Financial Times деректеріне сүйенген Aikyn.kz Қытайдың дронға қарсы технологиялар нарығындағы жетекшілігін бағалайды.
Қытайдың технологиялық орталығы Шэньчжэньде өткен елдегі ең ірі ұшқышсыз ұшу аппараттары көрмесінде ондаған компания жаңа дрон ұстағыштарын таныстырылды. Көптеген өндіруші бұл бағытқа бірнеше ай бұрын ғана кіріскен. Жаңа құрылғылар дәстүрлі радиоэлектрондық кедергі немесе сигналды басу тәсілдерінен басқаша жұмыс істейді. Олар нысанаға тікелей соғылып, дронды физикалық түрде жояды. Қытайлық өндірушілердің мәліметінше, соңғы бір жылдағы жасанды интеллект жетістіктері 300 км/сағаттан да жоғары жылдамдықпен ұшатын дрондардың дәлдігін арттырған.
Shenzhen Weichuan Model Equipment негізін қалаушы Вэнь Тин компаниясының бұндай құрылғыларды әзірлеуге қазан айында ғана кіріскенін, ал қазір айына «бірнеше мың» дана сатуға мүмкіндігі бар екенін айтады. Өнімдер Ресейге және Таяу Шығыс елдеріне, соның ішінде Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізіліп жатқанын мәлімдеген.
«Бұл – өте дәл технология», – дейді Вэнь. Оның айтуынша, жүйе қарсы дронды автономды түрде анықтап, оған шабуыл жасайды.
Қытайдың бұл нарыққа жылдам кіруіне елдегі қалыптасқан дрон өндірісі мүмкіндік беріп отыр. Drone Industry Insights мәліметінше, Шэньчжэньде орналасқан DJI компаниясының өзі әскери мақсатта қолданылатын коммерциялық дрондардың әлемдік нарығының 70-80%-ын иеленеді. Қытай сонымен қатар дрон өндірісіне қажетті көптеген маңызды бөлшектің ең ірі жеткізушісі саналады.
Патенттік белсенділікте де Қытай алда. Лондондағы Mathys & Squire компаниясының патент заңгері Эндрю Уайттың айтуынша, былтыр Қытай мекемелері дрондарға қарсы технологиялар бойынша әлемде ең көп патенттік өтінім берген. Олардың саны екінші орында тұрған АҚШ көрсеткішінен екі еседен астам жоғары.
«Қытай бұл салада жай ғана үстемдік етіп отыр», – дейді Уайт.
Шэньчжэнь көрмесіндегі құрылғылардың көбі 3D-принтерде басылған шағын аппараттар болды. Олар электр қозғалтқыштармен жабдықталған төрт қанаттан, камера және нысананы бағыттау модульдерінен тұрады. Өндірушілер бір құрылғыны 1,5-3 мың долларға ұсынған. Автоматты бағыттау жүйесі жоқ нұсқалар бұдан арзан. Дегенмен технологияның мүмкіндігіне қатысты сұрақтар да бар. Компаниялардың өз бағалауы бойынша, автоматты бағыттау жүйелерінің дәлдігі 50%-дан 100%-ға дейін өзгереді.Fujian Lingxin Information Technology өкілі Оскар Сюйдің сөзінше, негізгі қиындық құрылғының өзін жасауда емес, оны радар секілді басқа қорғаныс жүйелерімен біріктіруде.
Нарықтың осы сегментінде бәсеке күшейіп келеді. Украинада жасалған дрон ұстағыштар Парсы шығанағының бірнеше елінде ирандық дрондарды жою үшін пайдаланылған. Батыс өндірушілері бұндай технологияның басты артықшылығы – басқа жүйелердің қолы жетпейтін нысандарды жою мүмкіндігі екенін айтады. Бұл жерде осы құрылғылардың бір рет қана қолданылуы және дрондар тобына қарсы тиімділігінің шектеулі болуы әзірге басты кедергі саналады.
Австралиялық Aimlock компаниясының бас директоры Брайан Бокмонның пікірінше, бұл технологиядағы ең перспективалы өзгеріс – шығындардың жылдам төмендеуі. Оның айтуынша, арзандау қарқыны қазірдің өзінде «түбегейлі өзгеріс» сипатына ие болған.
