Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен және Ташкент облысы әкімінің шешімімен Ташкент облысы Бостанлық ауданына қарасты Қараманас ауылындағы №34 мектепке көрнекті қазақ жазушысы, драматург, аудармашы әрі қоғам қайраткері Рахметолла Райымқұловтың есімі берілді.
Қаламгер есімі ұлықталды
101
оқылды

Осыған орай 2 қыркүйекте Рахметолла Райымқұлов атындағы №34 мектепте жаңа оқу жылының басталуына және қаламгердің туған жерінде оның есімін ұлықтауға арналған мерекелік іс-шара өтеді. Жиынға Өзбекстан мен Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысады. Олардың қатарында Өзбекстан Республикасы Мектепке дейінгі және мектеп білімі министрлігі мен Мәдениет министрлігінің басшылығы, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ералы Тоғжанов, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова, қазақ қаламгерлері мен әдебиеттанушылары Құлбек Ергөбек пен Нұрғали Ораз бар. Сондай-ақ іс-шараға жазушының ұрпақтары, ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар қатысады.

Мерекелік іс-шара аясында жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылып, жаңартылған мектеп кітапханасы мен Рахметолла Райымқұловқа арналған мемориалдық бұрыш ашылады. Сонымен қатар кітапхана қорын толықтыру мақсатында жаңа кітаптар табысталады. Бұдан бөлек, өскелең ұрпақтың кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, жазушының шығармашылығымен жақынырақ таныстыруға және оның әдеби мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған рухани-ағартушылық кеш ұйымдастырылады.

Рахметолла Райымқұлов 1913 жылы Ташкент облысы Бостанлық ауданының Қараманас ауылында дүниеге келген. Қаламгер қазақ және өзбек әдебиеті мен мәдениетінің дамуына, екі халық арасындағы рухани байланыстың нығаюына елеулі үлес қосты. Оның «Жасыл белес», «Түйелі адам», «Балдақты адам», «Қара жорға» романы және басқа да шығармалары оқырманға кеңінен таныс. Мектепке Рахметолла Райымқұловтың есімінің берілуі айрықша символдық мәнге ие. Бұл бастама ортақ мәдени мұраға деген құрметтің, Қазақстан мен Өзбекстан халықтарының тарихи жақындығы мен ғасырлар бойғы бауырластығының, сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени- гуманитарлық ынтымақтастықтың одан әрі нығая түскенінің жарқын көрінісі.

Қараманастағы қазақ мектебінің де өзіндік тарихы бар. 1936 жылдан бастау алатын білім ошағы бірнеше буынға ана тілінде білім беріп, ұлттық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Енді мектеп тарихында жаңа кезең басталғалы тұр. Бір кездері осы топырақта дүниеге келген жазушының есімі енді туған өлкенің балалары білім алатын мектептің маңдайшасына жазылады. Бұл атау жас ұрпақты қаламгер мұрасымен жақындастыра түсетіні анық. Мектеп оқушысы «Рахметолла Райымқұлов кім?» деген сұраққа жауап іздей отырып, қазақ әдебиетінің тарихына үңіледі, жазушының шығармаларын оқып, өмір жолымен танысады. Осылайша, қаламгердің өмірі мен шығармашылық мұрасы өскелең ұрпақтың танымы мен тәрбиесінің бір бөлігіне айналады. Рахметолла Райымқұлов есімінің берілуі білім ошағына тек тарихи мәртебе  емес, үлкен жауапкершілік те жүктейді. Өйткені көрнекті қаламгердің атын иеленген мектеп әдебиетке, ана тіліне, ұлттық руханиятқа деген құрметті күнделікті білім беру мен тәрбие үдерісінде жалғастыра білуі тиіс. Бұл – кейінгі ұрпаққа табысталған рухани аманат.

С.БЕГІМБАЙ