Қылмыстық әрекеттердің салдарынан мемлекетке және басқа да жәбірленушілерге жалпы сомасы 238 миллион теңгеден астам залал келтірілген.
Мемлекеттік субсидияларды жымқырған күдікті Грузиядан экстрадицияланды
Фото: iStock
131
оқылды

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының, Қаржылық мониторинг агенттігінің және Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері Грузиядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен аталған елден бірнеше рет аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қазақстан азаматшасын экстрадициялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Тергеу нұсқасы бойынша күдікті 2020-2023 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдауға бөлінген бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын ұйымдастырған.
Қылмыстық пиғылын іске асыру мақсатында ол сенімді тұлғалардың атына тіркелген шаруа қожалықтарын, асылтұқымды ірі қара малды сатып алу туралы жалған шарттарды және өзге де жалған құжаттарды пайдаланып, солардың негізінде жеңілдетілген кредиттер мен мемлекеттік субсидияларды заңсыз алған.
Қылмыстық әрекеттердің салдарынан мемлекетке және басқа да жәбірленушілерге жалпы сомасы 238 миллион теңгеден астам залал келтірілген.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған.
Биылғы жылдың наурыз айында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Жыл басынан бері Грузиядан 7 адам экстрадицияланды, олардың 5-еуі жымқырғаны үшін іздеуде болған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.