Осы орайда Қазақстанның күні кеше жарияланған «Жаһандық бейбітшілік индексінде» 163 мемлекеттің арасынан 44-орынға көтеріліп, елулікке еркін кіруі айтулы оқиға, тарихи белес, зор мақтаныш. Бұл – 2008 жылдан бергі ең жоғары ұлттық көрсеткіш. Бұл – еліміздің бейбітшілікті сыртқы саясаттағы жалаң сөз, әдемі ұран емес, тегеурінді дипломатиялық құрал, парасатты халықаралық парыз және салмақты әскери міндеттеме ретінде қабылдайтынының айқын дәлелі.
Ашық аспан – асқақ мұрат
Экономика және бейбітшілік институты (Institute for Economics&Peace) әзірлеген жаңа рейтингке сәйкес, 2026 жылғы Global Peace Index жаһандық бейбітшілік индексінде 1,771 балл индексімен Қазақстан 44-ші орынға көтерілді. Он жылдық динамикаға көз жүгіртсек, Орталық Азияның барлық елінде бейбітшілік деңгейі жақсарған.
Аймақ республикалары арасында Өзбекстан 37-орынға жоғарылады: оның индекс көрсеткіші 1,726 балды құрады. Тәжікстан 47-орынға (1,799 балл), Қырғызстан 61-орынға (1,853 балл), Түрікменстан 66-орынға (1,903 балл) көтеріле алды. Бес елдің де бейбітшілік деңгейі «жоғары». Бұл Орталық Азияның әлемдік геосаяси дауылдардың аясында тұрақтылық белдеуін, татулық аралын қалыптастыра алғанын аңғартатын маңызды нышан.
Тағы бір елең еткізерлік жайт анықталды. Institute for Economics&Peace әлемдегі бейбіт ахуалдың биыл әрі қарай нашарлағанын қынжыла хабарлады: жаһандық көрсеткіш 12 жыл қатарынан құлдырап барады. Мемлекеттік деңгейдегі, елдер арасындағы қарулы қақтығыстар саны 61-ге жетіп, ІІ Дүниежүзілік соғыстан бергі ең жоғары деңгейге шыққан.
Бір нәрсені әу бастан ажыратқан жөн. Global Peace Index рейтингі «ел қанша бітімгер жіберді?» деген сұраққа ғана жауап бермейді. Ол әрбір қоғамның қауіпсіздігін, ішкі-сыртқы қақтығыстарын, милитаризациялануын және басқа факторларды қамтитын 23 сапалы, санды көрсеткіш арқылы әрбір мемлекеттегі бейбітшіліктің кең көрінісін түзеді. Ол Қазақстанның халықаралық бейбітшілікке қосқан әскери үлесін, елдегі тұрақтылықтың, сыртқы саясаттағы ұстамдылықтың, қауіпсіздік архитектурасының жиынтық сипатын білдіреді.
Бұл рейтингтің тағы бір құндылығы сол, ол көп жылғы жұмыс нәтижесінің айнасы іспетті. Қазақстанның бейбітшілік капиталы ондаған жыл бойы жиналды. Оның тамыры Семей полигонын жабудан басталып, ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартуға, Азиядағы сенім шараларын қалыптастыруға, өңірде ядролық жаппай қырып-жою қаруларынан ада аймақ құруға, Сирия келіссөздеріне алаң ұсынуға, БҰҰ миссияларына айбынды сарбаздарын бірнеше лекпен жіберуге ұласты.
Семейден басталған серпіліс
Қазақстанның бейбітшілік дипломатиясының ұлы мұрасы – ядролық қарусыздану. Халықаралық сарапшылар Қазақстанның жаһандық ядролық қарусыздануға қосқан осы үлесін жоғары бағалайды. 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонының жабылуы әлемдік тарихта сирек кездесетін саяси шешім болды. Қазақстан Тәуелсіздік алғанға дейін-ақ, өз жерінде қалған, әлемдегі сол кездегі төртінші ірі ядролық арсеналдан бас тартты.
Кейін бұл таңдау Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа, Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа, Орталық Азиядағы ядросыз аймақтың қалыптасуына жалғасты. Қазақстанның бастамасымен БҰҰ-ның 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн деп жариялағаны да осы сабақтастықтың белгісі.
«Қазақстан ядролық сынақтардан азат әлем құруға өзінің шын берілгенін тоқтаусыз дәлелдеп келеді. Ол Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) күшіне енуіне қол жеткізудегі күш-жігерді жалғастырды. 2026 жыл жаһандық ядролық қарусыздану және таратпау саласында бірнеше маңызды белеспен ерекшеленеді. 29 тамызда әлем Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толуын атап өтті. Ол өзге полигондарда да атом сынақтарының тоқтауына қуатты саяси серпін берді», – дейді Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының Атқарушы хатшысы Роберт Флойд.
Мұның сыртында биыл аталған шарттың да 30 жылдығы: 1996 жылғы 10 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы 71 мемлекеттің қол қоюымен ЯСЖТШ-ты қабылдады. Содан бері ашық бұл құжатқа қосылғандар саны тұрақты түрде өсіп келеді. Бүгінде Шартқа 188 мемлекет қол қойып, 179 мемлекет ратификациялады. Қазақстан шартты әмбебаптандыру және күшіне енгізу жолындағы іс-қимылын жалғастырды.
Бұдан бөлек, биыл сонау 2006 жылғы 8 қыркүйекте қол қойылған, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақты құрған шартқа 20 жыл толды. Бұл тарихи жетістік және өңірдің ядролық қаруды таратпау мен қарусыздануға бейілділігінің айғағы. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі барлық мемлекетті ядролық сынақтарға қатысты қолданыстағы мораторийлерді сақтауға және растауға шақырды.
Республика ядролық нысандардың қауіпсіздігін тексеруде әлемге үлгі көрсетті. ЯСЖТШҰ Дайындық комиссиясының шешіміне сәйкес Қазақстанда, Семей ядролық сынақ полигоны аумағында 1999, 2002, 2005 және 2008 жылдары инспекция жүргізуге арналған төрт далалық жаттығу өткізілді. Сол арқылы ел әлемдік инспекция жүргізуге арналған нұсқаулықтарды жетілдіруге елеулі үлес қосты.
Соның негізінде, жуырда, 2026 жылғы қазанда Намибия Республикасында Кешенді далалық инспекциялық жаттығу (IFE26) өтпек. Осы IFE26 Қазақстандағы IFE08 және Иорданиядағы IFE14-тен кейінгі үшінші жаттығу, ал Африка құрлығында өткізілетін алғашқы жаттығу болады. Қазақстанның атсалысуымен іске асырылатын жаңа инспекция тексеру жүргізу әдістері мен жабдықтарын одан әрі дамытуға, ұлттық тексеру мүмкіндіктерін нығайтуға тиіс.
2015-2025 жылдары «Плугшерс Жобасы» (Project Ploughshares) ұйымын басқарған, халықаралық қауіпсіздік, қарусыздану және қару-жарақтың таралуын бақылау саласының беделді сарапшысы Сесар Харамильо Қазақстанның жетістіктерін жоғары бағалады.
«Қазақстан жаһандық ядролық қарусыздану мен оның таралуына қарсы күреске өлшеусіз үлес қосты. Еліңіз барша адамзат үшін осы аса маңызды салада әлемдік көшбасшылардың қатарында келеді. Ол жаһандық деңгейде ядролық қаруды түпкілікті жоюға және Біріккен Ұлттар Ұйымының ғасырлық мерейтойы атап өтілетін 2045 жылға қарай «ядролық қарудан азат әлем» мұратына жету жолына айтарлықтай үлес қосып жүр», – деп атап өтті сарапшы.
Қазақстанның бастамаларын зерттеген канадалық сарапшы, бұрынғы қарусыздану елшісі Дуглас Рош та елімізді халықаралық қоғамдастыққа «үлгі болуға лайық» мемлекет деп атаған.
Астана – келіссөз мекені
Қазақстан дипломатиясының тағы бір ерекшелігі – қақтығысушы тараптардың үстінен қарап, олардың орнына шешім шығаруға емес, тек татуластыруға, бір үстелге отырғызуға жағдай жасауы. Сирия дағдарысы кезінде туған Астана процесі осы тәсілдің әлемге танылған үлгісіне айналды. 2017 жылдан бері Астанада Сирия Үкіметі, қарулы оппозиция өкілдері, Ресей, Түркия, Иран делегациялары қатысқан келіссөздер өтті.
Астана процесін Сирия соғысын толық тәмамдаған тетік деуге болмас. Бірақ оның тарихи рөлін төмендетуге де негіз жоқ. Келіссөздер атысты тоқтатты, деэскалация аймақтарын қалыптастырды, гуманитарлық мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді. Қазақстанның артықшылығы осында: ол өзін «төреші», ұстанымын таңушы емес, бітімге төрін беретін бейтарап алаң ретінде ұсынады. Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей және Украинаны соғысты тоқтатуға табанды шақыруы да – бейбітшілік жолындағы кезекті батыл қадамы. Ол туралы жаһандық БАҚ жарыса жазды. Бейбітшілік кейде үлкен келісімнен емес, соған жол ашатын есіктен басталады.
Қазақ дипломатиялық мектебінің шапағаты Армения мен Әзербайжан арасындағы келіссөздерге де шуағын шашты. Қазақстан 2024 жылы екі елге бейбіт диалог үшін алаң ұсынды. Мұндай әрекеттердің стратегиялық мәні бір ғана кездесудің нәтижесінен кең: сенім азайған кезде Қазақстанның жүздесуге, сөйлесуге болатын жерұйық мекенге айнала білуінің өзі халықаралық қауіпсіздіктің құнды активі саналады.
Астана бүгінде тек мемлекеттер, халықтар, діндер, ұйымдар арасында түрлі тақырыптағы келіссөз өтетін қала емес, диалогтың саяси брендіне айналды. Бұл брендтің астарында «келіспеушілік болса да, сөйлесуге мүмкіндік табылады» деген қарапайым қағида жатыр. Қазақ ұлтының тамыры терең тарихындағы бітім мәдениетін еске түсіретін тұс та осында: дала дипломатиясында ел тағдыры найзаның ұшымен ғана емес, сөздің күшімен де шешілген. Бүгін сол көне тәжірибенің заманауи нұсқасы көпжақты дипломатия тіліне көшіп отыр.
Қазақ елінің бейбітшілік дипломатиясының тағы бір теңдессіз тармағы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі. 2003 жылы басталған форум 20 жылдан астам уақытта діни, өркениеттік диалогтың тұрақты институтына айналды. 2025 жылғы VIII съезге жүзден астам делегация, шамамен 60 елдің өкілдері қатысты. Қабылданған «Астана бейбітшілік декларациясы-2025» БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында ұлықталған құжатқа айналды. Онда Қазақстан мәдениетаралық, конфессияаралық диалогтың жаһандық орталығы деп танылды.
Көк байрақ көтерген бітімгер
Қазақстанның бітімгершілік саясаты келіссөзбен шектелмейді. БҰҰ миссияларына қазақстандық әскери қызметшілер 2014 жылдан бері қатысып келеді. Олар Батыс Сахарада, Кот-д’Ивуарда, Ливанда, Малида, Орталық Африка Республикасында, Конго Демократиялық Республикасында бейбітшіліктің берік орнығуына сүбелі үлес қосты. Қорғаныс министрлігінің дерегіне қарағанда, 750-ден астам қазақстандық әскери БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысқан.
2024 жылғы наурыз Қазақстан үшін жаңа белес болды: Голан жоталарындағы БҰҰ-ның UNDOF миссиясына 139 әскери қызметшіден тұратын алғашқы ірі әрі дербес ұлттық контингент аттанды. Олар атысты тоқтату режимін бақылау, патрульдеу, блок-бекеттерді қорғау, гуманитарлық жүкті сүйемелдеу, эвакуациялау, жарылғыш заттарды залалсыздандыру секілді маңызды міндеттер атқарады. Оның қызметін БҰҰ миссиясының қолбасшылығы жоғары бағалап, барлық 139 әскери қызметші БҰҰ медалімен марапатталды.
2026 жылы қазақстандық бітімгерлер Ливандағы UNIFIL құрамында да қызмет атқарып жүр. 11 әскери қызметші атысты тоқтату режимін бақылау, патрульдеу, гуманитарлық шараларға қолдау көрсету, БҰҰ нысандарын қорғау міндеттерін орындайды. Бұл – Қазақстанның бейбітшілікті ата-бабалардай қару қуатымен де қорғауға дайын екенінің айғағы. Әскери ғылым тұрғысынан қарағанда, мұндай миссиялар Қазақстанның қорғаныс әлеуетіне де пайдалы. Жауынгер халықаралық гуманитарлық құқықты, көпұлтты штаб мәдениетін, азаматтық халықпен жұмыс істеуді, дағдарыс жағдайындағы шешім қабылдауды үйренеді.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның бейбітшілік капиталы – ядролық қарусызданудан, келіссөз алаңдарынан, төл бастамашылығымен құрылған халықаралық ұйымдардан, діни дипломатиядан, бітімгерлерін аттандырудан құралған біртұтас жүйе. Оның өзегінде бұлжымас қағида бар: қауіпсіздік қарсыласты жеңуден емес, қақтығыстың алдын алудан басталады. Бейбітшілікке қол жеткізу бір мәрте иеленіп, өмір бойы мақтан тұтатын медаль емес, күн сайын қорғалатын құндылық.
Айхан ШӘРІП
