Кезең кезеңмен енгізілуге тиіс бұл өзгерістер мектепке дейінгі, бастауыш және орта білім беру сапасын арттыруға бағытталады. Бұл мақсатта Ақтөбе облысында атқарылып жатқан істер жетерлік.
Оқу-ағарту министрлігі негізгі назарды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын арттыруға, білім беру бағдарламаларының мазмұнын жетілдіруге, балалар үшін қолайлы дамытушы орта қалыптастыруға және сапалы мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігін кеңейтуге аудармақ. Сонымен қатар мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру тетіктері жетілдіріліп, мектепке дейінгі білім беру қызметтерінің сапасын бағалаудың заманауи тәсілдерін енгізуді жоспарлап отыр. Ал бастауыш білім берудегі басты өзгеріс оқу мазмұнын жаңартуға бағытталады. Яғни оқу бағдарламаларында оқу жүктемесі оңтайландырылып, математика пәні бойынша оқу мақсаттары қайта қаралды, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келмейтін тақырыптар алынып тасталды. Бірінші сынып оқушылары үшін бейімделу кезеңі қарастырылған. «Әліппе» және «Ана тілі» пәндеріне бөлінетін сағат саны ұлғайтылып, оқу және жазу дағдыларын қалыптастыруға көбірек уақыт бөлінетін болады. Барлық орта білім беру ұйымдарында жалпыұлттық құндылықтарға, азаматтық жауапкершілікке, патриотизмге және заңға құрмет қағидаттарына негізделген «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын іске асыру жалғасады. Барлық сынып оқушылары жас ерекшеліктерін ескере отырып, жасанды интеллект негіздерімен танысады.
Сондай-ақ орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру басталады. Еліміздің пилоттық мектептерінде оқытуды дараландыруға, оқу нәтижелерін автоматтандырылған талдауға және білім алушыларға дербес қолдау көрсетуге бағытталған заманауи AI-шешімдер сынақтан өткізіледі. Жоба аясында бастауыш сыныптарда педагог пен интеллектуалды AI-көмекшінің бірлескен жұмысын көздейтін инновациялық «екі мұғалім» моделі сынақтан өткізіледі. Жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, керісінше, әрбір оқушыға жеке қолдау көрсететін тиімді көмекші қызметін атқарады.
Ақтөбе облысында да аталған өзгерістер бойынша білім саласын оңтайландыру жұмыстары тиімді іске асырылып жатыр. Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, жаңа оқу жылына дейін облыста жалпы 4 060 орынға арналған 9 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласында 3 жаңа мектеп және 2 жапсарлас құрылыс жұмыстары аяқталады деп жоспарланған. Олар – «Алтын орта» тұрғын алабындағы 900 орындық, «Оңтүстік-Батыс-2» тұрғын алабындағы 300 орындық, «Шилісай-1» тұрғын алабындағы 600 орындық нысандар, сондай-ақ №8 орта мектепке 300 орындық және Д.Қонаев атындағы орта мектепке 600 орындық жапсарлас құрылыс. Мұғалжар ауданындағы Ащысай негізгі мектебінің 60 орындық ғимараты, Темір ауданындағы Кеңқияқ ауылындағы 600 орындық және Шұбарқұдықтағы 600 орындық мектептер, сондай-ақ Мәртөк ауданындағы Кеңсахара ауылындағы 100 орындық мектеп пайдалануға беріледі. №8 орта мектепке жапсарлас салынған 300 орындық құрылыс апта басында пайдаланылуға берілді. Бастауыш сынып оқушыларына арналған бұл ғимаратта 11 оқу кабинеті, 4 информатика кабинеті, спорт залы, асхана және ұл балаларға арналған шеберхана орналасқан. Барлық оқу кабинеттері заманауи интерактивті панельдермен, жаңа жиһаздармен және оқу-әдістемелік құралдармен жабдықталған. Жалпы мектептің негізгі 600 орындық ғимараты 2012 жылы пайдалануға берілген. Қазір онда 1 368 оқушы білім алады. Оқушы орнының тапшылығын шешу мақсатында жапсарлас ғимараттың іргетасы 2024 жылы қаланған. Жаңа оқу жылында жаңа корпуста бастауыш сыныптың 26 сыныбы оқиды. Қазірдің өзінде 1-сыныпқа 150-ден астам бала құжат тапсырған, ал мектепте жаңа оқу жылына алты бірінші сынып ашу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар мектепте ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған екі арнайы кабинет жабдықталған. Өткен оқу жылында мұнда ерекше қажеттілігі бар 30 бала білім алса, биыл 26 баланың құжаты қабылданған. Қазір облыста жаңа білім беру нысандарын пайдалануға беру нәтижесінде өңірдегі үш ауысымды бір мектептің, бір апатты мектептің және 3 мың оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесін шешу көзделіп отыр. Осы мақсатта биыл жаңа білім беру нысандарының төртеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Оның бірі – Алтын Орда шағын ауданындағы 900 оқушыға арналған №81 жалпы білім беретін мектебі. Білім ордасында STEM және робототехника, информатика, химия, биология, физика, география, тілдер мен математика кабинеттері жабдықталған. Сонымен қатар шеберханалар, кітапхана, акт залы, хореография және спорт залдары қарастырылған.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған тағы бір білім ордасы – Ақтөбе қаласының Оңтүстік-Батыс-2 тұрғын алабында салынған 300 орындық №87 жалпы білім беретін мектеп. Мұнда да оқушыларға заманауи білім алуға қажетті жағдай жасалған. Сондай-ақ Темір ауданындағы Кеңқияқ пен Шұбарқұдық елді мекендерінде ашылатын мектептер де «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша салынды. Жалпы алғанда, Ақтөбе облысында 2023-2026 жылдары аталған ұлттық жоба аясында сыйымдылығы 11 400 орындық 14 жаңа мектеп салынды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «1 300 мектепті реновациялау» ұлттық жобасы аясында өңірде 2025-2027 жылдары 24 мектеп кешенді жаңғырту жоспарланған. Биыл облыста 10 білім беру нысанын, оның ішінде 9 мектеп пен 1 мектепке дейінгі ұйымды жөндеу қарастырылған. Бұл мақсаттарға облыстық бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 8 мектеп Президент тапсырмасына сәйкес реновация бағдарламасы аясында жаңғыртылып, материалдық-техникалық базасы толықтырылуда.
Бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымына көшу мақсатында өңірде 2027 жылға дейін 24 мектепті реновациядан өткізу көзделген. Оның ішінде 2025 жылы – 7, 2026 жылы – 8, ал 2027 жылы 9 мектеп жаңғыртылмақ. Сондай-ақ 7 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Олардың материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Аталған жұмыстарды жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 3,0 млрд теңге бөлінген.
Биыл реновация жүргізілетін 8 мектептің қатарында Ақтөбе қаласындағы №37, №22 және №17 орта мектептері, Әйтеке би ауданындағы М.Жұмабаев атындағы орта мектеп, Байғанин ауданындағы Қарауылкелді орта мектебі, Темір ауданындағы С.Бәйішев атындағы орта мектеп, Шалқар ауданындағы №8 орта мектеп және Мұғалжар ауданындағы Құмсай орта мектебі бар. Жоба аясында аталған білім беру ұйымдарына 567,0 млн теңге бөлініп, 42 заманауи пәндік кабинет сатып алынды және мектеп кітапханалары мен жиһаздары жаңартылды.
Облыс орталығындағы ең көне білім беру ұйымдарының бірі, 1955 жылы құрылған №22 мектеп реновация жүргізілетін мектептер қатарына еніп, мұнда жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектептің қасбеті мен шатыры жаңартылып, ішкі бөлмелер, едендер және инженерлік жүйелер жөнделуде. Оқу кабинеттерінде әрлеу жұмыстары жүргізіліп, электрмен, сумен жабдықтау, кәріз және басқа да инженерлік коммуникациялар жаңартылуда. Сонымен қатар тарих, география, математика, информатика және алғашқы әскери дайындық пәндеріне арналған бес оқу кабинетін заманауи жабдықтармен және жиһаздармен қамтамасыз ету көзделген. Ғимараттағы электрмен жабдықтау жүйесі толық жаңартылып, электр кабельдері ауыстырылған. Сонымен қатар мектепке жапсарлас 300 орындық қосымша ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Жаңа қосымша ғимарат мектептің мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді. Мұнда арнайы оқу кабинеттері, әкімшілік бөлмелер, психолог пен дефектолог кабинеттері, сондай-ақ акт және спорт залдары орналасады.
2026-2027 жаңа оқу жылында облыстағы 450-ге жуық мектепте 194 мыңнан астам оқушы білім алады деп күтілуде. Биыл облыс бойынша бірінші сыныпқа 20 234 бала барады. Өңірде әлеуметтік осал санаттағы балаларға мектепке дайындық үшін қаржылай және материалдық көмек көрсетіледі. 2026 жылы мұндай қолдау 16 064 балаға көрсетілмек. Бұл мақсатқа 816,9 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар 5 мыңнан астам бала демеушілердің қолдауымен өтетін «Мектепке жол» акциясы аясында көмек алады.
Ал Ақтөбе қаласының аумағында 2026–2027 оқу жылында 93 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істеп, онда 116 947 оқушы оқитын болады. Қаланың мектепке дейінгі білім беру жүйесінде 25 880 мектеп жасына дейінгі бала мектепке дайындалуда.
Облыстық білім басқармасы адам капиталын дамыту, сапалы білім беру және кәсіби өсуге мүмкіндік жасау бағытында заманауи білім беру тәсілдерін енгізу және бәсекеге қабілетті ұрпақты қалыптастыруға қажетті жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Дегенмен қазір өңір мектептерінде 396 педагог жетіспейді. Мұндай қажеттілік барлық аудандарда және Ақтөбе қаласында бар. Кадр тапшылығын шешу мақсатында облыстық Білім басқармасы бірқатар нақты шешім қабылдап, биыл жоғары оқу орындарын педагогикалық мамандықтар бойынша бітірген түлектерді облыс мектептеріне орналастыру бағытындағы жұмыстарды жүзеге асырып жатыр.
Тілек ҚАБЫЛ
