Қазір смартфон адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Таңертең оянған сәттен бастап, кешке ұйықтағанға дейін көпшілік телефонды қолынан тастамайды. Смартфон арқылы адамдар жұмыс істейді, білім алады, ақпарат оқиды, төлем жасайды және қарым-қатынас құрады.
Цифрлық тұзақ: балалар неге интернетке тәуелді?
148
оқылды

 Әсіресе, кейінгі жылдары балалар мен жасөспірімдердің интернетке тәуелділігі қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.Бұрын балалар бос уақытын далада өткізіп, кітап оқып немесе спортпен айналысса, бүгінде олардың көпшілігі экран алдында уақыт өткізеді. Бұл жағдай мамандарды алаңдатып отыр.

Қазақстанда балалар арасындағы смартфон қолдану деңгейі өте жоғары. Экс-депутат Жарқынбек Амантай Қазақ­стан бойынша алаңдатарлық статистиканы ұсынған еді. Бұл деректер «Касперский зертханасы» атты халық­аралық компания жүргізген сауалнама нәтижесінде анықта­лыпты. Мәліметтерге сәйкес, Қазақстан­дағы балалардың 88%-ында жеке смартфон бар. Олардың 28%-ы барлық бос уақытын гаджеттерді үңілуімен өткізеді. Жасөс­пірімдердің 74%-ы TikTok желісін, 59%-ы YouTube-ты, 57%-ы Instagram-ды бел­сенді қолданады. Сонымен қатар ата-аналардың 62%-ы балалардың экран уақытын бақылауға арналған арнайы бағдарламаларды пайдаланбайды. Ал 4-6 жас аралығындағы балалардың 17%-ы интернет арқылы сауда-саттық жасайды. 

Дегенмен мамандар мәселе телефон­ның өзінде емес, оны бақылаусыз қол­дануда екенін айтады. Психолог Мей­рамгүл Қуанышбектің пікірінше, балалар психикасы қалыптасу кезеңінде бола­тындықтан, олар цифрлық тәуел­ділікке тез бейімделеді. 

– Бүгінде телефон өмірдің бір бөлігіне айналды. Бірақ тәуелділік туралы адам телефонда өткізетін уақытын бақылай алмай, телефонсыз мазасыз­данып немесе ашуланғанды айтуға болады. Әсіресе, балалар мен жасөс­пірімдер өте осал келеді, – дейді маман. 

Психологтың айтуынша, әлеуметтік желілер мен қысқа видеолар баланың миына тез әсер етеді. Себебі мұндай кон­тент адамға жылдам эмоция мен лез­де қызығушылық береді. Соның сал­дарынан бала баяу нәтиже беретін маңызды істерге назар аударудан қалады. 

Смартфонның баланың психоло­гиялық дамуына әсері де өте үлкен. Психолог­тардың айтуынша, қысқа видеоларға үйренген баланың зейіні әлсірейді. Ол ұзақ мәтін оқуға немесе бір нәрсеге көп уақыт көңіл бөлуге қиналады. Қазақ­стандық мектептерде смартфондардың оқу үлгеріміне кері әсер етіп жатқаны айтылған. Мұғалім­дердің пікірінше, оқушылар сабақ кезінде жиі алаңдайды, есте сақтау деңгейі төмендейді және оқуға деген қызығушылық әлсірейді. 

Психолог Мейрамгүл Қуанышбектің айтуынша, мәселенің тағы бір маңызды жағы – баланың эмоцияларымен жұмыс істеуді ұмытуы. 

– Егер бала жылағанда, жалыққанда немесе көңілі түскенде үнемі телефон берілсе, ол эмоцияларымен өз бетінше күресуді үйренбейді. Ал бала кейде жа­лы­ғуы да қажет. Дәл сол сәтте қиял, шығармашылық және ойлау қабілеті дамиды, – дейді маман. 

Көп жағдайда ата-аналар балалардың телефонға тәуелді болып кеткеніне байла­нысты шағымданады. Алайда пси­хологтар мәселенің түп-тамыры көбіне ересектерден басталатынын айтады. Себебі бала ата-анасының айтқан сөзінен бұрын, жасаған әрекетін қайталайды. 

– Егер үйде бәрі экранға қарап отырса, бала оны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Егер ата-ана телефонға тәуелді болса, бала да сондай болады, – дейді психолог.

Расында да, қазір көптеген ата-ана баланы тыныштандыру үшін телефон береді. Кейде бұл ыңғайлы көрінеді: бала жыламайды, тыныш отырады, ата-анасына кедергі келтірмейді. Бірақ уақыт өте келе телефон баланың басты ермегіне айналады. Міне, мәселе дәл осы жерде басталады. 

Психолог балаларымен көбірек уақыт өткізетін ата-аналардың балалары интер­нетке азырақ тәуелді болатынын айтады. Бұрын балалар аулада ойнап, велосипед теуіп, спорт секцияларына қатысатын. Қазір де баланың бос уақыт­ын пайдалы дүниелермен толтыру өте маңызды. 

– Балаға мінсіз ата-ана емес, эмоцио­налды қолжетімді ата-ана қажет. Кейде 20 минуттық шынайы әңгіме бірнеше сағат бойы бір бөлмеде үнсіз отырғаннан әлдеқайда маңызды, – дейді Мейрамгүл. 

Мамандар ата-аналарға үйде «телефон­сыз уақыт» енгізуге кеңес береді. Мысалы, кешкі ас кезінде немесе ұйықтар алдында гаджет қолданбау пайдалы. Сонымен қатар ата-ананың өзі де телефон қолдану мәдениетін көрсетуі керек. Себебі бала ең алдымен отбасындағы үлгіні қайта­лайды. 

Қазіргі қоғамда интернеттен толық бас тарту мүмкін емес. Өйткені цифрлық технология – заман талабы. Бірақ ең маңыздысы, телефон адамды бас­қармауы керек. Мамандардың пікірінше, бала­лардың интернетке тәуелділігі тек отба­сының ғана емес, бүкіл қоғамның мә­се­ле­сіне айналып отыр.

 

Әсемай ЖӘНІБЕК, ЕҰУ-дың 2-курс студенті