Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістанның Нью-Дели қаласында «аутрич»/«БРИКС+» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйледі. Жиын «Орнықтылықты, инно­вацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту» тақырыбына арналған.
Саяси диалог пен дәйекті дипломатия – тұрақтылық кепілі
122
оқылды

Мемлекет басшысы қонақжайлық та­нытқан және БРИКС саммитін жо­ғары деңгейде ұйымдастырған Премьер-ми­нистр Нарендра Модиге алғыс айт­ты.

– Біздің кездесуіміз Үндістанның бі­ре­гей бай мәдени мұрасын паш ететін Нью-Дели қаласында өтіп жатыр. М­ұ­ның өзі символдық мәнге ие. Бүгінде «Адамзат – бәрінен маңызды» қағида­сына негізделген және халықтардың мүд­десін көздейтін күн тәртібі аса өзек­ті. БРИКС аясындағы ынтымақ­тас­тық­тың 20 жылдығымен тұспа-тұс келген Үндістанның төрағалығы бұл бағытқа айрықша серпін берді, – деді Қазақстан Президенті.

Жаһан тыныштығы – басты мұрат

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуын­ша, жаһан жұртының жартысына жуы­ғын құрайтын және әлемдік ішкі жалпы өнім­нің 40 пайызын беретін БРИКС – айтарлықтай мүмкіндікке ие. Сонымен бір­ге аталған құрылым алауыздықты азай­тып, нақты нәтижеге қол жеткізуге де жауапты.

– Дегенмен халықаралық қоғам­дастық алдында тұрған іргелі мәселелер­дің шешімін тауып, жетекші державалар арасындағы сенім деңгейін қалпына келтірмейінше, БРИКС әлеуетін толық іске асыру мүмкін емес. Бұл үрдіс 2026 жы­лы жарияланған Жаһандық бейбіт­шілік индексінде айқын көрініс тапты. Геосаяси қақтығыстар ушығып, милита­ризация күшейген, көпжақты институт­тар әлсіреп, сауда кедергілері көбейген ке­зеңді сипаттайтын «Жаппай жікке бө­ліну» деген ұғым пайда болды. Был­тыр қақтығыстардың салдарынан жаһан­дық экономика шамамен 22 трил­лион доллар зиян шекті. Яғни әлемдік ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына пара­пар. Бұл – алаңдатарлық ахуал. Біз ай­мақ­тық кикілжіңдердің қақтығысушы тараптармен шектелмей, халықаралық экономикаға зардабын тигізе бастаға­ны­на куә болып отырмыз. Маңызды теңіз жолдарының үзілуі жаһандық энер­гетика, азық-түлік және сауда тіз­бе­­гіндегі осал тұстарды анық көрсетті, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті трансшекаралық инфрақұрылымға төнген қауіп-қатердің ұлғая түсуін тағы бір күрделі проблема ретінде атады.

– Дәл осы себепті бейбітшілік пен стратегиялық тұрақтылық экономикалық және орнықты дамуға қажетті алғышарттар саналады. Алайда бұл – экономика шең­беріне де сыймайтын мәселе. Саяси диа­лог пен дәйекті дипломатия арқылы аймақтағы шиеленісті бәсеңдетіп, ұзақ­мерзімді тұрақтылық орнатуға басымдық бе­рілуге тиіс. Кеңірек қарайтын бол­сақ, халықаралық қауіпсіздік архитек­турасының күйреуі және ұзаққа созылған қақтығыстар жаңа қарулану жарысы мен стратегиялық қателіктерді, сондай-ақ жаңсақ шешімдер қабылдау қаупін күшейтеді. Сондықтан ядролық, соның ішінде жаңа технологияларға қатысты қатерлерді азайту мақсатында атом қаруы бар державалардың жоғары деңгейдегі диалогы өте қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пайым­дауын­ша, жетекші державалар арасында сенім деңгейінің төмендеуі Біріккен Ұлт­тар Ұйымының тиімді әрекет ету мүмкіндіктерін шектейді.

– Алайда БҰҰ-ға балама жоқ. Реформа Ұйымның қақтығыстардың алдын алып, ұжымдық шешімдер қабылдау әлеуетін нығайтуға тиіс. БҰҰ Жарғысы мүлтіксіз сақталуы қажет. Оны әркім өз бетінше қолдануына болмайды. Қауіпсіздік Кеңесін реформалау кезінде қазіргі әлемнің жағдайы ескеріліп, оның құрамында Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің өкілдері болуын қамтамасыз еткен жөн. Дамып келе жатқан орта державалар да жаһандық ауқымдағы шешім қабылдауға салмақты үн қосуы керек. Өйткені олар диалогты өрбітіп, геосаяси қайшылықтар мен келіспеушіліктерді еңсеруге ықпал ете алады. Қазақстан серіктес ел ретінде БРИКС-ті нақты ынтымақтастыққа ар­нал­ған, БҰҰ-ның көпжақты жүйедегі жетекші рөлін толықтыратын әрі халық­тарды, өңірлер мен нарықтарды өзара байланыстыратын ашық алаң ретінде қарастырады. Әрбір күрделі мәселенің ше­шімін іздеу – біздің бұлжымас ұс­та­­нымымыз. Бұл Қазақстанның бар­лық серіктестермен өзара тиімді ықпал­дастыққа ұмтылатын теңгерімді, нақты нәтижеге бағдарланған сыртқы саясатына сай келеді, – деді Президент.

Қазақстанның әлеуеті мол

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақ­станның БРИКС-ке мүше және серіктес елдермен тауар айналымы 72 миллиард долларға жуықтағанын айтты.

– Біз барлық БРИКС мемлекеттерімен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды әртараптандыруға ниет­тіміз. Оған өнеркәсіп, транзит және техно­логиялық әлеуетіміз жетеді. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың қа­зір­гі төрағасы ретінде БРИКС-пен эко­номикалық ынтымақтастықты кеңейтуді және Үндістанмен еркін сауда туралы келісім жасасуды құптайды. Еліміз негізгі шикізат көздерін жеткізетін сенімді серіктес ретінде дүниежүзіндегі тасымал тізбегінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып келеді. Біздің ойымызша, энергетика, аса маңызды минералдар және ауыл шаруашылығы салаларында өнімді терең өңдеу бойынша серіктестікті дамытуға мүмкіндік мол. Бұл ретте тех­­но­логия мен білім алмасуға және бір­лескен инвестицияға айрықша мән бер­ген жөн. Бұдан бөлек, біздің ауқымды инфрақұрылым жобаларды, соның ішінде халықаралық маңызы бар бастамаларды бірлесе іске асыруға әлеуетіміз жетеді. Жаңа даму банкі БРИКС елдеріндегі, сондай-ақ Қазақстандағы коммерциялық тұрғыдан өміршең жобаларды қаржылан­дыру мүмкіндігін қарастыра алар еді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті көлік қатынасын нығайту мүмкіндіктерге жол ашып, ортақ экономикалық өсімге тың серпін береді деп санайды.

– Қазақстан Еуразиядағы басты транзит-логистика орталықтарының бірі ретінде теміржол желілерін, порттар мен цифрлық инфрақұрылымды дамы­­ту арқылы трансшекаралық жүк тасы­малын анағұрлым тез әрі болжамды қалыпқа түсіргісі келеді. Өткен жылы Қазақстан арқылы 40 миллион тоннаға жуық транзиттік жүк тасымалданды. Ұзақмерзімді жоспар бойынша осы көрсет­кішті жылына 100 миллион тоннаға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Қазір Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық жолдарымен жеткізілетін жүктің 85 пайызы Қазақстан аумағымен өтеді. Еліміз Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында Азия мен Еуропа арасын Каспий теңізі арқылы жалғайтын стратегиялық нүкте саналады. Бұл маңызды бағдарды «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізімен ұштастыру Еуразияның барынша интеграцияланған және орнықты көлік желісін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы орайда, Үндістан логистика және жеткізу тізбегі салаларындағы ын­ты­мақтастықты көздейтін БРИКС Негіздемелік бағдарламасын ұсынды. Мен мұны құптаймын. Өйткені ол «БРИКС+» форматындағы нақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаңа технологияның жасампаздығы

Мемлекет басшысы экономиканы, қоғамды және күштердің жаһандық теңгерімін өзгерте бастаған жасанды интеллектінің рөліне тоқталды.

– БРИКС қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің технологиялық әлеуетін олардың ауқымымен ұштастырып, инновация, инвестиция және тұрақты экономикалық өсімнің жаңа мүмкіндігін ұсына алады. Қазақстан үшін жасанды интеллект стратегиялық басымдыққа ие. Бұл ретте еліміз «БРИКС+» аясындағы тиімді ынтымақтастықтың аясын кеңей­ту үшін алдыңғы қатарлы есептеу инфрақұрылымын, сондай-ақ БҰҰ-ның ұлттық және цифрлық орталықтарын жұмылдыруға дайын. Нақты шара ретінде жасанды интеллект саласы бойынша «БРИКС+» серіктестігін іске қосуды ұсынамын. Оның аясында ұлттық ЖИ орталықтарын біріктіруге, зертханалар мен ғылыми жобаларды қолжетімді етуге, сондай-ақ бірлесіп көптілді шешімдер әзірлеуге болады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, орнықтылық технологиялық тұрғыдан алға басумен ғана өлшенбейді.

– Бәріміз үшін зор маңызға ие су ресурстары мәселесін көтергім келеді. Жаһандық деңгейде су ресурстарын басқару ісі шашыраңқы жүргізіліп келеді. Осы орайда, әлем елдерінің күш-жігерін бір арнаға тоғыстырып, мемлекетаралық үйлестіру жұмыстарын нығайту үшін Халықаралық су ұйымын құруды ұсындық. Ол БҰҰ-ның арнаулы құрылымы ретінде қызмет етеді. БРИКС-ке мүше мемлекеттер мен серіктестерімізді осы маңызды жобаны қолдау үшін Қазақстан бастамашы болған халықаралық консультацияларға қосылуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзін түйіндей келе, тиімді көпжақты ынтымақтастық болмаса, көпполярлы жүйе жікке бөлінуді одан сайын ушықтырып, адамзатқа қауіп төндіретінін айтты. Оның пікірінше, Қазақстан егемендікке, мүдделердің теңгеріміне және ортақ жауапкершілікке негізделген жасампаз көпполярлы жүйені қолдайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делидегі саммит нақты ынтымақтастық пен бірлескен прогресс арқылы осы көзқарасты ілгерілетуге ықпал етеріне сенім білдірді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС cаммитінде бірқатар елдің және халықаралық ұйымдардың делегация басшыларымен жүздесті.

Нью-Делидегі БРИКС саммиті аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен, Малайзия Премьер-министрі Ануар Ибрагиммен, Вьетнам Премьер-министрі Ле Минь Хынгпен, Бурунди Президенті Эварист Ндайишимийемен, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесуспен, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен, Таиланд Премьер-министрінің орын­басары Сихасак Пуангкеткеомен аз-кем әңгімелесті.

Кездесулер барысында түрлі саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективасы, сондай-ақ халықаралық құрылымдар аясындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды.