Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Ли Чжэ Мёңнің ша­қыруымен Корея Республикасына мем­лекеттік сапармен барды.
Қос халықтың достығын бекемдеген даңғыл
125
оқылды

Сапар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяның бірқатар аза­матын марапаттады. Сеулде Корея Рес­пуб­ликасының мемлекет және қоғам қай­раткерлеріне II дәрежелі «Достық» ор­дені салтанатты түрде табысталды.

Мемлекет басшысы бүгінгі мән-маңы­­зы ерекше рәсімге жиналған қауым­ға ілтипат білдіріп, қазақ пен корей ежел­ден достас халықтар екеніне назар ау­дарды.

– Екі елдің арасы алшақ болғанымен, бізді өзара құрмет пен ортақ мүдде жа­қындастарды. Корея экономикасы ай­наласындағы бәсекелестік пен сын-қа­терлерге қарамастан ойдағыдай дамуда. Бұл – халықтың еңбекқорлығы мен ірі кәсіп­керлердің арқасы. Қазақ халқы мен билік өкілдері достас Корея еліне шы­найы сыйластықпен қарайды. Корея Рес­публикасы – Қазақстанның страте­гия­лық серіктесі. Біз Кореяны халық­ара­лық абырой-беделі зор мемлекет ретінде білеміз. Бүгінде мемлекеттеріміздің сан қыр­лы ынтымақтастығы жыл санап ны­ғайып келеді. Осыдан бес жыл бұрын Кеңей­тілген стратегиялық серіктестік тура­лы мәлімдеме қабылдаған едік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент екі мемлекет арасында те­рең саяси диалог орнап, сан қырлы ын­тымақтастық нығайғанын атап өтті.

– Сауда-экономикалық қарым-қа­тынас қарқынды дамып келе жатыр. Біз машина жасау, энергетика, металлургия, озық технология және басқа да салада бір­қатар ірі жобаны жүзеге асырып жа­тыр­мыз. Әлемге танымал корей компа­ния­лары елімізде табысты жұмыс істеуде. Мә­дени-гуманитарлық байланысымыз да күшейді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Кореямен бай­ланысты күшейтуде еліміздегі корей ұлты­ның өкілдері ерекше рөл атқара­ты­нын айтты.

– Қазір Қазақстанда жүз мыңнан ас­там корей ұлтының өкілдері тұрады. Олар­дың елі­м­іздің экономикасы мен қо­ғам­дық-сая­си дамуына қосқан үлесі ора­сан зор. Елі­мізде барлық этностар үшін қолайлы жағ­­дай жасалған. Корё-са­рам қауымдас­ты­ғы да қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүріп, елі­міздің ынтымақ-бір­лі­гін арттыруға мол үлес қосып отыр. Қа­зақ­станда Корей мә­де­ни орталықтары қыз­мет етеді. Алма­ты­дағы академиялық ко­рей театры көрер­мен­нің көзайымына ай­налды. Сондай-ақ ко­рей тілінде газет шы­ғады, арнайы радио­ха­бар таратылады, – деді Мемлекет бас­шы­сы.

Президенттің пайымдауынша, қос ха­лық­тың достығын бекемдеу ортақ мүд­деге сай келеді.

– Бүгін қазақ-корей қарым-қатынасы үшін маңызды күн деп санаймын. Мен осы сапарымның аясында Корея Респуб­ли­касының бірқатар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерін ІІ дәрежелі «Дос­тық» орденімен марапаттау туралы ше­шім қабылдадым. Бұл – қазақ жұр­ты­ның өздеріңізге деген шынайы құрметі, рия­сыз көңілінің белгісі. Сіздер алдағы уа­қытта да екі ел арасындағы байланысты ны­ғай­туға сүбелі үлес қоса бересіздер деп се­немін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Рәсім барысында Корея Респуб­ли­касы Ұлттық жиналысының 22-шақыры­лым депутаттары Мэн Сон Гю мен Ли Чжэ-кан, Сеул киберуниверситетінің пре­зиденті Ли Сан Гюн, Хангук шет тіл­дері университетінің (HUFS) про­фес­соры, Орталық Азияны зерттеу инсти­ту­тының директоры Сон Ён Хун, Hyundae General Hospital көпбейінді клиника­сы­ның директоры Ким Бу Соп II дәрежелі «Дос­тық» орденімен марапатталды.