Бұл компания ЖИ индустриясындағы мол табысын бөлісетін болды. Дивидендтер мен акцияларды кері сатып алуға 80 млрд долларға дейін қаражат жоспарланған.
Samsung 80 млрд доллар қаражат сыйлайды
ЖИ деректер орталықтарының көбеюі Samsung пен SK Hynix-ке рекордтық пайда әкелді. Фото en.sedaily.com сайтынан алынды. Авторлығы: Samsung Electronics
190
оқылды

Aikyn.kz осындай мырзалықтың себебін Financial Times басылымының хабарламасына сүйеніп талдайды.

Samsung Electronics биыл қаржылық нәтижелеріне, инвестиция көлемі мен ақша ағынына байланысты акционерлерге 80 млрд долларға дейін бөлетінін мәлімдеді. Бұл – Samsung тарихындағы ең ауқымды акционерлік төлем болмақшы. Оның көлемі бұған дейін рекорд саналған 2020 жылғы көрсеткіштен бес есе көп.

Жоспар аясында Samsung 21-ші қарашаға дейін 11 млрд долларға өз акцияларын кері сатып алмақ. Үшінші тоқсанда 22 млрд көлемінде ақшалай дивиденд төлемекші. Басқа төлемдер бойынша шешім келесі жылдың қаңтарында қабылданады. Компания ақшалай дивиденд төлеу, акцияларды қосымша кері сатып алу және оларды айналымнан шығару мүмкіндіктерін қарастырады.

«Акционерлерге қаражат қайтарудың бұндай рекордтық деңгейі компания өсімінің нақты нәтижесін инвесторларға жеткізуді көздейді», – дейді Samsung.

Компания төлем көлемін арттыру кезінде болашақ өсімді қаржыландыру қажеттілігі де ескерілгенін атап өткен. Бұл қадам Samsung-тың 2024 жылдан басталған үш жылдық бағдарламасының бір бөлігі. Компания осы кезеңде еркін ақша ағынының жартысын акционерлерге қайтаруға міндеттеме алған. Оның негізгі бәсекелесі SK Hynix те 29,3 млрд долларға акцияларын кері сатып алуды жоспарлап отыр.

Екі компанияның қаржылық жағдайын жасанды интеллект инфрақұрылымына арналған чиптерге деген сұраныстың күрт артуы күшейтті. ЖИ деректер орталықтарының көбеюі жоғары жылдамдықты процессорларға қажеттілікті арттырып, Samsung пен SK Hynix-ке рекордтық пайда әкелуде. Samsung-тың операциялық пайдасы бірінші жартыжылдықта былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 12 еседен астам өскен. SK Hynix көрсеткіші 5 есе ұлғайған. Сарапшылар екі компанияның жылдық жиынтық операциялық пайдасы 400 млрд доллардан асуы мүмкін деп болжауда.Дегенмен нарықта чиптерге сұраныс шарықтау шегіне жетті ме деген күмән де күшейе түсті. Маусымдағы ең жоғары деңгеймен салыстырғанда Samsung акциялары 22%, ал SK Hynix қағаздары 41% төмендеген. Соған қарамастан, соңғы бір жылда олардың құны тиісінше 4 және 7 есе өскен.

Samsung қаржы директоры Пак Сун-чхоль компания «акционерлік құнды барынша арттыру мен болашақ өсім үшін қаражатты қайта инвестициялау арасында оңтайлы тепе-теңдік табуға» ұмтылатынын мәлімдеген.

Life Asset Management директорлар кеңесінің төрағасы Чайвон Лидің пікірінше, төлем көлемі айтарлықтай болғанымен, компания пайдасының қарқынды өсуімен салыстырғанда аса айтарлықтай емес.

«Бұл компанияның акционерлер кірістілігін арттыруға және инвесторлардың алаңдаушылығын азайтуға жеткілікті қаржылық ресурсы бар екенін көрсетеді», – дейді ол.