Астана алдағы қысқы жылыту маусымына дайындықты аяқ­тауға жақын. Қалада қажетті жылу қуатының резерві қалып­тас­тырылып, қолданыстағы жылумен жабдықтау нысандарын қыс­қа әзірлеу жұмыстары мәресіне жетіп келеді. Сонымен қа­тар жылу көздерін жаңғырту және жаңа нысандар салу жобалары қатар жүзеге асырылып жатыр.
Астана қысқа қамданды
87
оқылды

Бүгінде елорданың орталықтан­ды­рыл­ған жылумен жабдықтау жүйесіне бес негізгі энергия көзі кіреді. Олар – ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3, сондай-ақ «Тұ­ран» жә­не «Оңтүстік-Шығыс» газ жы­лу стан­циялары.

Қалыптастырылған жылу қуатының ре­зерві алдағы жылыту маусымында қа­ланың қазіргі қажеттілігін толық өтеуге әрі жүктеме артқан жағдайда қосымша қор­ды пайдалануға мүмкіндік береді. Де­генмен Астана халқының жыл сайын кө­беюі мен қаланың қарқынды кеңеюі жылу қуатын одан әрі арттыруды талап ете­ді. Осыған байланысты жаңа қуат көз­дерін іске қосу және қолданыстағы ны­сандарды кеңейту жұмыстары жал­ғасып жатыр.

Қазір ЖЭО-3-тің көмірмен жұмыс іс­тейтін бөлігінің құрылысы жүргізілуде. Со­нымен қатар ЖЭО-2-дегі су жылыту қа­зандығын кеңейту және қайта жаңарту жұ­мыстары жалғасып жатыр. Жоба ая­сын­да №7 және №8 жаңа қазандық ор­нату көзделген. Бұл шаралар станцияның өн­дірістік мүмкіндігін арттырып, қа­ла­ның жылу жүйесіне түсетін жүктемені жеңіл­детуге тиіс.

Елорда жылу жүйесіндегі ірі жо­ба­лар­дың бірі – қуаты сағатына 620 Гкал болатын «Тельман» газ жылу станциясы. Жаңа нысанды биыл пайдалануға беру жос­парланған. Станция іске қосылған соң қаланың жылу қуатының резерві ұл­ғайып, жалпы жылумен жабдықтау жүйе­сінің сенімділігі арта түспек.

Осылайша, Астана алдағы қысқы ке­зеңге қажетті негізгі жылу қорын ал­дын ала қалыптастырып отыр. Сонымен бірге қаланың келешектегі сұранысына ар­налған қосымша қуат көздері де кезең-ке­зеңімен іске қосылмақ. Бұл қазіргі тұр­ғын үй қорын ғана емес, елорданың да­му қарқынына сай жаңадан бой кө­теріп жатқан аудандарды да тұрақты әрі сенімді жылумен қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді.

Қыс маусымында жылудың үздіксіз бе­рілуі – мегаполис тіршілігінің ең маңыз­ды шарттарының бірі. Сондықтан елор­дада бүгінгі қажеттілікті өтеумен қа­тар, ертеңгі сұранысқа жететін энер­гетикалық қор қалыптастыруға басым­дық беріліп отыр.

А.ХАСАН