Бүгінде елордада 4 млн-нан астам жасыл желек өсіп тұр. Бұған қоса, «Жасыл белдеу» аумағында 14 млн-ға жуық ағаш пен бұта бар. Кейінгі жылдары қалада жыл сайын кемінде 1 млн ағаш, бұта мен гүл отырғызу тұрақты үрдіске айналды.
2026 жылы Астанада 70 мың ағаш, 600 мыңнан астам сәндік-гүлдейтін бұта, қоршау жасауға арналған 40,5 мың өсімдік және 400 мыңнан астам көпжылдық гүл отырғызу көзделген.
Жыл басынан бері 700 мыңнан астам жасыл желек егілді. Оның ішінде 21 мың ағаш, 303,4 мың сәндік-гүлдейтін бұта, 28 мың қоршау өсімдігі, 130,7 мың бұта және 249,2 мың көпжылдық гүл бар. Күз мезгілінде көгалдандыру жұмыстары одан әрі жалғасады.
Елорда келбетін жаңғыртуда ірі ағаштар мен көпжылдық бұталарға басымдық беріліп отыр. Өсімдіктерді таңдағанда, Астананың қатал әрі құбылмалы климаты ескеріледі. Соған сәйкес үйеңкі, жасыл шетен, ұсақ жапырақты қарағаш, мамыргүл секілді жергілікті жағдайға бейім түрлер отырғызылуда.
Көгалдандыру тек саябақтар мен гүлзарлармен шектелмейді. Қаланың негізгі магистралдары да біртіндеп жасыл желекке оранып келеді. Tarlan Astana желісі бойында, Сығанақ және Қабанбай батыр көшелерінде жаңа көшеттер отырғызылып жатыр. Жекелеген аумақтарда мыңдаған ағаш егіліп, жаңа жасыл кеңістіктер қалыптастыру жоспарланған.
Greenline жаяу жүргіншілер желекжолының екінші кезеңінде де көгалдандыру қарқынды жүріп жатыр. Мұнда серуендеуге арналған жаңа бағыттар, жасыл аймақтар, спорт және ойын алаңдары пайда болады. Кешенді абаттандыру аясында аумақ ағаштармен, бұталармен және сәндік өсімдіктермен көмкеріледі.
Есіл өзенінің бойында да бірыңғай саябақтар кластері қалыптасуда. Оның құрамына Президент саябағы, Бейбітшілік және келісім саябағы, Триатлон саябағы және өзге де демалыс орындары кіреді. Сонымен қатар Есіл жағалауын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары жалғасып келеді.
Есіл ауданындағы жасыл қордың өзі шамамен 240 мың ағаштан, 600 мыңға жуық бұтадан, 65 мың шаршы метр гүлзардан, 5 млн шаршы метр көгалдан және 117 мың метрден астам қоршау өсімдіктерінен тұрады.
Жыл басынан бері ауданда 40 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды. Керей-Жәнібек хандар, Ұлы Дала, Қабанбай батыр көшелерінің бойында кешенді көгалдандыру жүргізілді. EXPO саябағының, ҚТЖ гүлзарының аумағы мен «Әл-Фараби» мешітінің маңы да абаттандырылып, жасыл желекпен толықты.
Байқоңыр ауданында жыл басынан бері 2 мыңнан астам жасыл желек егілді. Күзде Абай даңғылы, Кенесары, Пушкин және Ж.Тәшенов көшелерінің бойына тағы 500-ге жуық ағаш пен бұта отырғызу жоспарланған.

Былтыр отырғызылған көшеттердің алғашқы жемісі де көріне бастады. Мәселен, Ж.Тәшенов көшесіндегі гүлзарға былтыр егілген 80 алма мен алмұрт ағашы жақсы жерсініп, биыл алғаш рет жеміс берді.
Сарайшық ауданында 2 357 ағаш пен 18 577 сәндік-гүлдейтін бұта отырғызылды.
Сарыарқа ауданында жыл басынан бері 330 мыңнан астам жасыл желек, біржылдық және көпжылдық гүлдер мен бұталар егілді. Сонымен қатар 1 700-ден астам ағаш отырғызылған. Күмісбеков көшесін көгалдандыруға айрықша мән беріліп, мұнда қарағай, қарағаш, мамыргүлді қоса алғанда, 500-ден астам ағаш пен түрлі тұқымдас 2 400-ден астам бұта егілді.
Кенесары көшесінде жергілікті суару жүйесімен қатар ауқымды көгалдандыру жұмыстары атқарылды. Осындай жұмыстар «Көктал» саябағы мен ауданның тұрғын алаптарында да жүргізілуде.
Алматы ауданында да жасыл аймақтарды кеңейту жалғасып жатыр. Қазір аудан аумағында 97,7 мыңнан астам ағаш, 67,9 мың бұта, 28,2 мың метр қоршау өсімдігі және 1,7 млн шаршы метр көгал бар.
2025 жылы мұнда 8 мыңнан астам ағаш пен 26 мың бұта отырғызылып, 20 мың шаршы метрден астам көгал төселді. Сондай-ақ 768 метр қоршау өсімдігі жасақталды. Ал биыл ағаштар, сәндік-гүлдейтін бұталар, көпжылдық гүлдер мен дәнді дақылдарды қоса алғанда 130 мыңнан астам жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр.
Егер былтыр негізгі екпін ағаш отырғызуға түссе, биыл жасыл кеңістіктердің біртұтас эстетикалық келбетін қалыптастыруға басымдық берілуде. Осы мақсатта көпжылдық гүлдер, сәндік бұталар, көгалдар мен альпілік төбешіктер кеңінен қолданылып жатыр.
Нұра ауданында кейінгі жылдары 24,5 мың ағаш пен 277 мыңға жуық сәндік және гүлдейтін бұта отырғызылды. Жыл соңына дейін тағы 8,5 мыңнан астам ағаш пен 132 мыңнан астам бұта егу жоспарланған.
Қаланың жаңа табиғи аумақтарын көгалдандыру да назардан тыс қалған жоқ. Кіші Талдыкөл аумағында биыл күзде ағаштар мен өзге де жасыл желектер отырғызудың алғашқы кезеңі басталады. Бұл ретте табиғи ландшафт пен қалыптасқан экожүйені барынша сақтау көзделген.
Жасыл желекті көбейтумен қатар, бар өсімдікті күтіп-баптауға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Суару, зиянкестер мен ауруларға қарсы өңдеу, тыңайтқыш енгізу, суару жүйелерін қалпына келтіру және өзге де агротехникалық шаралар тұрақты жүргізіледі. Мұндай тәсіл жаңа көшеттердің санын арттырып қана қоймай, олардың жерсініп, ұзақ уақыт бойы қаланың жасыл қорына қызмет етуіне мүмкіндік береді.
Осылайша, Астанада көшелер мен аулалардан бастап саябақтарға, желекжолдар мен «Жасыл белдеуге» дейін жалғасатын тұтас жасыл кеңістік қалыптасып келеді. Биыл елорданың жасыл қорына 1,1 млн-нан астам жаңа көшет қосылмақ.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың қалалық инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырған болатын. Қазір елорданың барлық алты ауданында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Кейінгі жылдары қалада 500-ге жуық қоғамдық және аула кеңістігі жаңартылды.
Айна ХАСАН
