Anthropic ЖИ модельдеріне қажетті есептеу қуатын арттыру үшін 35 млрд долларлық ірі келісім жасады. Техастағы жаңа дата-орталыққа Nvidia өзінің чиптерін орнатумен бірге орталықты жалға алушы ретінде де қатысады.
Anthropic Nvidia-ның қолдауымен 35 млрд долларлық дата-орталық салады
Lambda бұл инфрақұрылымды Anthropic-ке есептеу қызметін ұсыну үшін пайдаланбақ. Фото gadgetsnow.indiatimes.com сайтынан алынды
194
оқылды

The Wall Street Journal ақпараты негізінде Aikyn.kz ЖИ индустриясындағы Nvidia-ның ықпалының артуына баға береді.

Claude жасанды интеллект моделін жасаған Anthropic стартапы Nvidia қолдайтын Lambda бұлтты қызмет провайдерімен 35 млрд долларлық келісім жасасты. Жоба АҚШ-тың Техас штатындағы Нуэсес округінде салынып жатқан дата-орталыққа байланысты. Нысанды бұрын криптовалюта өндірумен айналысқан, кейін ЖИ инфрақұрылымына бет бұрған Hut 8 компаниясы дамытып жатыр. Оның Anthropic қажеттілігіне арналған қуаты шамамен 350 мегаватт болады.

Келісімнің мазмұны Nvidia-ның ЖИ нарығындағы ерекше рөлін көрсетеді. Lambda – Nvidia инвестиция салған компаниялардың бірі.

Ол жаңа дата-орталыққа Nvidia-дан сатып алынған чиптерді орналастырады. Ал Nvidia бірнеше апта бұрын Hut 8 компаниясымен келісіп, нысанның қуатын қамтамасыз ету мен дата-орталықты жалға алу құқығына ие болды. Lambda бұл инфрақұрылымды Anthropic-ке есептеу қызметін ұсыну үшін пайдаланбақ.

Бұл Nvidia-ның чип өндіруші ғана емес, ЖИ инфрақұрылымын қаржыландыруға және клиенттеріне есептеу қуатын ұсынатын ойыншыға айналып жатқанын көрсетеді. 

Anthropic үшін жаңа қуат аса маңызды. Компания биыл өз өнімдеріне сұраныс өскен кезде есептеу ресурстарының тапшылығына тап болып, инфрақұрылымын кеңейте бастады. Әсіресе Claude және бағдарламалауға арналған Claude Code секілді өнімдердің дамуы қуатты дата-орталықтарға қажеттілікті арттырды.

Техастағы келісім – Anthropic-тің соңғы күндердегі жалғыз ірі инфрақұрылымдық міндеттемесі емес. Бұған дейін компания Батыс Вирджиниядағы Nscale дата-орталығынан алты жыл бойы ЖИ есептеу қуатын жалға алу үшін 45 млрд доллар жұмсайтыны белгілі болды. Қуаты 460 мегаватт болатын бұл орталықта Nvidia-ның жаңа Vera Rubin чиптері пайдаланылмақ.Nvidia-ның қаржылық мүмкіндіктерін ЖИ экожүйесін кеңейтуге белсенді пайдалануы инвесторлардың назарын аударуда. Nvidia шағын бұлтты провайдерлерге өзінің чиптерін сатып алу үшін қаржыландыру алуды жеңілдететін қолдау тетіктерін ұсына бастады. Бірақ соңғы уақытта бұндай келісімдердің бір бөлігі тоқтатылды. Нарықта Nvidia-ның өз клиенттерін қаржыландырып, сол арқылы өз чиптеріне сұранысты ынталандыруы жөнінде сұрақтар көбейген.

Anthropic пен Lambda арасындағы 35 млрд долларлық келісім осы үрдістің ауқымын байқатады. Жасанды интеллект модельдері күрделенген сайын технологиялық бәсеке ең үздік алгоритмді жасаумен шектелмейтін болды. Компаниялардың жеткілікті электр қуатын, дата-орталықтарды және озық чиптерді алдын ала қамтамасыз ету қабілеті де ЖИ нарығындағы негізгі артықшылықтардың біріне айналып келеді.