Қазақстандағы 29 босандыру ұйымында дезинфекция және стерилизация талаптарының бұзылғаны анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Денсаулық сақтау министрлігі босандыру ұйымдарының 84 нысанының 82-сінде тексеру жұмыстарын аяқтады. Оның ішінде 35 перинаталдық орталық пен 47 босандыру бөлімі бар.
Тексеру кезінде инфекциялық қауіпсіздік, стерилизация және дезинфекция жұмыстары, желдету мен сумен жабдықтау жүйелерінің жағдайы, инфекцияларды уақытылы анықтау және инфекциялық бақылау қызметтерінің жұмысы бағаланды. Сонымен қатар зертханалық зерттеулер жүргізілді.
Нәтижесінде, 81 санитариялық нұсқама беріліп, 29 медициналық ұйымда дезинфекция және стерилизация режимінің бұзылғаны анықталды. Шұғыл жоюды қажет ететін кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өңірлерге анықталған кемшіліктердің жойылуын ай сайын бақылауды тапсырды.
– Біздің міндетіміз – тек бұзушылықты тіркеп, нұсқама беру емес. Бір айдан кейін біз қайта келіп, нақты нәтижені көруіміз керек. Егер ескерту анықталса, ол жойылуы тиіс. Пациенттің қауіпсіздігі есептермен емес, медициналық көмек көрсетудің нақты жағдайларымен расталуы керек, – деді ол.
Келесі кезеңде тексеру балалар ауруханаларында, одан кейін медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында жүргізіледі.
