байлығы – оның табиғаты, сәулеті немесе инфрақұрылымы ғана емес, осы қаланы көркейтуді мақсат еткен еңбекқор халқы.
Айна ХАСАН
