Сеулге мемлекеттік сапармен барған Қазақстан Президентін Корея Республикасы Президентінің резиденциясында салтанатты түрде қарсы алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ли Чжэ Мёң бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды. Содан кейін президенттер келіссөз залына барды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасына сапармен келуге шақырғаны үшін Ли Чжэ Мёңге ризашылығын білдірді.
– Корея Республикасы Қазақстанның стратегиялық серіктесі саналады. Халықтарымызды ертеден берік достық пен өзара түсіністік, тығыз мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас байланыстырады. Елдеріміздің арасында тек достық орнаған, ешқандай дау жоқ. Алдымыздағы мақсат – екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту. Бүгін таңертең жақсы бизнес-форум өтті. Менімен бірге Кореяға үлкен бизнес делегация келді. Әртүрлі салада өте тартымды жобалар жүзеге асырылуда. Жоспарымыз да өте мықты. Оның ішінде Alatau City жобасын одан әрі дамыту мәселесін жіті талқыладық. Бұл – шын мәнінде өте қажетті және маңызды жоба. Біз оған үлкен мән береміз. Қала мәртебесіне қатысты ережелерді Конституциямызға енгіздік. Заң тұрғысынан корейлік компанияларға барлық кепілдік беріледі. Қазақстанда корей ұлтының 120 мыңнан астам өкілі тұрады. Оларға барлық жағдай жасалған, корей диаспорасы – қоғамымыздың белсенді мүшелері, – деді Президент.
Мемлекет басшысы корей генералы Хон Бом Доға арнайы тоқталды.
– Хон Бом Доның тарихымен жақсы таныспын. Ол – нағыз қаһарман, отансүйгіш тұлға. Оны жадымызда сақтау үшін өзара парасатты іс атқардық деп айтуға негіз бар. Бұл оқиғаға жүз жылдан аса уақыт өтіп кетсе де, корей халқы өз генералын ұмытпағаны таңғаларлық жайт. Батырды есте қалдыру үшін оның сүйегін отанына қайтарып, азаматтық парызымызды орындадық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент екі елдің түрлі бағыттағы ықпалдастығының қазіргі жай-күйі мен келешегін жоғары бағалады.
– Екіжақты қарым-қатынасқа тоқталсақ, сапар барысында 19 миллиард долларды құрайтын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Корей инвесторларының жұмысына көңіліміз толады, алдағы уақытта да осы бағыттағы байланыстарды жалғастырамыз. Қонақүй, мұнай өңдеу зауытын салу және қала құрылысы бойынша жақсы жоспарларымыз бар. Әсіресе, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ден қоямыз, – деді Мемлекет басшысы.
Корея Республикасының Президенті Қазақстан басшысына ілтипат білдіріп, оның Сеулге жасаған сапарына айрықша мән беретінін атап өтті.
– Корея тарихында айрықша орны бар және қиын-қыстау кезеңде халқына қорған болған генерал Хон Бом Доның сүйегін қайтару жөнінде шешім қабылдағаныңызға алғыс айтамын. Қазақ халқы кезінде жер аударылған корейлерге пана болды. Осы орайда Сізге және қазақ халқына ризашылығымызды білдіреміз, – деді Ли Чжэ Мёң.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ли Чжэ Мёң кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары ресми делегация мүшелерінің қатысуымен өткен жоғары деңгейдегі келіссөздермен жалғасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастық бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатқанына назар аударды.
– Былтыр телефон арқылы алғаш рет сұхбаттасып, өзара сенім мен достыққа негізделген стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға келіскен болатынбыз. Ал бүгін екіжақты қарым-қатынасымызды болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру жөнінде маңызды уағдаластыққа қол жеткіздік. Қарым-қатынасымыздың әр саласында жақсы нәтижелер бар. Осы уақытқа дейін Корея Қазақстан экономикасына 12 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Кореяның әлемге танымал компаниялары Қазақстан нарығында ойдағыдай жұмыс істеп жатыр. Біз оларға барлық жағдайды жасап отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланысы да жылдан-жылға нығая түсуде.
– Былтыр Қазақстанға 51 мыңға жуық корей азаматы сапармен келді. Бұған екі мемлекет арасындағы тікелей әуе қатынасының қарқынды дамуы айтарлықтай ықпал етуде. Арамызда ірі жоба пайда болды. Ол – Алатау қаласының құрылысы. Бүгін біз Алатау қаласында Кореяның KAIST институтының филиалын ашу туралы келісімге қол қоямыз. Бұл қадам білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастығымызды тереңдетуге тың серпін береді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Сеулдің халықаралық аренадағы ықпалдастығына жоғары баға берді.
Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёң екі елдің сыртқы саясаттағы бағдары ұқсас екенін мәлімдеп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бейіл екенін растады.
– Корея Республикасы мен Қазақстан сыртқы саясаттағы ынтымақтастық аясын кеңейтіп, ұлттық мүдде мен нақты нәтижеге бағдарланған прагматикалық дипломатия ұстанады. Қазақстан – біздің экономикалық қауіпсіздік саласындағы маңызды серіктесіміз. Сіздің еліңіз тек энергетикалық және табиғи ресурстарға ғана бай емес, келешегі зор жоғары технологиялық салаларда да зор әлеуетке ие, – деді Корея Президенті.
Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы сыртқы істер министрлері болашаққа бағдарланған қазақ-корей қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктeстік деңгейіне дейін көтеру туралы вербальді ноталар алмасты. Бұдан бөлек, мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегация мүшелері мынадай үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар алмасты.
