Бүгінгі Құрылтай отырысында «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов Премьер-министр Олжас Бектеновке 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына заң арқылы тыйым салу бойынша депутаттық сауалын жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Депутаттың айтуынша, бүгінде әлеуметтік желі баланың бос уақытын өткізетін орта ғана емес, оның психологиясына, денсаулығына, мінез-құлқына және білім алуына ықпал ететін факторға айналған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Тамыз конференциясында және Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардың балалардың дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейтінін айрықша атап өтіп, 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салу бастамасын қолдады.
Сайлаушылармен кездесу барысында да жиі көтерілді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросы жүргізген (HBSC) зерттеуі 44 елдегі 280 мыңға жуық жасөспірімді қамтыды. Нәтижесінде әлеуметтік желіні проблемалық деңгейде пайдаланушының үлесі 2018 жылғы 7 пайыздан 2022 жылы 11 пайызға өскені анықталған. Бұл – мәселенің ауқымы жыл сайын артып бара жатқанын көрсетеді. Мұндай тәуелділік ұйқының бұзылуы мен психологиялық әл-ауқаттың төмендеуімен байланысты.
2023 жылы ЮНИСЕФ Балалар қорымен бірлесіп жүргізілген зерттеу нәтижесінде, Қазақстандағы 9–10 жастағы балалардың 60 пайызы және 11–12 жастағы балалардың 66 пайызы әлеуметтік желілерде аккаунттары тіркелген.
Ал, балалардың 88 пайызында жеке смартфон бар және олар ең танымал TikTok, YouTube және Instagram платформаларын еркін пайдаланып отыр деген сөз. Бұл балалардың цифрлық ортаға жоғары деңгейде тартылғанын, алайда ата-ана тарапынан бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетеді, – деді Жанарбек Әшімжанов.
Бұған дейін депутаттың көтерген бұл мәселесін жариялаған болатынбыз. Мәселен, қала басшысы Instagram мен TikTok-ты балаларға зиянды деп Meta, Snap және ByteDance компанияларын сотқа берген. Мұнда мәселенің бір ғана мемлекетке ғана емес, әлемдік деңгейдегі ушығып тұрған мәселе екенін көрсетеді. Оның үстіне, цифрлық тұзақ: балалар неге интернетке тәуелді екенін де талдап жазып, психологтар әлеуметтік желілер мен қысқа видеолар баланың миына қалай әсер ететінін айтып, салдарынан балаға тиетін кесірін атап көрсеткен. Қазақстандық мектептерде смартфондардың оқу үлгеріміне кері әсер етіп жатқаны да жасырын емес. Мұғалімдердің пікірінше, оқушылар сабақ кезінде жиі алаңдайды, есте сақтау деңгейі төмендейді және оқуға деген қызығушылық әлсірейді.
Тіпті, балалар өздерін әлеуметтік желіде қалай қорғай алатыны кеңес айтып, денсаулыққа қаншалықты әсер ететіні жайлы маманның сұхбат бергені бар. балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салынса, уақытын қалай өткізу болатыны жайлы да жарияланды.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, мәселенің шешімі тек тыйым салуда емес. Ең маңыздысы – отбасылардың цифрлық мәдениетті бірге қалыптастыруы. Кейбір ата-аналар балаларымен бірге телефонды ас үстінде қолданбау, түнде гаджеттерді жатын бөлмеге кіргізбеу сияқты ортақ ережелер қабылдауы керек.
Әлеуметтік желілерге қатысты қазіргі пікірталас тағы бір шындықты ашты. Экранға тәуелділік мәселесі тек балаларға ғана емес, ересектерге де қатысты. Сондықтан болашақта қоғамға толық тыйыммен бірге қауіпсіздік, жауапкершілік және цифрлық сауаттылық арасындағы тепе-теңдікті табу маңызды болмақ.
