Қолданыстағы заңнаманы түгендеп, оны жаңа Конституцияға сәйкестендіру бірінші кезектегі міндеттердің бірі ретінде белгіленді. Бұл жұмыс Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген басымдықтармен, сондай-ақ өзекті әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси мәселелермен бірге бейінді комитеттердің жұмыс жоспарына енгізіледі.
Мемлекет басшысы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында заң шығару қызметінің негізгі басымдықтарына тоқталғаны белгілі. Айбек Дәдебай қазір депутаттардың алдында жасанды интеллект пен цифрлық активтерді дамыту, көші-қон саясатын жетілдіру, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау, энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және баламалы энергетиканы өркендету, сондай-ақ онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттеу мәселелері бойынша жұмыс жүргізу міндеті тұрғанын атап өтті.
Құрылтай жұмысының күн тәртібіне кітапхана ісі мен кітап басып шығару саласын дамыту, жаңа мемлекеттік наградалар – «Шәмші Қалдаяқов» медалін және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын заңнамалық тұрғыдан бекіту мәселелері де енгізіледі. Алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетті қарау да жұмыстың жеке бір бағыты болмақ.
Сондай-ақ Айбек Дәдебай парламенттік бақылаудың тиімділігін арттыру, депутаттардың халықпен тұрақты байланысын қамтамасыз ету және E-Parliament жүйесін жедел енгізу қажеттігіне назар аударды.
Бюро отырысында Қазақстан Республикасы Құрылтайының регламенті жобасын әзірлеуге қатысты міндеттер де айқындалды. Спикер комитеттер мен фракциялар депутаттар қызметінің жаңа тәсілдерін және заң шығару жұмысын жетілдіру мәселелерін ескере отырып, регламент жобасына қатысты өз ұсыныстарын жақын арада беруі қажет екенін айтты. Құжатты бюроның келесі отырысында қарау жоспарлануда.
Сонымен қатар Құрылтай Төрағасының орынбасарларына тұрақты комитеттерге жетекшілік ету міндеті бекітілді.
