Аманжол Молдахметтің айтуынша, өзі қарапайым көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, кішкентайынан өнерге жақын боп өскен. 3–4 жасынан ән салуға әуестенген бала жүрегіне үлкен арман ұялап, мектеп қабырғасында жүріп-ақ Алматыда білім алуды армандаған. Тіпті ағасының әскерден алып келген чемоданына «Болашақта Алматыда оқимын» деп жазып қойғаны да сол арманның қаншалықты берік болғанын аңғартады.
– Мектепте оқып жүрген кезімнен бастап Алматы қаласында оқуды армандадым. Әсіресе, 5–6 сыныптан бастап «міндетті түрде Алматыға барамын, консерваторияда немесе өнер институтында оқимын» деп өзіме мақсат қойдым. Тіпті ағамның әскерден алып келген чемоданына «Болашақта Алматыда оқимын» деп жазып қойғаным әлі есімде. Сол арман мені алға жетеледі.
Алайда 10-сыныпты бітірерде анам Алматыға оқытуға жағдайымыздың келмейтінін айтып, әскерге дейін комбайнға көмекші болып жұмыс істеуімді ұсынды. Сол кезде қатты күйзелдім. Себебі менің бар арманым – Алматы еді. Ауылда қалғым келмеді, жүрегім үлкен қалаға, өнерге тартып тұрды, – дейді ол.
Бірде ол Жалағаш ауданында шығатын «Жаңа дария» газетінен республикалық «Жас талант» байқауы өтетіні туралы хабарландыруды көріп, оның жеңімпаздары Алматыға барып, республикалық кезеңге қатысатыны жазылған. Сол мүмкіндікті жібермеуді ойлаған ол ешкімге айтпастан байқауға қатысуға бел буған.
– Алдымен ауылдық, аудандық кезеңдерден өтіп, кейін Қызылордада өткен облыстық байқауға қатыстым. Сол жерде өнерімді көрсетіп, комиссия мүшелерінің назарына іліктім. Театр қайраткерлері мені қайта шақырып әнімді тыңдап, «Сені Алматыға жібереміз» дегенде қуанышымда шек болмады. Осылайша 20 өнерпаздың қатарында Алматыға жол тарттым.
Алматыға келген соң жаңа өмір басталды. Дегенмен, сол кезде мен актерлік өнер туралы ештеңе білмейтінмін. Бар арманым әнші болу еді. Театр институтына түсу мүмкіндігі болғанымен, ауылдан келгендіктен құжаттарым дайын болмай, емтиханға кіре алмай қалдым. Бұл мен үшін үлкен соққы болды. Бірақ Алматыдан кеткім келмеді, себебі бала күнгі арманым орындала бастағандай еді, – деді Аманжол Молдахмет.
Десе де балалық арманын орындаған Аманжол Молдахмет Алматыға келген соң өнер жолына қалай түскенін еске алды.
Айтуынша, ол Театр институтына түсе алмағаннан кейін Мұхтар Әуезов атындағы театр жанында 2 жылдық студияның қабылдауына жазылған. Емтиханында шығарманың үзіндісін ойнап, актерлік жолын бастаған.
– Тұратын жеріміз де белгісіз еді. Сол кезде қазақ халқының кеңпейілдігін көрдік. Танымайтын жандар бізді үйіне кіргізіп, қонақ етті. Кейін Сабира Майқановамен кездесіп, жағдайымызды айттық. Ол кісі менің маңдайыма қарап, «бұл баланың жолы болады» деп үлкен сенім білдірді. Жатақхана мәселесін де шешуге көмектесіп, өнер жолына түсуіме қолдау көрсетті.
Емтихан кезінде Мұхтар Әуезовтің «Жетім» әңгімесінен үзінді орындадым. Қасымның жетімдігін жеткізіп тұрған сәтте кейіпкердің қайғысын жүрегіммен сезініп, көз жасымды тоқтата алмадым. Емтихан екенін ұмытып, шынайы жыладым. Комиссия мүшелері мені жұбатып, кейін қалған тапсырмаларды орындадым. Нәтижесінде, барлық емтиханнан жақсы баға алып, студияға қабылдандым. Сол күн – актерлік өмірімнің бастауына айналды, – деді Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері.
Аманжол Молдахмет әртіс ретінде қалыптасуына Ғазиз Сұлтанғазин, Сабит Оразбаев, Әубәкір Рахимов сынды үлкен тұлғалардың еңбегі зор болғанын айтты.
Айтуынша, олардың берген тәрбиесі мен білімі оны актер ретінде шыңдаған.
«Әуелде актерлік мамандық маған оңай болған жоқ. Әнге деген сағынышым да болды. Бірақ уақыт өте келе театр өнерінің тереңдігін түсініп, осы жолды шын жүрегіммен жақсы көре бастадым. Қазір артқа қарасам, ауылдан үлкен арманмен шыққан қарапайым Аманжолдың арманы орындалған екен. Кезінде Алматыны армандаған бала бір күні сол қаланың дәл жүрегінде өнер жолын түсіп, өз орнын тапқан екен. Жолымда кездескен әрбір ұстазға, қолдау көрсеткен жандарға алғысым шексіз», – дейді ол.
Аманжол Молдахмет театрдағы еңбек жолын Атырау қаласынан бастаған. Баспанамен қамтамассыз етеміз деген басшылықты сөзі де орындаусыз қалды. Соған қарамастан актер жатақханада тұрып, ол жақта бір жылдай жұмыс істеген.
– Атырауда бір үлкен ақиқатты түсіндім. Актер үшін ең басты мектеп – көрермен. Өнер адамы халықтың алдына шығып, сол арқылы шыңдалады. Көрермен сенің өнеріңді бағалайды, кейде күлкісімен, кейде қол шапалағымен, кейде үнсіз қабылдауымен саған баға береді. Әрбір сахнаға шығу – актер үшін үлкен емтихан. Сол арқылы өзіңнің әлсіз тұстарыңды байқап, кемшілігіңді түзеп, өнеріңді дамыта түсесің. Алайда Атырау облыстық театрында қойылымдар өте аз болды. Кейде бір айда екі-үш спектакль ғана, ал кей кездері екі айда бір рет сахнаға шығатын. Сахна тәжірибесін жинақтау мүмкіндігі аз болған соң Қызылорда театрына ауыстым. Міне, осы кезең актер ретінде қалыптасуыма үлкен әсер етті.
Сол кездегі театр режиссері Ерғали Оразымбетовтің қойылымдарында ойнап, көп тәжірибе жинадым. Театрдағы аға буын актерлердің ақыл-кеңесі маған үлкен мектеп еді. Кейін өзім де өнер мектебінде ұстаздық еткенде, нағыз ұстаз шәкіртінен ешқашан білімін аямайтынын түсіндім. Сол сияқты режиссерлер де актерге өз білгенін толық үйретуге тырысады. Кей кезде актер ретінде біз оны бірден қабылдай бермейміз, бірақ уақыт өте келе сол сөздердің құндылығын түсінеміз. Ерғали Оразымбетовтен де көп нәрсе үйреніп, оның қойылымдарында өзімді жақсы қырымнан көрсетуге тырыстым, – дейді Аманжол Молдахмет.
Талантты әртіс өнерден кетіп, ұстаздық еткен кезі де болған. Оның айтуынша, Қызылорда театрында еңбетіп жүріп бір жылдан кейін Алматыға оралып, Мұхтар Әуезов театры мен Жастар театрына жұмыс істемек болған. Алайда ол жақта орын болмағандықтан №147 мектеп-гимназиясында драма үйірмесін жүргізіп, түрлі жұмысты атқарған.
– Уақыт өте келе Астанадағы Қалибек Қуанышбаев театры Алматыға гастрольдік сапармен келді. Театрда бірге оқыған достарым – Мейрам Қайсанов пен Асқат Сұлтан менімен кездесіп, жағдайымды сұрады. Әңгіме барысында олар: «Сен кезінде өте талантты студент едің. Гамлеттің монологын оқып, жоғары баға алғансың. Сен театрға керек адамсың, біз саған қолдау көрсетеміз, Астанаға кел» деп ұсыныс айтты. Бастапқыда қатты ойландым. «Жаңа орта мені қабылдай ма? Ол жерде ешкімді танымаймын. Театр маған мүмкіндік бере ме?» деген қорқыныш болды.
Ойланып жүргенімде бірде түсімде өмірден өткен әкемді көріп, оған Астанаға кететінімді айтып жаттым. Кейін тағы бір түсімде Қазақстанның халық әртісі, әйгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов мені театрға жұмысқа қабылдап жатыр деймін. Осыны жақсылыққа жорып, жұбайыммен ақылдасып, Астанаға келуді шештім. Шынында да, бәрі түсімдегідей болды – мені театрға қабылдады. Бірақ жаңа ортаға бейімделу оңай болған жоқ. Әріптестер арасындағы қарым-қатынас, өзімнің кейбір салғырттығым, жұмыстағы тәжірибемнің аздығынан қиындығым да аз болмады. Ол кезде отбасым басқа қалада, ал мен Мейрам досымның үйінде тұрып жүрдім. Қаржылық қиындық та болды. Сол кезде мен шынайы достықтың қадірін түсініп, Мейрамның жасаған жақсылығы мәңгі жадымда қалды.
Алты ай жұмыс істегеннен кейін театрда қысқарту болады, мені жұмыстан шығарады деген әңгімелер естіле бастады. Басшылық тікелей айтпағанымен, мен де өз-өзіме күмәнмен қарай бастадым. Арада уақыт өтіп, театрдағы жағдай күрделене түсті. Ақырында мені жұмыстан босатылдым. Ол кезде отбасымды Астанаға көшіріп, Мейрам досымның үйін паналадық.
Көркемдік жетекшіміз Әзірбайжан Мәмбетовке баруға қорқып, бір аптадай батылым жетпей жүрді. Содан бар батылымды жинап, Әзірбайжан Мәмбетовтің алдына кірдім. Ол кісі: «Иә, сенің қолыңнан келмейді деп, жұмыстан шығарайын деп жатырмыз» дегенде мен «Сіздер менің талантымды әлі толық көрген жоқсыздар. Маған тағы бір мүмкіндік беріңіздер» дедім.
Осы сөзден кейін Әзірбайжан ағамыз директорды шақырып: «Ертең спектакль дайындаңдар, мен өзім көремін» деп тапсырды. Келесі күні бүкіл ұжым жиналып, арнайы менің өнерімді көруге келді. Ойнап тұрған кезде Әзірбайжан ағамыздың көзін жұмып отырғанын көріп, «маған көңілі толмады-ау» деп ойладым. Қойылым аяқталған соң зал босап, сахнада жалғыз қалдым. Сол кезде режиссер Болат Ұзақов құжатқа қол қою үшін келген еді. Әзірбайжан Мәмбетов өнерімді жоғары бағалап: «Бұл актердің қалай жақсы ойнайтынын көрдіңдер ме? Сендер мұны жұмыстан шығармақ болдыңдар» депті. Осылайша театрда қалып, өнер жолымды жалғастыруға мүмкіндік алдым, – деген актер бүгінде Қалибек Қуанышбаев атындағы театрда қызмет еткенін 25 жылдың жүзі болған.
Аманжол Молдахмет осы жылдар ішінде үлкенді-кішілі көптеген рөлдерді сомдаған. Әртіс ретінде өзі рөлдің үлкені немесе кішісі деп бөлмеген. Керісінше, әрбір кейіпкердің өз орны, өз тағдыры бар деп санаған. Сондықтан өзіне берілген әр рөлді ерекше жауапкершілікпен қабылдап, қолдан келгенше алып шығуға тырысқан.
– Бүгінде сол түсімдегі зәулім театрда еңбек етіп жүрмін. Кейде осы сарайдың ішінде жүріп, оның әсемдігіне, осы жерге жету үшін қаншама адамның еңбек еткеніне таңғаламын. Бұл сахнада жүру – әрбір өнер адамына бұйыра бермейтін үлкен бақыт.
Осында көптеген айтулы тұлғалардың, мемлекет басшыларының, министрлердің алдында спектакльдерде өнер көрсеттім. Өнердің арқасында әлемнің көптеген қалаларына гастрольдік сапармен барып, түрлі өнер сүйер қауымның алдында өнер көрсету бақыты бұйырды. Халықтың алғысы мен қошеметін естіп, өнердің ең үлкен бақытын сезіндік. Сондықтан бұл театр мен үшін жай ғана жұмыс орны емес, тұтас өмірімнің үлкен бір бөлшегі.
Артқа қарасам, өмірімдегі әрбір қиындық, әрбір сынақ мені шыңдап, үлкен сахнаға алып келгенін түсінемін. Ең бастысы – адам өз арманына сеніп, еңбектенуден ешқашан тоқтамауы керек. Құдай қаласа, осы театрдан зейнет жасына шығуды армандаймын, – дейді Аманжол Молдахмет.
