Қазақстанда бастаған кәсіби жолын халықаралық авиация индустриясында жеті жылдан бері жалғастырып келе жатқан Ұлжан үшін инженерия – біліммен қатар, сан түрлі дағды тоғысқан күрделі сала.
– Әлемдегі ең ірі авиация компанияларының бірінде инженер болып жұмыс істеу, оның ішінде ұшу аппараттары мен әскери қорғаныс жаттығуларына арналған жабдықтар конфигурациясын басқару абсолютті дәлдік пен жоғары жауапкершілікті талап ететіні анық. Бұл бағыттағы инженерлік міндеттердің азаматтық авиация жобаларынан қандай айырмашылығы бар?
– Boeing компаниясында жұмыс барысында бізге бағыт беретін бес негізгі құндылық бар. Олар – қауіпсіздік пен сапа, сенім, адамдарға көңіл бөлу, жауапкершілік және инновация. Менің тәжірибемде осы құндылықтардың біреуіне болса да жеткілікті көңіл бөлмеу жұмыстың нәтижесіне әсер етуі мүмкін.
Қорғаныс саласындағы жобалардың азаматтық авиация жобаларынан айырмашылығы – олардың басымдықтары мен талаптарында. Азаматтық авиацияда ең алдымен жолаушылардың қауіпсіздігі, сенімділік, сертификаттау, тиімділік және коммерциялық авиация талаптарын сақтау маңызды болса, қорғаныс саласында міндеттер әлдеқайда күрделі әрі жиі өзгеріп отырады. Мұнда арнайы жабдықтармен жұмыс істеу, әртүрлі жүйенің өзара үйлесімін қамтамасыз ету және нақты операциялық жағдайларға немесе оқу-жаттығуларға сәйкес келетін конфигурацияларды дайындау сияқты талаптар бар.
– Әскери жаттығуларға арналған жабдықтар нақты ұрыс жағдайын емес, соған барынша жақын сценарийлерді модельдеуге көмектеседі. Мұндай жүйелерді әзірлеу мен конфигурациясын басқаруда қандай талаптар ерекше маңызды?
– Оқу-жаттығу жүйелері нақты жағдайларды қауіпсіз түрде имитациялауы керек. Сондықтан олардың конфигурациясы модельдейтін жабдықтың және нақты жұмыс жағдайларының сипаттамаcын барынша дәл көрсетуге тиіс. Конфигурация мен деректерді басқару тұрғысынан алғанда, жүйеге енгізілетін кез келген өзгерісті қатаң бақылауда ұстау өте маңызды. Әрбір өзгеріс міндетті түрде құжатталып, сынақтан өткізіліп, дұрыстығы тексеріліп, тиісті түрде бекітілуі керек. Сонда инженерлер мен операторлар жүйеде нақты қай конфигурация қолданылып тұрғанын әрдайым біледі.
Сонымен қатар жүйелер өзгерістерге бейімделе алатындай болуы қажет, өйткені оқу-жаттығу сценарийлері мен миссия талаптары уақыт өте өзгеруі мүмкін. Ал қандай да бір өзгеріс енгізу қажет болған жағдайда, инженерлер қолданылып отырған нұсқадан бастап зауытта орнатылған бастапқы параметрлерге дейінгі барлық деректің өзгеру тарихын қадағалай алуға тиіс.
– Boeing-тегі жұмыс сіздің инженерлік көзқарасыңызды қалай өзгертті? Бұл ортаға келгеннен кейін мамандығыңызға немесе өз мүмкіндігіңізге бұрынғыдан басқаша қарай бастаған тұстарыңыз болды ма?
– Алғашқы кезде ақпараттың көлемі мен жүйенің күрделілігі маған оңай болған жоқ. Ең маңызды құжаттар мен талаптарды толық түсініп, олардың бір-бірімен қалай байланысты екенін меңгеруге шамамен жарты жылдай уақыт кетті. Бір байқағаным, компанияға жаңадан келген қызметкер ретінде сізде ерекше мүмкіндік болады: бір жағынан, бұрыннан қалыптасқан шешімдердің артықшылықтарын көресіз, екінші жағынан, олардың әлсіз тұстарын да тез байқайсыз. Себебі сіз өзіңізбен бірге басқа тәжірибе мен жаңа көзқарас алып келесіз. Бұл кейде бұрыннан қалыптасқан процестерге жаңаша қарап, оларды жақсарту жолдарын көруге көмектеседі.
Өзімді жұмыста еркін сезініп, осы ортада өз орнымды тапқанымды түсінген сәттің бірі – бірнеше мәселені байқап, оларды жай ғана көрсетіп қана қоймай, нақты іске асыру жоспарына негізделген практикалық шешімдер ұсына алған кезім. Алайда Boeing компаниясында тіпті салыстырмалы түрде шағын өзгерістің өзін енгізу үшін нақты әрі қатаң тәртіпке негізделген процесс бар. Мысалы, қандай да бір өзгеріс енгізу қажет болса, алдымен Change Request, яғни өзгеріс енгізу туралы өтінім жасалып, ол бірнеше тараптың қарауы мен мақұлдауынан өтуі керек. Бұл процесс арнайы кездесулер арқылы да, компанияда белгіленген жүйелер арқылы да жүзеге асырылады. Осы кезеңдердің барлығы аяқталғаннан кейін ғана өзгерісті іске асыруға қажетті бюджет пен ресурстар бөлінеді. Кейде бұл процесс ұзақ уақыт алуы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе оның не үшін қажет екенін түсіндім. Авиация сияқты күрделі салада сырт көзге болмашы болып көрінетін өзгерістің өзі техникалық жағдайға, жұмыс процесіне, қаржыға немесе ең бастысы, қауіпсіздікке әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай шешімдерді жан-жақты қарастырып, тиісті тексерулерден өткізу – жұмыстың маңызды бөлігі.
Сондықтан Boeing компаниясындағы жұмыс тәжірибем инженер болу тек мықты техникалық білімге ие болу деген сөз емес екенін түсіндірді. Инженер үшін сол білімді командамен жұмыс барысында дұрыс қолдана білу, күрделі процестерден жол табу, өз идеяңды нақты әрі түсінікті жеткізу және оны іс жүзінде пайдалы нәтижеге айналдыру да маңызды.
– Boeing-тегі корпоративтік мәдениеттен сізге ең қызық немесе Қазақстандағы жұмыс тәжірибеңізден мүлде өзгеше көрінген қандай нәрсе болды?
– Boeing-тің корпоративтік мәдениетіндегі маған ерекше ұнаған тұстардың бірі – қауіпсіздікке, белгіленген процестерге және ашықтыққа үлкен мән берілетіні. Бізге жұмыста қандай да бір мәселе туындауы мүмкін деп ойласақ, оны ашық айтуға үнемі мүмкіндік беріледі. Тіпті бұл жобаның мерзімін ұзартып немесе басшылық қабылдаған шешімге қатысты сұрақ туындатуы мүмкін болса да, өз жұмысыңа деген кәсіби жауапкершіліктің бір бөлігі ретінде қабылданады. Бұл жағынан алғанда, менің Қазақстандағы жұмыс тәжірибемнен белгілі бір айырмашылықты байқадым. Қазақстанда кейбір ұйымдарда иерархиялық басқару тәсілі басым. Мұндай ортада қызметкерлер басшылықтың шешіміне күмән келтіруге немесе мәселені ашық көтеруге кейде сақтықпен қарайды.

– Алдыңғы сұрақтың жалғасы болсын. Батыс қоғамында өмір сүру сіздің жалпы дүниетанымыңызды қалай өзгертті: бұрынғы қай ұстанымдарыңыздан бас тарттыңыз және бойыңызға қандай жаңа құндылықтар сіңді?
– Батыс қоғамында өмір сүру менің дүниетанымыма сөзсіз әсер етті. Мен үшін ең маңызды өзгерістің бірі – кез келген дүниеге қатысты сыни ойлауға дағдыландым. Қандай да бір мәселені шешудің немесе белгілі бір нәтижеге жетудің міндетті түрде бір ғана дұрыс жолы бар деген түсініктен де арылдым. Сонымен қатар жеке еркіндік пен жеке жауапкершіліктің мәнін тереңірек түсіндім. Адамның өз таңдауын еркін жасау құқығын құрметтей отырып, сол таңдаудың салдарына жауап беру де маңызды деп есептеймін. Сондай-ақ өз шекараңды белгілей білу және басқа адамдардың жеке шекарасын құрметтеу қажет екенін ұғындым. Әртүрлі мәдениет өкілдері бірге өмір сүретін орта теңдік, төзімділік және өзара құрмет сияқты құндылықтарға деген көзқарасымды да күшейтті. Әсіресе тәжірибесі, өмір салты немесе көзқарасы менікінен мүлде өзгеше адамдармен қарым-қатынас жасау арқылы әр адамның өзіндік ерекшелігін құрметтеудің маңызын түсіндім.
– STEM саласында әйелдердің аздығын олардың таңдауы деп қабылдауға бола ма, әлде оларға әсер ететін әлеуметтік және мәдени факторлар бар ма? Сіз өз жолыңызда осы факторлардың ықпалын байқадыңыз ба?
– Менің ойымша, мұндай ықпалдардың көбі бала кезден басталатын сияқты. Себебі бұл кезде адам әлемді және өзінің кім екенін енді танып, түсіне бастайды. Мысалы, баланың ойыншықтары, оқитын кітаптары, теледидарда немесе әлеуметтік желіде көретін контенті оның гендерлік рөлдер туралы түсінігіне әсер етуі мүмкін.
Өз балалық шағыма қарап отырсам, алғашқы қызығушылықтарымның көбі инженерия мен авиациямен тікелей байланысты болған екен. Мен Lego конструкторларымен, ойыншық ұшақтармен көп ойнадым. Тіпті біз балалар болып қайық қылып ойнаған АН-2 ұшағының шын дөңгелектері де болған. Мұның бәрі менің қызығушылығымды арттырып, заттардың қалай жұмыс істейтінін түсінуге деген ынтамды қалыптастырды. Оқитыным да негізінен аэродинамика туралы кітаптар болатын. Бір ғана Barbie қуыршағым болды. Ойын кезінде оны үнемі «науқас» қылып, өзімді дәрігер ретінде елестететінмін. Сөйтіп, бір кездері дәрігер болуға да қызыққаным бар. Өкінішке қарай, бір күні қуыршағым сынып қалды да, мен қайтадан Lego-ға оралдым.
Алайда менің өмір жолыма ең үлкен әсер еткен адам әкем еді. Әскери және азаматтық авиация саласында жиырма жылдан астам тәжірибесі бар әкем маған жай ғана қолдау көрсетіп қойған жоқ, сонымен бірге бала кезімнен осы мамандықтың қыр-сырын және онымен бірге келетін жауапкершілікті түсінуге мүмкіндік берді.
– Қазақстандағы авиациялық білім беру мен халықаралық стандарттар арасында әлі де алшақтық бар ма? Boeing сияқты гигантқа жұмысқа кіргенде қазақстандық білімнің қай тұсы көмектесті, ал қай тұсын өз бетіңізбен оқуға тура келді?
– Меніңше, Қазақстандағы білім беру жүйесі мен халықаралық стандарттардың арасында әлі де белгілі бір айырмашылық бар. Әсіресе бұл практикалық тәжірибе мен өндірістік ортаға жақын болу жағынан байқалады.
Қазақстанда алған білімім маған аэродинамика, әуе кемелерінің жүйелері, математика және техникалық коммуникация сияқты негізгі пәндер бойынша жақсы теориялық база қалыптастырды. Boeing компаниясында жұмыс бастаған кезде осы білімнің көп көмегі тиді. Сонымен қатар кейбір дүниелерді жұмыс барысында, арнайы оқыту бағдарламалары мен өз бетімше іздену арқылы үйренуге тура келді. Мысалы, жергілікті әскери стандарттар, арнайы бағдарламалар мен құралдарды пайдалану, техникалық құжаттамамен жұмыс істеу тәртібі сияқты дағдыларды тәжірибе барысында меңгердім.
Жалпы алғанда, Қазақстанда алған білімім мен алғашқы жұмыс тәжірибем маған берік теориялық негіз қалыптастырды деп айта аламын. Ал халықаралық компанияда жұмыс істеу сол білімді іс жүзінде қолдануға және практикалық әрі кәсіби дағдыларымды одан әрі дамытуға мүмкіндік берді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ
